Ойы да, тойы да ғибрат

141

0

  Еліміздің бас газетінде жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласын қанағат сезіммен оқып шықтым.

Қазақстан Президенті мақаланың тақырыбында айтылып тұрғандай, біздің ғасырымыздағы тәуелсіз еліміздің болашақ өрісіне терең ой жібереді. Жастарымыздың ғылым игеруі және өз тілін құрметтеуі халқымызға тек қана игілік әкелетінін, қазір ақыл-оймен озатын заман екенін еске салады. Осыған орай «… Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет» – дейді Президент.

Осындай биік парасаттылықты саралай келе халқының  алға озып, білім қуып, өнер үйренуін айтумен өткен Абай феноменінің бүгінгі орнына тоқталады.

Президент мақаласында өткен жылы Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасының өткенін, оған өзінің де қатысқанын айтып өтеді. Шынында, ақын шығармаларын оқу эстафетасы бәріміздің ішкі дүниемізге ерекше сәуле түсірген керемет бастама болды.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл Ұлы Абайдың 175 жылдығына мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын еске салып, «мұның бәрі той тойлау үшін емес, ойды кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» дейді.

 Сол іс шаралардың қатарындағы Абай шығармаларын  – ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне аударылатындығы жөніндегі дерек бізді ерекше қуантты. Себебі, бұл ұлы ойшылымызды жаһан жұртына танытудағы тағы бір оңтайлы іс осы болмақ. Бұған қоса ұлы ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсірілетіндігі де ақжолтай хабар болып отыр.

Осынау дүбірлі де тағылымды шараға Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының да қосар үлесі қомақты болмақ.

Аталған мерейтой аясында республикалық ақындар айтысы,
«Көзімнің қарасы» атты облыстық вокалистер конкурсы өткізіледі.

Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық драма театрында Е.Төлеубайдың «Абай» спектаклі, Сыр елінде алғаш рет А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан үзінді қойылады.

Сонымен қатар, облыс халқының Абай әлемімен жақын танысуына жағдай жасау, қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің Қызылорда қаласына арнайы шақырумен көшпелі көрмесі ұйымдастырылады.

Ұлы ақынның асыл мұрасын насихаттау, шығармашылығы арқылы жеткен ұлттық-танымдық тәрбиені жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында облыстағы барлық мәдениет, өнер және архив мекемелері белсенді атсалысып, түрлі форматтағы іс-шаралар мен жұмыстарды жүзеге асырады. Барлық аудандарда Абай әндерінен концерттер, конкурс-байқаулар және облыс кітапханаларында тақырыптық көрмелер өткізіледі.

 Бұл игі шаралардың басты мақсаты Президентіміздің өз мақаласында айтып отырғанындай, «Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз» деген қағидаға негізделген.

Мира АБУОВА,

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама

басқармасының басшысы.