Прокуратура бизнесті қорғауда қандай жұмыстар атқарды?

895

0

Карантин кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы қадағалау жұмыстары мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске заңсыз араласуды болдырмау, аймақтағы бизнес ахуалды жақсартуға, әкімшілік кедергілерді анықтауға бағытталды.

2020 жылы облыстық прокуратура органдарымен 240 кәсіпкердің құқығы қорғалып, мемлекеттік органдардың 18 актісінің күші жойылса, 32 мемлекеттік қызметкер тәртіптік және 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.

Есепті мерзімде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау мақсатында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топтардың жұмысы күшейтілді.

Топтардың жұмысы, шағым беру тәртіптері және сенім телефондары туралы мәліметтерді прокуратураның, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан табуға болады.

Өткен жылы мобильдік топтарға кәсіпкерлерден 13 арыз-хабарлама түсіп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Мысалы, карантин мерзімінде бір ауыл әкімі тарапынан дүкендердің жұмыс істеу уақытын заңсыз шектеу фактісі анықталды. Бұл аталған факті бойынша ауыл әкімі Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 173 бабымен (лауазымды адамдардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласуы) әкімшілік жауапқа тартылды.

Облыстық прокуратураның наразылығына сәйкес облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің екі қаулысына өзгерістер енгізіліп, көптеген кәсіпкерлік субъектілеріне белгіленген жұмыс уақыты бойынша шектеулер алынып, жекелеген бизнес субъектілерінің жұмыс уақыты ұзартылды.

Жауапты мемлекеттік органдар тарапынан шешімін таппаған кәсіпкерлердің мәселесі қаралып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Мысалы, жеке кәсіпкер мемлекеттік сот орындаушысы 01.07.2019ж. өткізген аукционның қорытындысымен қала орталығынан 4 863 ш.м. жер учаскесін сатып алған. Аталған учаскеде Қызылорда қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгеріміндегі жеңіл конструкциялы футбол алаңы орналастырылуына байланысты кәсіпкер жоспарлаған құрылысын сала алмаған.

Кәсіпкер қалалық әкімдікке арызданғанымен, нәтиже болмаған. Осыған байланысты аталған мәселе облыстық прокуратурада өткізілген Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңестің отырысында қаралып, нәтижесімен футбол алаңы бұзылып, кәсіпкердің мәселесі өз шешімін тапты.

        Бұдан бөлек мемлекеттік органдармен жеке кәсіпкерлерге қатысты жүргізілген 7 заңсыз тексеру анықталды. Мысалы, тексеру жүргізуге уәкілеттілігі жоқ тұлғамен (Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің штаттан тыс маманымен) мораторий талаптары бұзылып, негізсіз тексеру жүргізіліп, заңсыз әкімшілік айыппұл салу орын алған.Талдау нәтижесімен заңсыз актілердің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<