Нысандарды жаңғырту жұмысы жалғасады

810

0

Кеше Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келді. Алдымен министр мен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қызылорда» электр тарату тораптары» акционерлік қоғамына барып, жұмысымен танысты.

Аймаққа электр энергиясын беру және таратумен айналысатын компания 1964 жылы іске қосылған. Облыс бойынша электр жүйесі желілерінің ұзындығы 10 046,3 шақырымды құраса, оның ішінде әуе желілері – 9924, 4 км, кабельдік желілер – 121,9 км. Бүгінде электр желілері мен жабдықтарының 72 процентінің тозығы жеткен. 1837 трансформаторлық қосалқы станцияның басым бөлігінің салынғанына да 25 жыл болған.

Жарық тарату, электр жүйесінің желісіне жүргізілетін жаңғырту жұмыс­тарымен компанияның басқарма төр­ағасы Мұхитжан Кәрімбаев таныстырды.

– 2021-2026 жылдарға арнап 6 жыл­дық тарифқа өтініш бердік. 14700 есептегіш ауыстырамыз. Ке­лесі жылы қалалық 4 подстанцияға жаңарту жұмыстары басталады, – деді М.Кәрімбаев.

Компанияның тарихымен танысқан министр мен аймақ басшысы ғимарат ішіндегі шағын музейді де аралады.

***

Мұнан соң министр мен облыс әкімі «Қызылордажылуэлектрорталығы» мем­ле­кеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысын көрді. Мекеме тарихы 1964 жылдан басталады. Алғашында шағын цех болып, кейіннен қала аумағының өсуіне байланысты бірнеше кезеңмен үлкейтілген кәсіпорын қазір қаланы жылумен қамтуда жетекші рөл атқарып тұр. Мұндағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 186,8 шақырымды құрайды.

– Мекеме «Оңтүстік» бу қазандығы және әр шағын аудандағы автономды-модульдік қазандығынан құралып, орталықтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Бүгінде кестеге сәйкес барлық жерге жылу берілген. Күнделікті ауа райына сәйкес барлық жылу нысанындағы температураны қалыпты ұстаймыз. Кәсіпорындағы қондырғылар жылдағы жөндеу жұмыстары арқылы жаңарып отырады. Әу баста бу қазандықтарына көмір жақсақ, кейіннен мазут отыны, қазір газды пайдаланып отырмыз.

Келешекте осы орталық қызметін екі кезеңге бөле отырып, қайта толық жаңарту жұмыстары жоспарлануда. Көп қондырғылардың пайдалану уақыты бітуге таяу, ескірген жабдықтар да баршылық. Сондай-ақ қала ішіне жылу беретін қосымша су қазандықтарын да салдыру мүмкіндігін қарастырудамыз, – деді орталық директоры Наурыз Сатқанов.

Орталық қызметін аралау барысында облыс басшысы министрге қос нысанды жаңғырту бойынша ұсыныстарын жеткізді.

***

ҚР Энергетика министрінің өңірдегі жұмыс сапары Қармақшы ауданында жалғасты. Жосалы кентіндегі қайта жаңартудан өткен  «Жосалы» ҚС-220-35/10 кВ электр станциясының жұмысымен танысты.

«Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында аудандағы электр желілері мен қосалқы станцияларды жаңартудың 3 жобасы аяқталып, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында іске қосылуда.

– Аталған станция – бүкіл Қар­мақшы ауданын электр энергиясымен қамта­масыз ететін бас қосалқы станция. Ол 1960 жылы пайдалануға берілген. Сонан бері жөндеу көрмеген. Қайта жаңарту барысында  заманауи стандарттарға сәйкес келетін қондырғылармен жарақ­тандырылды. Нәтижесінде аудан тұрғындары сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілетін болады, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов.

Жалпы кенттегі электр станциясының жөндеу жұмыстары былтыр қыркүйек айында басталған. Жоба құны 1,701 млн теңгені құрайды. Жаңарту жұмыстары барысында қуаты 25 МВА 220/35/10 кВ және 6,3 МВА 35/10 кВ трансформаторлары орнатылып, тарату құрылғысы салынған. Сонымен бірге сыртқы қондырғыларға арналған ашық тарату құрылғысы орнатылуда.

