Сексен жылдық белес

377

0

Облыстық перинаталдық орталыққа – 80 жыл. Осыған орай орталық базасында «Ана мен бала саулығы – ұлт болашағының кепілі» тақырыбында  шара өтті.

Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, Нұр-Сұлтан қаласы Ұлттық ана мен бала орталығының профессоры Тамара Чувакова, осы орталықтың балалар жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ботакөз Әбентаева, Алматы қаласы Қазақ үздіксіз білім беру университеті неонатология кафедрасының мең­герушісі Қарлығаш Жұбанышева және басқа бірқатар меймандар қатысты. Алдымен  медицина саласының ардагері София Мақашеваға арналған бұрыш және ана мен бала саулығын қорғауға ерекше үлес қосқан ардагерлер фотогалереясымен танысу ұсынылды. Сонымен бірге акушерлік-гинекология тарихына арналған мұражайда болған қатысушылар мәжіліс залында бас қосты.

–    Әлемде қанша мамандық болса, олардың әрбірінің  маңызы зор. Әйтсе де, адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандардың, оның ішінде ана мен бала саулығын қорғаушы медицина қызметкерлерінің орны ерекше. Ана мен бала саулығы – ұлт болашағы. Осы орайда облыстық перинаталдық орталықтың қызметі үлкен құндылық, аса зор жауапкершілік пен өмір жалғастығына дәнекер екенін жақсы білеміз, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Шарада бірқатар сала үздіктері мен меймандарға облыстың Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ері» медалі, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгілері  мен «Перинаталдық орталыққа -80 жыл» мерекелік медалі табысталды.

Айта кету керек, 1927 жылы Қызылорда қаласы ел астанасы болған тұста өлкелік аурухана ашылып, онда акушерлік-гинекологиялық бөлімше жұмыс істеген.  1939 жылы ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, облыста алғаш рет 15 төсектік перзентхана ашылған. Оның алғашқы бас дәрігері  акушер-гинекологиялық саланың негізін қалаушы, Ленинград қаласынан келген Мария Егорова болды. Ол 30 жыл басқарған. Онан соң 1962 жылы 75 төсектік перзентхана ашылып, онда 5 гинеколог, 15 акушер жұмыс істеген. 1964-1983 жылдары медициналық мекемені Халима Наурызбаева басқарған. Онан кейін 1970 жылы қазіргі «Южный» шағын ауданындағы 150 төсектік 4 қабатты ғимаратқа көшірілді. Осы уақытта 7 акушер-гинеколог, 2 неонатолог, 12 акушер босанушы әйелдермен қатар тәулігіне 250 ананың денсаулығын бақылап отырды.  1983-1987 жылдары перзентхананы Венера Ізтілеуова, 1987-1995 жылдары Алмас Әлдешов, 1995-2003 жылдары Бибіажар Қалымбетова басқарды.

2014 жылы 200 төсекке арналған «Ана мен бала орталығы» ашылып, оған Ләйлә Құлтаева жетекшілік етті. Ал 2016 жылы облыстық және қалалық перзентхана  біріктіріліп, 350 төсекке арналған жүкті және босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсететін мекеме болып қайта құрылды.  Жылына 11 мың нәресте өмірге келетін  озық үлгідегі орталықта 129 дәрігер, 367 орта буын қызметкер еңбек етеді. 

Осы шарада, сондай-ақ, жас мамандарды дәрігерлер қатарына қабылдау рәсімі өтіп, 8 дәрігерге арнайы сертификат табысталды. Сонымен бірге перзентхана тарихы мен сала мамандарына арналған «Шаттық ұясы» кітабының тұсауы кесілді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<