Совет

429

0

Фото: ашық дереккөз

Мектеп бітіргенімізге 40 жыл толар кезде ауылдағы білім ошағына робототехника сыныбын ашуға қажетті жабдықтарды апарып беретін болдық. Алматыдан шыққан жігіттер Талдықорғанға соғып, мені де ала кетті. Жете салысымен өзіміз білім алған ескі мектепке кіріп шықтық та, одан кейін осыдан бірнеше жыл бұрын салынған жаңа ғимаратқа кірдік. Робототехника сыныбын ашып, балалардың қуанышын бөлістік. Қасымызда облыс орталығынан қосылған журналистер бар.

Ертеңінде біз келер алдында қайтыс болған, бала күніміздегі Мыңшұңқырдың бірінші атаманы Совет марқұмның үйіне кіріп, құран оқыттық. Көңіл айтушылар қарасы үзілмепті. Екі апайы Галине мен Надежда сұңқылдатып жоқтау айтып, көз жастарын саулатып отыр екен. Бізбен Өскеменнен ере келген жігіттер екі орыс келіншектің қазақша жоқтауын естігенде, бұл қалай дегендей бізге таңдана қарады. Оларға бала шақтан бірге өскен Совет марқұм жайлы айтып беруге тура келді.

…Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біздің ауылда орысты емге таба алмайтынсың. Қазір де жоқ. Тек ауылдың төменгі бөлігі – біздің Мыңшұңқырдағы жиырма шақты үйдің бірінде тұратын Нұртаза атаның үйіндегі Лида әженің ғана қазақ еместігін еміс-еміс түйсінеміз. Батыр тұлғалы атамыздың отызыншы жылдары Магаданға айдауға кетіп, соғыс біткеннен кейін оралғанда, өзімен бірге нәп-нәзік орыстың ақүрпек қызын алып келгені, одан екі қыз бен бір ұл сүйгені жайлы үлкендерден шала-шарпы естіп қаламыз. Кейде әкесі сияқты тым ірі болмаса да, алысқанды алып та, шалып та жығатын, тек түрі нағашыларына тартыңқыраған Советтің қолы батып кеткенде, қуып жете алмайтын жерге алыстап алғаннан кейін: «Орыс, орыс оңбаған, он қалашқа тоймаған», – деп мазақтап, кек қайтарғандай боламыз. Ондайда жетіп алса: «Мә, саған орыс!» – деп аямайды ол.

Нұртаза атамыз ақ қашып, қызыл қуған кездері, одан кейінгі қалың ел Қытайға ауа көшкенде жеке батырлығымен танылған, ешкімге бағынбай халыққа көмектескен, шекарадан талай ауылды арғы бетке аман-есен өткізіп, ашыққандарды барымтамен асыраған деседі. Ақыры құрығы ұзын өкімет, тұзағына түсіріп, біраз жылын итжеккенде өткізіпті. Сол айдауда жүрген ленинградтық ақсүйектің жас қызын жолықтырып, оны қанатының астына алып, бостандыққа шыққанда, ауылға ала келген. Сол Лида апамыз өле-өлгенше тілін бұрап кетті. Қазақша сөйлегенімен, қазаққа тән әріптерге тілі келіңкіремейтін. Марқұм шалынан соң біраз жыл өмір сүріп, Советінен немере көрді. Қайтқанында ауылдастары қазақша ат қойып, ақ жуып, арулап жерледі.

Совет өкіметі де қызық еді ғой. Бір жылдары: «Лида әженің Ленинградтағы туыстары табылыпты, барлығы мықты екен. Араларында оқымысты ғалымдары, генералы бар бірнешеуі туысын іздеп келгелі жатыр», – деген әңгіме шықты. Мыңшұңқырдағы шатырсыз тоқал тамдардың ең нашарында тұратын Нұртазаның отбасын дереу жоғары жақта бос тұрған үйге көшіретін болды. Олар қуанып отырғанда, қонақтар келмей қалды. Ақыры жаңа үй де бұйырмады.

«Совет Мәскеудің маңында әскерде жүргенде, генерал нағашысы іздеп келіпті. Сол жақта алып қалмақ болған екен, біздің Сәкең: «Ауылға қайтамын», – деп тұрып алыпты», – деген әңгіменің шындығын бір жолыққанда бір жарты ішіп отырып, сұрағанымда, рас екенін айтып еді.

– Солдатқа барғанда, орысша ұғыңқырамай, біраз қиналдым. Бірақ есімізді тез жиып, ешкімге есе бермейтін болдық. Үйреніп қалған кез еді. Бір күні барлығымызды плацқа салтанатты сапқа тұрғызып қойды. «Уазикпен» бірнеше офицер келді. Ішіндегі генералы тіпті дәу екен. Комбат соған құрметін көрсетіп, баяндаған соң, біздің ротаның алдына келді де «Кумпейсов, выйти из строя» деді. «Қап әкеңді, тағы не бүлдірдім екен?» деп атып шықтым. Ана генерал қасымызға келді де маған біраз тесіле қарап тұрып, қасындағыларға бірдеңе деді де, штабқа қарай кетті. Мені екі офицер қолтығымнан алып, солай дедектетті. Сөйтсем, мамамның кенже інісі екен. «Осында қал, сен қалсаң кейін мамаң өзі-ақ келеді», – деп біраз үгіттеді. Көнбедім. Іздеп барамыз деген. Одан кейін Брежнев өлді, Совет өкіметінде үлкен өзгерістер болды. Әне-міне деп жүргенде шешей де кетіп қалды. Сонан хабар үзілді. Мен де ешкімді іздегем жоқ, – деген Совет дос та ана дүниелік болыпты.

Бірнеше жыл бұрын шешем қайтқанда: «Мыңшұңқырдың соңғы апасын өз қолыммен жөнелтемін», – деп зират басындағы жерлеу жұмыстарының барлығына өзі бас-көз болған еді. Марқұмның соңында арасында аналарына тартқан қарадомалағы бар, әкесіне ұқсаған сарышикісі бар бес алты баладан тараған, түп нағашылары орыс екені түрлерінен аздап білініп тұратын немерелері қалды.

Болат Абаған

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<