Сондай-ақ  3 аудан орталығын  газдандыру жұмысы да таныстырылды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасы басшысының айтуынша, 2019-2020 жылдары Жосалы, Тереңөзек және Жалағаш кенттерін газдандыру басталған болатын. Соның ішінде Қармақшы ауданы Жосалы кентін газдандыру бойынша жұмыстың 95 проценті орындалған. Жыл аяғында іске қосу жоспарланған. Қазіргі кезде автоматты газ тарату станциясын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру аяқталған соң кенттің ішкі газ құбырын қабылдап, газ беруді бастайды.

Министр сонымен қатар Төретам кентіндегі «Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің 6-10/0, 4 кВ электр желілерін кеңейту және қайта жаңарту», «Төретам кентінің 35/10 №22 қосалқы станциясын кеңейту және қайта жаңарту» жобаларымен танысты. 

Бірінші жоба бойынша 96 шақы­рымнан астам электр желісі жаңартылып, Төретам кенті мен Ақай ауылына қуаты әртүрлі жиынтық-трансформаторлық қосалқы станциялардың 33 бірлігін орнату жұмыстары жүргізілді. Ал екінші жобаны жүзеге асыру барысында электр-газды ажыратқыштар қайта жаңартылып, трансформатор мен вакуумдық ажыратқыштар және микропроцессорлық қорғанысы бар РУ-6 кВ орнына екі секциялы шиналар орнатылған.

Мамандар бұл жобаларды іске асыру энергия тұтыну режимдерін оңтайландыруға, заманауи жабдықтарды қолдану мен жаңа технологияларды енгізу есебінен электр энергиясының ысырабын азайтуға ықпал ететінін, сондай-ақ 18304 тұтынушының сапалы электрмен үздіксіз қамтылатынын айтады.

 Білуімізше, келер жылдан бастап Қазалы қаласын, Қармақшы ауданының Төретам және Ақай елді мекендерін, Арал ауданының Сексеуіл кентін, Қызылорда қаласындағы Наурыз және Махамбет елді мекендерін газбен жабдықтау жобаларын іске асыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізетін болады.

Н.Ноғаев  Байқоңыр қаласындағы «Байқоңырэнерго» өндірістік-энер­гетикалық бірлестігі» мемлекеттік біртұтас кәсіпорнының қызметімен, сондай-ақ ЖЭС-ті табиғи газға көшіру жөніндегі жұмыс барысын да көрді.

Жылу электрстанциясы Қазақстан Республикасының меншігінде. Негізгі қызметі Байқоңыр қаласының және «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне жылу және электр энергиясын жеткізу. Белгіленген электр қуаты – 48 МВт. Станцияда қолданылатын отынды мазуттан газға ауыстырған жағдайда тариф тұрғындарға төменгі бағамен ұсынылады деген жоспар бар.

– Бүгін энергетика министрлігінің жауапты қызметкерлерімен бірге Қызылорда облысындағы отын энер­гетика кешені саласындағы меке­мелердің ахуалымен, жұмысымен таныс­тық. Жұмыс сапарында  облыс орталығындағы электр тарату компа­ниясында және жылыту орталығында болдым. Сонымен бірге Жосалы, Төре­там кентіндегі кіші станциялардың жағдайын көрдік. Байқоңыр қала­сындағы энерготаратушы және жылу өндіруші мекемелермен таныстым. Меке­мелердің барлығы өздеріне жүктелген жұмыстарды ойдағыдай ат­қаруда. Бірақ кенжелеп қалған тұстары да бар. Қызылорда жылу орталығы ескірген. Жаңасын салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Ендігі жерде осы бас­таманың  тұрғындар игілігіне айна­луына әрекет етуіміз керек, – деді министр журналистерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев айтылған ұсыныстарға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Ержан ҚОЖАС,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<