Өскен өңірдің өмірі

349

0

«Туған қаламды

танымай қалдым»

Алматыдан келген қонақтарымызды ертіп, дария жағалауын қыдырыстап жүрміз. Қаланың түнгі жарығы Сырдарияның бетіне өзгеше өрнектер салып, ұлы дария моп-момақан қалыппен ағып жатыр екен. Жағалауда адам қарасы қалың. Күндізгі аптап ыстықтан кейін бой сергітуге шыққандар да, велосипед тепкен үлкен-кіші де осында. Дариядан ескен салқын сабат, жаяу жүргіншілерге арналған ыңғайлы жол болғандықтан, бұл аумақтан адам арылмайтын сияқты.   

Қызылорданы соңғы 5 жылда көрмеген мейманымыз таң­ғалғаннан, «25 жасыма дейін өмір сүрген туған қаламды – Қызылордамды танымай қалдым» деумен болды. «Арайдағы» жаңа шағын аудандар, дарияны жиектей салынған жол, арғы беттегі алып крандар, құрылыстар… Бұрын бұлардың бірі де жоқ еді. Қазір қаланың төрт тарабы да кеңейгенін, қай бұрышында да құрылыстар салынып жатқанын айтып, «келесі келгеніңде, дарияның сол жағалауына қыдырамыз» деп келістік.

Әдетте, таудың биіктігі етегінде жүргендерге байқалмайтыны секілді, осы жерде өмір сүріп жатқан адамдар көп нәрсеге мән бермейді екенбіз. Сырт көзге бірден аңғарылған өзгерістерге өзіміз де таңғалып тұрдық. Айналадағы әсемдікке көз тоқтатып, өзен жағалауындағы ірі қалалардың үлгісімен дамып келе жатқан Қызылордамыз үшін кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Екіғасырлық тарихында дарияның оң жағалауында орналасқан Қызылорда өзінің үшінші жүзжылдығын сол жағалауда бастамақ. Түсіне білген адамға бұл – тарихи кезең. Болашақта сіз бен біз куә болған жайттар архив деректеріне қатталып, шаһар тарихын зерттеушілерге рухани азық болары сөзсіз.

14 шағын аудан,

2 млн шаршы метр тұрғын үй

Өткен жылы Қызылорда облысы тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары сияқты «миллиондық» аймақтардың алдына шықты. Салыстыру үшін айтсақ, мәселен, 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асып түсті. Облыс орталығында соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан пайда болды. Облыста 5 жыл ішінде 2 млн шаршы метр тұрғын үй берілді.

Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы үйлер тұрғындарының мәселесі  шешіліп,  309 отбасы апатты үйдің орнына жаңа, жайлы пәтерге ие болды. Жалпы 2013 жылдан апатты үйден  жаңа пәтерге көшкендер саны  500-ден асты.

Соңғы жылдары салынған 200 денсаулық сақтау, білім, спорт және мәдениет нысанының барлығы халыққа қызмет көрсетуде. Құрылыс саласының қадамына тұсау салатын мәселе – «сақалды құрылыстар» десек, аймақта 2013 жылға дейін миллиардтаған қаржы бөлініп, тоқтап қалған 34 ірі әлеуметтік нысан болды. Былтыр олардың барлығы да аяқталып, пайдалануға берілді. Мектептерде 3 ауысымда оқу мәселесі шешімін тапты. Апатты жағдайдағы 37 мектептің мәселесі  түбегейлі шешілді. Әрине, ескінің тозуы – табиғи құбылыс. Тозығы жеткен білім ошақтарын жаңалау олардың апатты жағдайы дәлелденген бойда қолға алынуда. 

Денсаулық сақтау саласында салынған 57 нысанның 49-ы апатты жағдайда еді. Шалғай ауылдарды денсаулық сақтау нысандарымен жабдықтау 2015 жылы 43% көрсетсе,  өткен жылы 76,5%-ке жетті.

Алып құрылыс алаңына айналған аймақ

Тарихшылардың зерттеулеріне зер салсақ, адамзат баласы қауымдасып өмір сүре бастағаннан бері құрылыс салуға, қауіп-қатерлерден қорғану үшін құжыра, баспана тұрғызуға талпынған. Үңгірлерде өмір сүріп бастаған адам баласының кейіннен Тәж Махал, Египет пирамидалары сияқты әлем кереметтерін қолмен салып шығуы құрылыс өркениетінің тарихы тым әріде екенін аңғартса керек. Мәңгілік ескерткіштердің салыну тәсілдері, ғасырлар желіне мүжілмей сақталу сыры архитектура мен құрылыс мамандары үшін әлі күнге дейін жұмбақ. Алысқа бармай-ақ, алты ғасырдан бері асқақтап тұрған Қожа Ахмет Яссауи кесенесін алайық. Сәулет өнерінің ерекше туындысы ұлы даланың өңіріндегі алтын түйме секілді. Сырдың бойындағы  көне қалаларды көрген бұрынғылар «Бесқаладан қашқан лақ Таразға дейін тек үйдің үстімен жүгіріп жетеді, Сырдың аяғынан ұшқан бұлбұл басына дейін гүлге қонып жетеді»   деген сөз қалдырыпты. Бұл қаланың тығыз орналасқанына, бұл жер гүлденген өлке болғанына дәләл.

