ҚОШ БОЛ, ЧЕМПИОН!

512

0

Қазақ спорты орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Бірер күн бұрын 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен көлік айнасына бола қарақшылардың қолынан қаза тапты. Қазақстаннның Көк туын көкке көтерген көкөрім Олимпиада жүлдегері, әлемдік аламандардың чемпионы қайтыс болғанын естіп, бүкіл ел жұртшылығы қатты қайғыруда. Әлі күнге дейін дүниеден өткеніне сенер емес. Кеше қызылордалықтар да оқыс оқиға салдарынан ажал құшқан спортшыны «Мұз айдыны» сарайында еске алды. Еріксіз көздеріне жас алып, оның жарқын бейнесі мәңгі есте қалатынын айтып жатты.

– Қазақстан халқы, қазақ спорты ауыр қайғыға душар болды. Орны толмас қаза. «Ажал айтып келмейді» деген осы болар. 25 жасында әлемге аты әйгілі, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан спортының тарихында Олимпиададан медаль алған алғашқы спортшы Денис Тен өмірден озды. Денистің аты біздің жүрегімізден мәңгі орын алады. Ол енді қалыптасып келе жатқан жас спортшыларымызға үлгі болатын, – деді №4 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі КММ-нің директоры Алексей Ильин.

Бүгінде әлеуметтік желілер де қан жылап тұр. «Автокөліктің айнасынан емес, еліміздің айнасынан» айырылдық деп, боздап қалғандар аз емес. Қапелімде 25 жастағы талантты спортшының өмірі үзілгені көпшіліктің жанына батып, қабырғасын қайыстырғандай. Бұл хабар төрткіл дүниеге де тез тарады. Бүкіл әлемдегі жарық жұлдыздар аһ ұрып, Денисті жоқтап жатыр. Тіпті, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах та қайғырып, көңіл айтты.

Шынында, анадан арда туған арыстың бұл өмірдегі борышы мен міндеті асқақ болатын. Болмысы бөлек жан еді. «Мен Қазақпын!» деп, жымия сөйлегенінде оны өзге ұлт өкілі деп ешкім ойламайтын. Өкініштісі, біз енді Денис туралы тек өткен шақта ғана айта аламыз. Қош, Денис! Бақұл бол! Қазақ елі сені көзінің қарашығындай сақтай алмағандығына өкінеді. Қазақтың ұлттық киімін киіп, мұзайдында төрткіл дүниені тәнті қылған өнерің ешқашан ұмытылмайды! Сен мәнерлеп сырғанаудан қазақ спортының мәңгі өшпес жарық жұлдызы болып қала бересің!

 

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<