ОҢТҮСТІКТЕ СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ, СОЛТҮСТІКТЕ МҰЗ ЖАТЫР

481

0

   Наурыз келісімен Сырдарияның толғағы қысып, дария арнасы толып, тасқын қаупін тудыратын еді. Өткен жылы осы уақытта мұз көшкіні Қызылордаға жетіп, тасқынның алдын алуда үлкен ұйымдастырушылық және жанқиярлық еңбектің нәтижесінде қауіптің беті қайтты. Сеңді Сырдың соңғы тоспасы – Ақлақтан аман-есен шығарып салған едік.

Бұл жолы ауа райының енді жылынуына және кешегі жауын-шашынға байланысты оңтүстікте мұздың көбесі сөгіліп, сең қозғала бастады. Әзірге солтүстікте дария беті тұтасып, толықтай қатып жатыр. Мамандардың мәліметінше, Сырдария өзені Төменарық елді мекеніне дейін мұздан тазарған. Жалпы мұздың орташа қалыңдығы 20-60 см құрайды.

Өткен жылмен салыстырғанда биылғы дария жағдайы қалыпты деуге болады. Былтыр «Шардара»  су қоймасының арнасы толып, рекордтық су жинап, 4395 млн текше метрге жеткен еді. Соның нәтижесінде бізге қарай секундына 1280-850 текше метр су жіберілген болатын. Осындай көлемдегі су мен мұз көшкінін қауіпсіз өткізу оңай болмағаны белгілі. Бүгінгі таңда «Шардара» мен «Көксарайдағы» су көлемі өткен жылғыдан тиісінше 850-500 млн текше метрге кем екен.

Қазір «Шардара»  су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 500 текше метр су жіберілсе, оның 300 текше метрін «Көксарай» реттегіші алып отыр. Бүгінде облыс аумағына секундына 220 текше метр су келуде. Сәйкесінше, Қызылорда торабынан секундына 270 текше метр су өтіп жатыр. Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметінше, облыс көлеміндегі арналарға су жіберу жоспарға сәйкес атқарылуда. Бұл орайда «Қызылорда», «Әйтек», «Қазалы»  тораптары мен  «Ақлақ», «Көкарал» тоспаларынан судың жіберілуі өткен жылғыдан артық. Бұл жергілікті көл жүйелерін суландыруда оң әсерін тигізеді.

Қалай дегенмен де, табиғаттың тосын мінезіне тас түйін дайын болып, қауіптің алдын алу маңызды. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдалынылатын материалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 148 тонна жанар-жағар май және 409 мың дана қап сақтаулы тұрғанын айтады. Сондай-ақ, 10400 бау қамыс, 3800 дана пашын және 3600 қарабура мен басқа да қажетті материалдар қорлары жасақталған.

Қамданған қапы қалмайды. Қызылорда қаласы мен аудандарда су тасқыны кезеңінде 156 мыңға жуық адамды көшіруге арналған 83 эвакуациялық жинақтау және 104 қабылдау пункті дайындыққа келтірілген. Шұғыл қажеттіліктерге 2 тікұшақ әзір және мұз жару жұмыстарына арнайы мекемемен келісім-шарт жасалынған. Ағымдағы жылға су тасқынының алдын алу мақсатында облыс бюджетінен және атқарушы органдар резервінен тиісті қаржылар қарастырылды. Сонымен қатар, облыстың азаматтық қорғау және авариялық құтқару қызметтері күшейтілген режимге көшірілді. Жалпы, бүгінгі күнгі жағдай бойынша облыс көлемінде орналасқан елді мекендерді су басу қаупі жоқ және тұрақты бақылауға алынған.

Қыс түскелі қаңтар қысып, ақпан айылын жиған жоқ. Енді наурызда негізінен құбылмалы ауа райы күтілетін секілді. Оңтүстіктегі көршілерімізде биыл қар мен жауын-шашын көп болды. Сондықтан дарияның деңгейін бақылап, мұз көшкінін қауіпсіз өткізу және тасқынның алдын алуға тас түйін дайындық басты міндет болмақ. 

Ж.ӘБІШОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<