Қоршаған орта қорғаусыз қалмайды

3685

0

1972 жылы Біріккен ұлттар ұйымының қоршаған ортаны қорғау конференциясында 5 маусым – Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні болып белгіленді. Қоршаған ортаны қорғау мен адамның өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу қай кезде де басты құндылық саналады.

Осы ретте, 1992 жылы Бразилияда БҰҰ конференциясында қоршаған орта және оны дамыту жөнінде Рио-Де-Жанейро дек­ларациясы қабылданды. Қазақстан осы декларацияға қосылды. Қандай да бір мемлекеттің экологиялық ахуалы көрші елдерге өзінің кері әсерін тигізетіні белгілі. Экологиялық проблемалардың шекарасы болмайды. Мысалға айта кететін болсақ,  Арал теңізінің проблемасы  Әмудария  мен Сырдария өзендерінің жағалауында тұратын 5 миллион адамның өмір сүру деңгейі мен денсаулық жағдайына ықпал етті. Осы аймақтағы климат өзгерді, теңіз суы тұзданды, жерлердің тозуына алып келіп, аймақтағы биоалуантүрлілік жоғалды. Сондай-ақ, 1986 жылы Чер­нобыль және құпия түрде жүзеге асы­рылған Семей полигонындағы сынақ зардаптары әліге дейін халық денсаулығын сауықтыруды қажет етеді. Кешегі кеңес одағы кезіндегі  алып құрылыстардың жоба­лары олардың қоршаған ортаға қан­­шалықты кері әсері бары ешқандай  сарапталмады, нәтижесінде  экологиялық проблемаларды туындатты.

Түрлі министрлік құрамындағы таби­ғат қорғау құрылымдары табиғат қорғау шараларын принципті түрде жүргізе алмады, яғни, өздерінің басшыларына тәуелді болды. Осылайша қоғамда экологиялық алаңдаушылық пайда болды.

Осы ретте, КОКП Орталық комитеті және КСРО Министрлер кеңесінің 1988 жылдың 7 қаңтарында  №32 «Елде таби­ғатты қорғау ісін түбегейлі қайта құ­ру туралы» Жарлығы қабылданды. Жарлықтан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Табиғатты қорғау жөніндегі КСРО және республикалық мемлекеттік табиғат қорғау комитеттерін құру жөнінде шешімдері шықты.

Мұндай шешім бірінші кезекте КСРО-да экологиялық қоғамдық қозғалыстың дамуына ықпалын тигізді, мемлекет бас­шылығы теxногендік апаттардың сал­дарлары ойланбастан қабылданған жоба­лардың шешімі екенін түсіне бастады.

КСРО тарағаннан кейін де бұл құрылым оның құрамына кірген барлық мемлекеттерде сақталды. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бақылаушы органды құру туралы шешімнің кеш те болса  дұрыс қабылданғанын уақыт көрсетті.

Еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі жылдары  мемлекетіміздің алдын­да үлкен міндеттер тұрды. Қазақстан халық­аралық деңгейде қабылданған қоршаған орта және оны дамыту жөніндегі декларацияға қосылды, өзінің экологиялық саясатын қалыптастырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш  Президенті Н.Назарбаев табиғи ресурстар ел егемендігінің материалдық негізі еке­нін атап өтіп, бұл орайда болашақ ұрпақтың мүддесін ойлай отырып, тиісті заңнамаларды қабылдауды тапсырды. Осылайша ең алғаш рет 1993 жылы елімізде «Айналадағы табиғи ортаны қорғау  туралы» Заңы қабылданып, жұмыс жасай бастады.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiздерi Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жыл­­ғы 30 сәуiрдегi №2467  өкiмiмен мақұл­­данған экологиялық қауiпсiздiк тұжы­рымдамасына енгiзiлiп, онда өтпелi кезеңнiң экологиялық басымдықтары, атап айтқанда, жекешелендiрудiң экологиялық проблемалары, табиғат қорғау заңна­масының, мемлекеттiк бақылау және сараптаманың, табиғат пайдаланудың экономикалық тетiктерiнiң, қоршаған орта мониторингiнiң жүйесiн құру қажеттiлiгi мәселелерi қарастырылды.

