Мораторий: Жасырын табысқа жол жоқ

330

0

Шағын және микробизнестерге тексеруді азайту мақсатында жасалған үш жылдық мораторий жыл басталысымен күшіне енді. Ендігі жерде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлікті тексеруді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізе алмайды. Бұл – елімізде шағын кәсіпкерліктің дамуына жол ашуда. Сондай-ақ, бизнесті оңтайлы жүргізуге және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беретін болады.

– Арнаулы салық режим­дерін қолданатын және микрокәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылатын тұлғалар, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер үш жыл мерзімге кірістен салық төлеуден босатылады. Салық Кодексінің 686, 687, 695, 700-баптарына сәйкес есептелген корпоративтік (жеке) табыс салығының сомасын (төлем көзінен ұсталатыннан басқа), 687-бапқа сәйкес есептелген әлеуметтік салық сомасын, сондай-ақ, 704-бапта есептелген бірыңғай жер салығының сомасын 100 процентке азайтады. Президенттің бұл Жарлығы ел экономикасының дамуында микро және шағын бизнес субъектілерінің үлес салма­ғының едәуір ұлғаюына жасалынып отыр­ған шара деп ойлаймын, – дейді облыс бойынша мем­лекет­тік кірістер депар­тамен­тінің бас­қар­ма басшысы Гүлнар Исаева.

Айта кету керек, мораторий жарияланғанымен, егер кәсіпкерлік субъектілері тара­пынан халықтың өмірі мен ден­саулығына, қоршаған ортаға және қоғамдық тәртіпке немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін бұзушылықтар орын алса, сондай-ақ, еліміздің заңна­масында белгіленген талаптарды бұзу фактілерінің себебін анықтау мақсатында нақты кәсіпкерлік субъектісіне қатысты бір жос­пардан тыс тексеру жеткіліксіз болған жағдайда тексерулер орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі негізінде жүргізілетін болады.

– Бұл жерде ең алдымен микрокәсіпкер мен шағын кәсіп­кердің кім екенін анық­тап алған жөн. Мәселен, микрокәсіпкер дегеніміз – жұмыскерлерінің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30000 еселенген мөлшерінен, яғни, 79,5 млн теңгеден аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне заңды тұлға құрмаған жеке кәсіпкерлер және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 100 адамнан аспайтын, жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген әрі тиісті қаржы жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300000 еселенген мөлшерінен, яғни 795 млн теңгеден аспайтын, кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар жатады. Осы тұлғалар ғана мораторийге қатыса алады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Салават Құлмахан.

Жалпы Жарлық бойынша өз қызметіне қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері негі­зінде, оның ішінде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы заңға сәйкес рұқсат алуға арналған өті­ніш бойынша тексерулер және профи­лактикалық бақылауды жүр­гізу өз күшінде қалды. Сонымен қатар, 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодексте көзделген негіздер бойынша тексерулер, Президенттің және Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша прокуратура органдарының тексерулері, кедендік, қарсы салықтық тексерулер, салық төлеуші мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуды айқындау, салық органдарында тіркеу есебіне қою, касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы шығарған өкімдерді орындау мәселелері бойынша тақырыптық салықтық тексерулер, халықтың санитарлық-эпи­­­де­миологиялық саламат­ты­лығы саласында өнім қауіп­­­сіз­­дігінің мониторингін жүзе­ге асыру үшін өнімді ірік­теу және оған санитарлық-эпиде­миологиялық сараптама жасау мақсатындағы профилактикалық қадағалау жасауға мораторий қолданылмайды.

Қалай десек те, бұл мораторий кәсіпкерліктің нығаюына өз әсерін тигізу керек. Кәсіпкерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруден үш жылға босатуының өзі бизнеске үлкен көмек екенін айтады. 

– Өткен жылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізу арқылы Байқоңыр қаласынан қазақ тілді балабақша аштым. Көп ізденіп, үлкен еңбекпен жеттім. ұзамай Президенттің мораторий жариялау туралы шешімі шықты. Шағын кәсіпкерлікті енді ғана қолға алған біз секілді кәсіпкерлер үшін бұл жақсы мүмкіндік болып тұр. Үш жылдың ішінде аяққа тұрып, мамандарым да тәжірибе жинақтап алады деген ойдамын, – дейді жеке кәсіпкер Индира Төлебекова.

Бүгінде шағын және орта кәсіп иелерін салықтан толықтай босатқан жаңа са­лық кодексіне сәйкес кәсіп иелеріне бір ғана талап қо­йылып отыр. Олар онлайн кассалық аппаратты қолдануы керек. Бұл көлеңкелі бизнестің алдын алу үшін қажет дейді мамандар. 

– Микро және шағын бизнес субъектілері мораторий кезінде мемлекеттік кірістер органдарына тапсырылатын салық есептіліктерінде салық сомасы көрсетілмегенмен, табыстарын көрсетуі қажет, – дейді Гүлнар Исаева ендігі кезекте.

Сонымен қатар, сатып алу­шыға чек бермеу, табы­сын жасыру, т.б заңнама та­лап­тарын орындамаған жағ­­­дайда камералдық бақы­лау, салықтық тексерулер жүр­гізілетіндігін де ескеру қажет.

Облыс бойынша Мемле­кеттік кіріс­тер департаменті кіріс көздерін толтыру, көлеңкелі эконо­микамен күресу және мем­лекетіміздің эконо­микалық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында бизнес субъек­тілерінің мүд­делерін қорғай отырып, салық төлеушілерге заңдылықтарды түсіндіру, кә­сіпкерлік субъек­тілерінің салықтық мәдениетін қа­лыптастыру бағытында жұ­мыстар атқаруда.

Жалпы елімізде бизнеске бағытталған мораторий бұған дейін үш рет жарияланған. Ең алғашқы мароторий 2003 жылы қабылданған болатын. Арада 5 жыл өткенде, яғни 2008 жылы, одан кейін 2014 жылы жарияланды. Төртінші мораторийдің ерекшелігі – 3 жылға қабылданғандығында. Аз уақыт емес, десе де, бәсе­кеге сай, нарықтан тұ­рақты орын алуға жет­кілікті мерзім. Сондықтан кәсіпкерлер бұл уақытты барынша тиімді пайдаланып, мүмкіндікті жіберіп алмауы қажет.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<