«Шақырусыз келген қонақтар»

401

0

3726 іскерлік және 274 жұмыс визасы, 26 фигурант, Қазақстанда, Қырғызстанда және Қытайда 48 жалған кәсіпорын, қылмыстық әрекеттен түскен табыс 1 300 000 АҚШ долларынан астам соманы құрады.
Кейбір адамдар өмір бойы жеңіл ақша табу жолында жүрсе, енді біреулері оған уақыт өте келіп жатады. Заң мен моральдық нормалардан аттай отырып, әртүрлі тәсілдермен баюға болады, солардың бірін О.Бахриденова пайдаланбақшы болған еді. Бірде оған Қазақстан аумағына шетелдіктерді заңсыз кіргізумен айналысу ойы келеді. О. Бахриденова осы бағытта белсенді түрде жұмыс істей бас­тайды. Біраз іздестіргеннен кейін ол ақпараттық технология мен электрондық-цифр­лық қолтаңба бағыты  бойынша білімі бар В.Жанғазинмен танысады. Одан әрі электрондық үкімет порталы арқылы іске қатысы жоқ адамдарға жалған фирмалар тіркеле бастайды.
Көп ақшаға деген құмарлық, сондай-ақ өз-өзіне деген сенімділік О.Бахриденоваға барлық тәуе­келдерді есептеуге мұрша бермейді. Ал, заңсыз көші-қон арнасы болса ҰҚК жедел уәкілдерінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Кезекті тексерулер барысында ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкері осы саламен айналысатын басқа компаниялармен салыстырғанда мақұлданған визаларының санымен біршама ерекшеленген ұйымға көңіл аударады. Фирманы белгілі бір арызбен тексеру туралы шешім қабылданады, оның барысында жедел уәкіл жеке үйге тап болады, бірақ бұл ғимаратта еш­қандай кеңсе жоқ екені және болуы мүмкін емес екені бірден байқалады.
Үй қожайынынан сұрау алу да шетелдіктерді Қазақстанға заңсыз кіргізу бойынша ықтимал алаяқтық жолын көрсетті. Осы фактілер мен белгілердің барлығы жедел зерттеу жүргізу үшін негіз болып, ол 2017 жылғы қазанда бастау алды. Атыраудың тұрғыны О.Бахриденова, тергеу көрсеткендей, 6 жалған компанияның мүддесін білдіре отырып, Атырау облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасындағы өзінің қылмыстық байланыстары арқылы 429 шетелдікке іскерлік арнасы бойынша қолдаухатты заңсыз келіскен.
Алайда, бұл теңіздің тамшысы ғана болғанмен, шетелдіктерді заңсыз шақырумен айналысатын қылмыстық қоғамдастық ақырының басы болатын. О.Бахриденованы зерттеу барысында ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері астанада орналасқан тағы бір қыл­мыстық топты анықтайды. Алаяқтар компанияларды тіркеу үшін О.Бахриденова сияқты заңсыз жолмен алынған электрондық-цифрлық қол­таңбаларды пайдаланған. Одан әрі жалған кәсіпорындардың әре­кетін заңды етіп көрсету үшін жал­ған сенімхаттар дайындап, оларды бұрынғы нотариустың қалпына келтірілген мөрімен, кейіннен әре­кеттегі нотариустарының мөр­лері­мен растаған. Мөрлерді жал­ған сенімхаттардың көмегімен поли­графиялық компанияларда дайын­датқан. Одан әрі жалған ұйымдар атынан Қытайда және Қырғызстанда тіркелген фирмалармен қызмет көрсетуге жалған шарттар жасалып, олар да нотариустарда түпнұсқалары көрсетілместен расталған. Жалған шарттар негізінде шетелдік азаматтарға шақыру хаттар ресімделіп отырған.
Қылмыстық топты ҚХР азаматы Чиу Тонгкун мен Нұр-Сұлтанның тұрғыны Э.Нұрқанова басқарған. Сонымен, екі пысық азаматтың одағы 2014-2016 жылдар кезеңінде шетелдегі консулдық қызметтердегі сыбайластары арқылы шетелдіктерге 2000-нан аса шақыру ресімдеуге мүмкіндік берген. 2017 жылғы қаңтарда виза берудің жаңа қағидаларының енуіне қарамастан, араны ашылған теріс пиғылдылар тоқтай алмайды. Визалық қолдауды кедергісіз келісу туралы алдын ала уағдаластық бар көші-қон қызметінің басқармасында өңірлерде жалған кәсіпорындарды тіркеудің жаңа тәсілдері пайда болды.
Теріс пиғылдылардың заңсыз әрекетінің ауқымы, жүйелілігі, қылмыс­тық байланыстары ҰҚК жедел уәкілдерін таңқалдырды, олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау және Қызылорда қалаларында, сондай-ақ, Қырғызстан мен Қытайда тіркелген 48 жалған кәсіп­орынды анықтады. Бұдан басқа, қылмыстық топқа Қазақстанның мемле­кеттік органдарының өкілдері жәрдем көрсеткен.  
ҰҚК Атырау облысы бойынша қызметкерлері күдіктілердің кінәларына жеткілікті дәлел жинап, оларды ұстау туралы шешім қабылдайды да, оны бір мезгілде еліміздің бірнеше өңірінде жүргізеді. Операция алаяқтар мен осыған қатысы бар мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орындары мен тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілді. Нәти­жесінде 20 адам ұсталып, оларды 2019 жылғы ақпан мен қазанда сот кінәлі деп танып, әртүрлі мерзімдерге бостан­дықтарынан айыру мен шектеуге, сондай-ақ ақшалай айыппұлдарға үкім шығарды. Осы қылмысқа қатысқан ҚХР-дың екі азаматы және ҚР-дың бір азаматы халықаралық іздестіруде, тағы үш адамға қатысты тергеу іс-қимылдары жалғасуда.
ҰҚК-ның осы операциясы қызмет ба­бы бойынша көші-қон мәселесімен байла­нысты мемлекеттік орган­дар­­дың өкілдеріне оң ықпал етті. Енді тек осындай арналардың кө­ме­гімен елімізге әртүрлі қылмыстық эле­мент­терді, террористер мен басқа да қыл­мыскерлердің өтіп кетпейтініне сену ғана қалады.
Дегенмен де, көп жағдайда оған жүйелі тұрғыда қарау қажет. Заңды тұлғаларды тіркеуді және көші-қон қызметінің жұмысын регламенттейтін заң актілерін қайта қарау керек. Электрондық үкімет порталында заңды тұлғаларды қағаз жүзінде тіркеу, нотариустардың өз уәкілеттіліктерін теріс пайдалану мәселелері ашық түрде қалып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті іске асыр­ған операциялар бұдан да көп сұрақты туындатты, бірақ ол басқа мемлекеттік органдарға қойылмақ.

ҚР ҰҚК.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<