Аталған тұжырымдаманы қабылдаған сәттен бастап Қазақстан Республикасында қоғамдық дамуда елеулi өзгерiстер бол­ды. Мәселен, мемлекет дамуының стра­тегиялық құжаттары әзiрлендi, табиғат қорғау заңнамасының негiзi құрылды, қор­шаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша бiрқатар халықаралық конвенцияларға қол қойылды, табиғат қорғау қызметiн басқару жүйесі құрылды.

Елбасы 2006 жылы 1 наурызда өзінің дәстүрлі Жолдауында  жыл соңына дейін жаңа Экологиялық кодексті қабылдауды, бұл кодекс Қазақстанның әлемдегі  бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының негізінде тұжырымдалған басымдықтарды қамту қажеттігін атап өтті. Осылайша 2007 жылдан бастап ҚР Экологиялық кодексі Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ара­сында алғашқы болып қолданысқа енгізілді.

Елімізде қабылданған «Қазақс­тан-2050» стратегиясы: елдің «жасыл» да­му жолына көшуіне негізделген эконо­миканың орнықты әрі тиімді мо­делін құрудың нақты бағдарын белгілеп берді. Құрылыс  сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажеттігіне басымдық берілген.

Жасыл экономикаға көшудің алғашқы кезеңі 2013-2020 жылдары мемлекеттің негізгі басымдығы ресурстарды пайда­лануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құруға қатысты негізгі бағыттар бойынша ұсынылған іс-шаралар болып табылады. Бұл ретте, ең бастысы, бүгінгі күні аймақтың экономикалық даму деңгейін, экологиялық жағдайды, халықтың денсаулығын  таза сумен қамсыздандыру, өңірлер үшін халықтың өмір сүру деңгейінің кешендік «жасыл» көрсеткіштерін құруды қажет етеді.

Аймақтың экономикасы негізінен аг­рар­лық секторға бағдарланған соңғы жиырмажылдықта мұнай мен газды және уран өндіру мен қайта өңдеу саласына үлкен көңіл бөлінді.

Осы отыз жыл ішінде облыс экологтары аймақтағы түрлі шаруашылық қызметтегі экологиялық проблемалардың тізімін жасақтап, олардың өз деңгейінде шешілуіне ықпалын тигізгенін айта кеткеніміз орынды болмақ.

Осындай жұмыстар нәтижесінде «ПҚҚР» АҚ электр қуатын өндіру арқылы 180 млн текше метр ілеспе газдың бейберекет жағылуын тоқтатса, «Торғай Петролеум» АҚ жылына 150 млн текше метр құрғақ газ дайындау қондырғысын іске қосты, ал «ҚуатАмлон Мұнай» ЖШС-да ілеспе газды пайдалану мүмкіншілігі болмағандықтан, газды жер қойнауына қайта айдау үшін қосымша компрессорлар орнатып, сонымен бірге электр қуатын өндіру қондырғысының қуатын арттыру жұмыстарын жүргізді. «ҚазГерМұнай» ЖШС ілеспе газды өңдеу қондырғысын орналастыру арқылы Қызылорда қаласына жылына 250 млн текше метр газ тасымалдады. Кейіннен «Ақшабұлақ» кен орнында қосымша газ өңдеу қондырғысының жобасын іске асыру арқылы қалаға 350 млн текше метр газ берілетін жағдайға жетті.

Облысымызда табиғат қорғау шара­ларының орындалуы аясында сол жылдары «АйДанМұнай» АҚ ілеспе газды өңдеуді 89,3 процентке жеткізсе, бұл көрсеткіш «ҚуатАмлонМұнай» компаниясында 99,9 проценттен асты.

