Науқастардың жағдайын сұрады

306

0

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бас­тап, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова және облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының басшысы «Құмкөл-Қызылорда» автожолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен азаматтардың жағдайын білу үшін облыстық медицина орталығы мен қалалық ауруханаға барды.

Осыған дейін облыс әкімі «facebоok» парақшасында «Құмкөл-Қызылорда» автожолында болған жол-көлік оқи­ға­сында қаза тапқандардың туған-туысқандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бұл – ешкімді бейжай қалдырмаған қайғылы оқиға болды…» деп жазды.

Айта кету керек, кеше «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт алған автобус жол апатына ұшырады. Көліктің ішінде 36 жолаушы болған. Облыстық көпбейінді ауруханаға 18 азамат түрлі дене жарақатымен жеткізілсе, бүгінде 6 адамның жағдайы ауыр. 5 науқас мамандандырылған бөлімшеде ем алуда, ал қалған адамдарға қажетті ем шаралары көрсетіліп, үйіне қайтарылған. Қалалық ауруханаға 6 адам жеткізілген. Олардың біріне ота жасалған, дәрігерлердің ай­туынша ота  ойдағыдай өткен. 

– Қазір 2 науқас жансақтау бөлімінде болса, 2 науқас травматологиялық бөлімде. Ал, 2 адам амбулаторлық емдеуге шығарылды. Олар әрі қарай емді емханада жалғастыратын болады, – деді қалалық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлеген.

Барлық науқастардың жағдайын арнайы сұрастырған аймақ басшысы оларға тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Біздің тарапымыздан қа­жет­ті көмек көрсетілетін болады. Емдеу шаралары толықтай жасалады. Күш-жігерлеріңізді жазылуға жұмсаңыздар. Тез са­уы­­ғып, отбастарыңызға аман-есен оралуларыңызға ті­лек­­теспіз, – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.

Сондай-ақ, облыс басшысы 21 қараша күні Назарбаев даңғылында болған жол-көлік оқиғасында зардап шеккен және «Бәйтерек» шағын ауданындағы тұрғын үйде болған газ жарылысында жарақаттанған нау­қастардың да жағдайын сұрады.  

Сала мамандарының ай­туынша, науқастарға тиісті медициналық көмек көр­се­тілуде, қажетті дәрі-дәрмек толығымен қамтамасыз етілген.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<