«Мейірімділік шапағаты»: бір адам жаққан отқа мың адам жылынады

725

0

 Адами қасиеттердің ең қадірлісі – қайырымдылық. Ал оны жасау  үлкенін сыйлаған, қариясын қастерлеген, жетімін жылатпаған қазақ халқына тән қасиет екеніне ешкімнің таласы жоқ.

Кеше «Азаматтық Альянс» қауымдастығы және «Qyzylorda» телеарнасының ұйымдастыруымен тікелей эфирде «Мейірімділік шапағаты» қайырымдылық телемарафоны өтті. Оған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, Қызылорда қаласының  әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, басқарма басшылары және “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының, этно-мәдени бірлестіктер мен ҮЕҰ мүшелері қатысты.

Шара Алматы маңында ұшақ апатынан орын алған қайғылы оқиғадан қаза тапқандарды 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мұнан соң аймақ басшысы сөз алып, қайырымдылық  шарасының маңызына тоқ­талды.

– Құлағанның қолтығынан де­меп, сүрінгенге сүйеніш болу – халқымыздың қанына біт­кен асыл қасиеттердің бірі. Қамқорлықты қажет ете­­тін жандарға қол ұшын беру ар­қы­лы адамзат баласы жақ­сы­лыққа қадам бастайды. Адам­ның бірі – жылы сөзге, бірі – мейірімге мұқтаж болса, енді бірі – өзгелердің көмегіне зәру. Бір ай бойы  «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, «Азаматтық Альянс» қауым­дастығы «Мейірімділік ша­пағаты» қайырымдылық шара­сының өтуіне ұйытқы болуда. Бұл Сыр азаматтарының ынтымағы мен ауызбірлігін, ақ жүрегі мен дархан көңілін көрсетсе керек, – деді облыс әкімі.

Мейірімділік – ізгіліктің жолы. Риясыз жасал­ған жақ­сылық – биік адамгер­ші­ліктің белгісі. Бүгінгі шара аясында жомарт жүрек азаматтардың тікелей қол­дауымен қала бо­йынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған, асыраушысынан айырылған, қарттар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы, мүгедек және тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік түрінде көмек көр­се­тілді. Осы шара барысында облыстың мемлекеттік қыз­мет­керлері мен жекелеген азамат­тар өздерінің бір күндік жал­ақысын аударып, 4 млн теңгеден аса қаржылай көмек берді.

– 2013 жылдан бері көп­ба­лалы және аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы грантын тағайындап келеміз, бүгінгі күні мыңнан аса мектеп түлегі грант иегері атанды. Апатты жағдайдағы үйлер мен жатақханаларда тұрып келген отбасыларды жаңадан салған үйлерге қоныстандыру үрдісімізге айналды. Қызылорда облысы әлеуметтік салаға қаржы бөлуден аймақтар арасында көш бастап тұр, – деді облыс басшысы.

Өңірде мұқтаж адамдарға қолдау көрсету шараларын күшейту мақсатында жыл басында көпбалалы және аз қам­тылған отбасыларға қосымша қолдау шараларын ұсыну үшін «2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік жол картасы» қабылданды. Жол картасы аясында табысты арттыру және халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту, сондай-ақ, өңірлерді кешенді дамыту бағытындағы ауқымды іс-шаралар көзделіп, 42 млрд теңге бюджеттен бөлінген. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері ұлғайтылып, барлығы 31 мыңнан астам отбасыға 20 млрд теңгеге жуық жәрдем көрсетілді.

«Мейірімділік шапағаты» телемарафоны «Qyzylorda» телеарнасында  да өтті. Телеарна арқылы көрерменге тікелей эфирде өткен шараға аймақтағы түрлі мекемелер мен кәсіпорын өкілдері қатысып, қолдарынан келген көмегін аянып қалмады.

– Бұл шараға қаншама қа­тысушы қол ұшын созып жатыр. Бүгін мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетті. Шиелі ауданында да осындай игі іс жасалды. Барлық ау­­дан­дар қамтылады деген ойдамыз, – дейді облыстық «Аза­маттық Альянс» қауым­дас­­тығының жетекшісі Сапура Әбдірахимова.

«Сыр мейірімі» әлеуметтік-қоғамдық қоры қолға алған бас­тама біраз жанға қозғау салды. Көпшілік мұқтаж жандарға азық-түліктей, қаржылай қолдау көрсетуде. Белсенділік танытқан мекемелер қатарында «Абай-Дәулет» серіктестігі, «Best-Сервис ЛТД» ЖШС, «Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» облыстық филиалы бар. Сондай-ақ, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төр­айымы Алмагүл Божанова, ар­да­герлер Р.Көзденова, А.Жұмабаев, Ә.Әмірғалиев, Г.Әбу­бәкірқызы телеарна ар­қы­лы тікелей эфирде қайы­рым­дылық турасында сұхбат өр­бітті. Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір де шараға қатысып, өз пікірін білдірді.

– Бір-бірімізді қолдайтын, демеу көрсететін жағдайымыз бар. Ал қайырымдылық деге­ніңіз қазақтың табиғатында бар ұғым: ол қазақтың жанында бар, жүрегінде бар, дәстүрінде бар. Сондықтан атадан балаға мирас болып қалған осы ұлы дәстүрді жалғап, бірлігімізді көрсететінімізге сенімім кәміл, – деді Ә.Бәкір.

Бүгінде республикада осы бағытта «Ел үлесі – пәтерге» жобасы жүзеге асып келеді. Нәтижесінде жүздеген жан жаңа пәтерге қол жеткізді. Теле­марафонға қатысқан «Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаевтың ай­туынша, бұл бастамаға Сыр халқы да белсенді атсалысуда.

– Акция аясында жыл басынан 117 баспана мұқтаж жандарға табысталса, оның ішінде 16 отбасы – қы­зылордалық. Тек облыс орта­лығын ғана емес, аудандарды да, елді мекендерді де қамтыдық. Жерлестеріміз игі істерден шет қалып жатқан жоқ әрі азық-түлік табыстаумен шектелмеді. Бізді осы қуантады, – дейді Қ.Отызбаев.

Айта кетейік, мұқтаж жанға мейірім мен шапағат сыйлаған шуақты шара 29 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

Дәулет Қырдан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<