Бүгінгі Сырдың бойы  да алып құрылыс алаңына айналды.  Жыл басынан бері 228 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыста 1726 пәтерлік 42 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның кем дегенде 36-сы биыл пайдалануға берілмек. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы алғашқы  шағын аудан – 16 көппәтерлі тұрғын үй қоныс­танушыларын қабылдайды.

Биыл 41 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді, оның 33-і өткен жылдан өтпелі нысан, 8-нің құрылысы жаңадан басталған. Жеті ай  ішінде 20 нысан пайдалануға берілді. Оның 4-і мектеп, 6- балабақша, 1 клуб,  7 спорт нысаны, 1 музей, 1 қоғамдық тәртіп нысаны.  Жыл соңына дейін тағы 10 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр, яғни, 4 мектеп және 1 балабақша, клуб,  музей,  спорт нысаны, аурухана, теміржол тұйығы ел игілігіне берілмек. Тағы  11 нысанның құрылысы келесі  жылы жалғасады. 

«Орда» баспаналы болуға үміт

сыйлады

Былтыр 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының «жол картасы» әзірленді. Ипотекалық несие рәсімдеп тұрғын үй алуға көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен тұрғындардың шамасы келмейді. Сондықтан  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Олар тұрғындарға кейін өтеу құқығымен алғашқы төлемсіз ай сайынғы жалға алу құны шартымен беріледі. Мысалы, үміткерлер екі бөлмелі пәтерді ай сайын 42 мың теңге, үш бөлмелі пәтерді 52 мың теңге төлей отырып алғашқы төлемсіз алады.

Тұрғын үйдің жаңа бағдарламасына жергілікті атқарушы органдардың тізіміндегілер, яғни көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының  қамқорлығынсыз қалған  балалар, 1, 2-топ мүгедектері, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері қатыса  алады. Сонымен қатар бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар екінші топ – ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 35-ке толмаған, 2 жылдан кем емес некеде тұрған, балалары бар отбасылар, сондай-ақ, жасы 35-ке толмаған, оның ішінде  ажырасқан, жесір, тұл қалған, ата-ананың біреуі ғана тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар.

Қазір «Орда» арқылы баспаналы болудың шарттары жарияланды. Іріктеуден өткен қатысушылар қала немесе аудан  әкімдіктерімен 8 жыл мерзімге тұрғын үйді жалға алуға шарт жасасады. Бұл кезеңде қатысушы тұрғын үй жинақ жүйесінде тұрғын үй құнынан 50 % алғашқы жарнаны жинақтайды. Алғашқы жарнаны жинаған жалға алушылар тұрғын үйді сатып алу мақсатында 11 жыл мерзімге банктік несиелер алу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» өтініш беріп, қала немесе аудан  әкімдіктерімен  тұрғын үйді сатып алу шартын жасасады. Өткізілген тұрғын үйлерден түскен қаржыны аталған банк қала немесе аудан әкімдіктеріне аударады. Әкімдіктер өз кезегінде тиісті қаржыны бюджеттік кредитті өтеу үшін облыстық бюджетке қайтарады. Бүгінде баспанаға мұқтаж жандарға жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көмегімен  үй алып берудің бұл механизміне қызығушылық танытқандар көп.

Сол жағалаудағы жаңа қала

Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеруге бағытталған тарихи кезең өз бастауын 2017 жылдан алғаны белгілі. Бір жыл ішінде бұрын адам аяғы баспаған мекен құрылыс алаңына  айналды. Оң жағалаудан көз тіккен адамға сол жағалаудағы құрылыс қарқыны бірден көрінеді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуде «Ең бастысы, біз алғашқы 18 көпқабатты тұрғын үй құрылысын бастадық. Ал, осы жылы шығыс үлгісінде халқымыздың ділін, ұлттық салт-дәстүрлерін ескерген жаңа тұрғын үй кварталдарының құрылысын да бастаймыз. Біздің халық – өте қонақжай халық, біз  қонақ шақырғанды, өзіміз қонаққа барғанды ұнататын халықпыз. Сондықтан, барлық туған-туыстар мен достарды сыйдыра алатын үлкен үйдің болғаны біз үшін маңызды.  Біздің тағы бір ерекшелігіміз – ұйымшылдығымыз бен өзара көмек көрсетуге әзірлігімізде. Көршілерімізбен ауызбіршіліктің жоғары деңгейі, яғни, қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісуіміз – бізге тән қасиет. Осының барлығы сол жағалаудағы тұрғын аудандар құрылысын жобалаған кезде ескерілді. Үй қабаттары көбінесе биік емес, әрбір тұрғын өзінің көршілерін ғана емес, қарсы үйдегі көршілерін де білетіндей етіп орналасатын болады. Бұл – ұлттық салт-дәстүрлерді дамыту мен сақтауға қосатын өзіндік үлестің бір түрі» деген еді.

