«САРЫАРҚА» – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ ЖОБА

356

0

«Сарыарқа» газ құбыры Сыр елінен бастау алды. Индустрия­ландыру күнінде Мемлекет басшысы Астананы газдандыру жобасын іске қосты.
– Сіз жариялаған бес әлеу­меттік бастаманың бірі елдің орталық және солтүстік бө­лік­терін газдандыруға ар­налған. «Сарыарқа» ­магистральды газ құбыры «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағдары» бойынша өтеді. Оның жалпы ұзындығы 1061 шақырымды құрайды және бір жылдағы газ өткізу мүмкіндігі 2,2 млрд текше метрге жетеді. Аталған жобаны іске асыру 2 млн 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады. Президент мырза, «Сарыарқа» жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін арнайы капсуланы орнатуға рұқсат беріңіз, – деді «АстанаГаз ҚМГ» АҚ бас директоры Сағидолла Мақашев жалпыхалықтық телекөпір кезінде.
«Сарыарқа» жобасының бірінші кезеңін іске қосуға пәр­мен берген Президент ин­дус­триялық жобаның ма­ңыз­ды­лығын айрықша атап өтті.
– Біз мұнай мен газ шы­ға­ратын мемлекет ретінде Қа­зақ­с­танның орталығын газдандыру мәселесіне енді ғана назар аудардық. Бұл – ел алдындағы үлкен жауап­кершілік. Менің ойымша, біз келесі жылы осы маңызды газ құбырының құры­лысы аяқталып қалды деп айтатын боламыз. Бұл газ құбыры елордаға дейін жетіп, әр үйге барады. Осылайша өнеркәсібіміз өркендей түседі. Сіздерге сәт­тілік тілеймін, – деді Елбасы.
Еске салсақ, тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілді. Алайда, көгілдір отын орталық және солтүстік өңірлерге жете қойған жоқ. Елбасы ұсынған «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» газ құбырын салу жобасы осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталып отыр. Жоба ауқым­дылығына байланысты үш ке­зеңге бөлінген. Бірінші ке­зең­де өңірдегі «Қараөзек» кен орнынан басталатын газ құ­быры Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы Астанаға жеткізіледі. Екінші кезеңде Астанадан Көкшетауға тартылса, үшінші кезеңде «Көкшетау – Петропавл» газ құбыры іске қосылмақ.
– Келесі жылы газ құбыры Астанаға жеткен жағдайда 160-тан астам елді мекен тұрғындары табиғи газға қол жеткізеді. Қа­зіргі күні бас мердігер анық­талып, тиісті қаржы бөлінді. Жоба бірыңғай ­газ-транс­порт­тық жүйенің жалғасы екен­дігімен ерекшеленеді. Тиім­ділігі, көгілдір отын Батыс Қазақстаннан еліміздің өзге өңірлеріне дейін барады. Газ құбырының құрылысын жүр­гі­зуге 2,5 мың адам тарту, ал ол пайдалануға берілгеннен кейін 700-800 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр, – дейді «КАТЭК» жобалаушы инжиниринг компаниясының бас директоры Құндыз Нупов.
Стратегиялық маңызды жоба көптен шешімін таппай келе жатқан Ақмола, Қарағанды облыстары мен Астана қаласын газбен қамту мәселесінің ше­ші­луіне мүмкіндік береді. Ел аймақтарын газдандыру – Ел­ба­сының бес әлеуметтік бастамасының бірі екенін ескерсек, мұның тиімді тұстары орасан. Ең алдымен, тұрғын үйлер мен мекемелерді көгілдір отынмен жылыту электр қуатын үнемдеуге әрі қаржы шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен, қатар «Бурабай» курортты аймағы орналасқан Көкше өңірі­нің табиғатына зиянды әсерді төмендетеді.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<