ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ЕЛ ТҰТҚАСЫ

802

0

Уығы берік, керегесі кең, шаңырағы биік, бақытты отбасы – мемлекет дамуының алғышарты. Сондықтан да, Елбасы бас­тамасымен елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы тұрақты өткізілуде. Байқаудың қалалық, облыстық, республикалық іріктеуіне қатысқан үміткерлер өздерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік және ғылым жолындағы жоғары жетістіктерін танытуда. 

Жуырда осы байқаудың респу­бли­калық кезеңінен жерлестеріміз жүл­демен оралды. Отасқандарына 62 жыл болған шиелілік Ишанқұловтар отбасы дипломант атанып, марапат төрінен табылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жеңімпаз отбасымен арнайы кездесіп, олар­ға «Нива-Шевроле» автокөлігінің кіл­тін табыстады.

– Қазақ халқы  қашанда  отбасын қа­сиет­ті шаңырақ ретінде бағалап, зор маңыз беріп, көзінің қарашығындай қорғаған. Отбасының ар-намысын сақтауға, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген. Осындай дәстүрлі құндылықтар қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде ерекше сақталуы заңдылық деп ойлаймыз. Отбасы алтын ұя, киелі шаңырақ болса, сол шаңырақтың мұра­гері, ұрпақ жалғасы балалар болып табылады. Балаларының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп тәрбиелеп отыр­ған Сыр елінің сіздер сияқты өнегелі отбасыларына айтар алғысымыз шексіз, – деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында Еңбекші ауы­лының тұрғыны, отағасы Ерғали Ишан­құлов Елбасы мен өңір басшысына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Елімізде «Мерейлі отбасы» бай­қауын ұйымдастыруға бастама көтерген Елбасыға, сіздерге  айтар алғысымыз шексіз. Бұл – тәрбиелік мәні бар байқау. Ұлағатты отбасыны халыққа, елге танытып, үлгі етіп, сол арқылы жас ұрпаққа тәрбие беруде оның маңызы зор, – деді Ерғали аға.

Үлкен әулеттің анасы Бахира Камар­дин­қызының айтуынша, бірінші орын­ға үй ішіндегі тату тірлік пен кіші­пейіл­ділікте жатыр. Сонда ғана бақыттың шыңына жетуге болады. Бүгінгі айрандай ұйып отырған Ишанқұловтар отбасы соның дәлелі. Мәуелі бәйтеректің саясында 61 немере, 46 шөбере, 1 шөпшек бар. Отағасы ұзақ уақыт агроөнеркәсіп саласында қызмет еткендіктен, балаларының көбі де осы да салаға бет бұрған. Қазір олар атакәсіпті жалғастырып, мал шаруашылығымен айналысып келеді.

Айта кетейік, биыл байқау ережесіне сәйкес ұлттық кезеңге қатысуға облыстан бас жүлде алған Бәйменовтер мен бірінші жүлделі Ишанқұловтар отбасы ұсынылған. Нәтижесінде жоғарыда аталған Ишанқұловтар отбасы байқаудың дипломанты атанды. Бұдан бөлек, алғаш рет Астана қаласының 20 жылдығына және  республикалық конкурсқа 5 жыл толуына орай гран-приден бөлек 2 отбасына жүлделер табысталды.

Суретті түсірген Н.Нұржаубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<