Қазір мұнда Қазақ Орталық Атқару Комитетінің бұрынғы ғимаратының сызбасы бойынша салынған «Рухани жаңғыру» орталығы бой көтерді. 320 орындық балабақша мен «Болашақ» университеті кампусы, Жастар ресурстық орталығы салынуда. Сол жағалаудағы алғашқы нысандар енді аз уақытта пайдалануға берілмек. Айта кету керек, жаңа қаладағы жаңа үйлер елдегі ең арзан бағамен беріледі, яғни әрбір шаршы метрі 120 мың теңге көлемінде.

Сол жағалаудың болашақтың қаласы болатыны оның жоспарынан  аңғарылады. Келешекте бұл аумақта 15 шағын ауданы, әлеуметтік және бизнес-нысандары, демалыс және серуендейтін орындары бар жаңа қала бой көтереді.  Бүгінде жаңа қаладағы құрылыс қарқыны Қызылорданың ескі, тарихи бөлігінің жасарып-жаңаруына себепкер болып жатқанын байқауға болады.

Бас жоспар немесе Қызылорда қалай дамиды?

Іргетасы құйылып, қабырғасы қалана бастаған әрбір құрылыста оған қатысты адамдардың  үміті мен ертеңге құрған жоспарлары  астасып жатады. Ал қаланың бас жоспарында барлығымыздың да арманымыз көрініс табады. Алып макетті көрген сайын «мына үйлерден пәтер алсам екен, мына жерге үй салсам екен» деген ой бәрімізде де болады. 

Қызылорда қаласының 2009 жылы бекітілген бас жоспарына өзгерістердің енуі – уақыт талабы. Бас жоспардың бірінші кезеңінде қала аумағы 11 мың гектар болса, қазіргі күні ол 19690 гектарға жеткен.  Қала солтүстік бағытқа қарай дамуына  байланысты оның аумағы да өсіп отыр. Соңғы бес жылдағы Қызылорда қаласының даму жағдайы, құрылыс қарқыны өзгеше, «Қызылорда-Жезқазған» бағытында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аймақтың ашылуы, Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру сияқты шешуші қадамдар жасалды.

Бұл ретте  атқарылған жұмыстарды бір қорытындылап, қаланың алдағы бес жылдықтағы даму жағдайын нақты айқындау талап етіледі.  Бас жоспар бекітілгелі бері стратегиялық мақсаттар мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары да едәуір өзгерістерге ұшырады. 

Бас жоспардың екінші кезеңі 2025 жылға есептелген. Қазіргі күні қаланың демографиялық өсуі жоспарға сай. Тұрғын үй қоры 5,4 млн шаршы метр болса, алдағы уақытта 8,6 млн шаршы метрге жетеді. Әлеуметтік нысандар, балабақша, мектеппен қамтамасыз ету көрсеткіші тәп-тәуір. Жалпы алғанда қала бас жоспарға сай дамуда.

Бүгінде қала халқының саны 294 мың адамнан асты, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға бүгінгі күні 60 мыңдай адам кезекте тұр. Бас жоспарға өзгерістер енгізуде қандай критерийлер ескерілуі керек? Қызылорда қаласы инфрақұрылымының алдағы дамуы үшін көпқабатты және азқабатты құрылыстар үйлесім табуы тиіс. Сондай-ақ автомобиль жолдары, сапалы кварталішілік жолдар мен көпқабатты үйлердің кіреберістері, көпқабатты кварталдардың аулалары, веложолдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арбамен жүретін жолдар бірдей дамуы қажет.

Тұрғын үйлерді бір стандартпен тұрғызған кеңестік дәуірдің «мұрасындай» болған қорап үлгілерден, бірегейліктен арылатын уақыт жетті.  Сыртқы әртүрлілік, үй фасадтарының алуандығы адамға жайлылық, тіпті қауіпсіздік сезімін сыйлайтынын психологтар дәлелдеп берген. Қазір өмір сүруге қолайлы қалаларды анықтау үшін сауалнамалар жиі жүргізіліп жатады. Ол үшін көшелерде жас аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың  емін-еркін жүріп-тұруына жасалған жағдайлар есепке алынады.  Облыс орталығы тұрғындарының өмір сүруі үшін жайлы және сапалы жағдай туғызудың барлық шарты ескерілген бас жоспарда осының барлығы да көрініс тапқан.

Р.S: Сыр өңірінің құрылысшылары Елбасы бастамасымен қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында нағыз мамандар ретінде шыңдалды, мол табысқа жетті. Кейбіреулері ірі компанияларға айналды. Жұмыс сапасы Астана, Алматы қаласындағы ірі құрылыс компанияларының сапасымен бірдей деңгейге жетті, кей тұста озық нәтижемен көзге түсті.  

Құрылысшылар мерекесі қарсаңында аптап ыстық пен суық желдің өтінде қыруар еңбек жасап жүрген құрыш қолды азаматтарға алғыс білдіру артықтық етпейді. Олар туған қаланы өркендетудегі ортақ парыздың маңыздылығы мен қажеттілігін түсініп, іспен қолдап, жаңа қала салып жатыр. Ел мен жер, тарих пен уақыт алдындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<