Елбасы атап өткендей, ақпараттық тех­нологиялар қарыштап дамыған осы заманда IT саласын ілгерілетпесек, дамыған 30 елдің қатарынан көріну мүмкіндігі алыстайды. Өйткені, өрке­ниетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан жылға жақсартып келеді.

Жалпы, Қазақстанда ақпараттық тех­нологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталғанын айта кету керек. Солардың қатарында қоршаған ортаны қорғау саласын қамтитын «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағ­дар­ламасы бар.

Аталған бағдарламада қарастырылған нысаналы көрсеткіштерге жету үшін өн­дірістік процестерді жедел басқару мақ­сатында енгізілген жүйелер арқылы қоршаған ортаға эмиссияларды қашық­тықтан бақылауды қамтамасыз ету жұмыстары ендірілуде. Мекеменің қор­шаған ортаға тигізетін әсерін бағалау үшін автоматтандырылған өндірістік эко­логиялық мониторинг нәтижесін онлайн, яғни, шынайы уақыт режимінде бақылау жүргізіледі. Яғни, қазіргі қалыптасқан тексеру объектісіне кіру арқылы тікелей тексерулер саны азаяды.

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом ком­паниясының мекемелерінде өндірістік мониторингті автоматтандыру жұмыстары бұрыннан жүргізілуде. Шиелі және Жаңақорған кентінде жергілікті жердің ра­диа­циялық фонын автоматты түрде анықтайтын электронды метеотаблолар орналастырылған (мәліметтер  автоматты түрде GPS арқылы беріледі). Сонымен қатар «Байкен-U»,  «Иіркөл», «Семізбай- U» компанияларының өндірістік аума­ғында да осындай ақпараттық таб­лолар орналастырылған. «РУ-6» ЖШС-да авто­транспорт кіреберісіндегі бақылап өткізу бекетінде гамма-сәулелерді автоматты анықтайтын жүйелер бар.

«Ақпаратты Қазақстан-2020» мем­ле­кеттік бағдарламасы бойынша өңірі­міздегі I санатты  кәсіпорындардың негізгі   ластаушы заттарды шығару көздеріне мониторинг датчиктерін орналастыру қа­жет­тілігіне сәйкес депаратаменттің 2017 жылғы 22  желтоқсандағы   №67 бұй­ры­ғымен меморандумға қол қойылып, жұмыс тобы құрылды.  Аталған шара­лардың бар­лығы қоршаған ортаны жақсартуға және қоршаған ортаға тасталынатын ластаушы заттарды азайтуға бағытталған игілікті істер болып табылады.

Экология саласы – қашанда эконо­ми­каны алға жылжытушы күш, әрі эконо­миканың негізгі діңгегі десек, бүгінгі мерекені  Сыр елінің экология саласының мамандары толымды жетістіктермен қарсы алып отыр.

Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызы зор саланы алға жылжытуда экология сала­сының білікті де білімді, іскер де қабілетті мамандары өзгелерге үлгі-өнеге болып, облыстың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық деңгейінің артуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Мезгілдің ыстық-суығына қарамастан, күні-түні жол жүріп, ел абыройы мен ризығын молайтып, өзіне жүктелген мін­детті мүлтіксіз орындап жүрген мамандар қандай мадақ-марапатқа да лайық.

Осындай еселі еңбектің нәтижесінде соңғы жылдары республика бойынша, оның ішінде Сыр өңірінде экология саласы қарқынды дамуда.

Осы орайда Қазақстан Республикасы экология саласының құрылғанына 30 жыл толу аясында Сыр елінің қоршаған ортасын қалыпты сақтап, елдің берекелі бірлігін арттыруға сүбелі үлес қосып отырған сала қызметкерлері мен ардагерлері алдағы уақытта да абыройлы істің басынан табылатынына сенім мол.

Марат ҚҰРМАНБАЕВ,

облыс бойынша экология

департаментінің басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<