Сыр серісі – Ізбасар

666

0

«Qyzylorda» телеарнасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Сыр серісі» реалити-шоуы діттеген мақсатына жетті. Екінші мәрте өткізілген ұлттық жобаға биыл 40 жігіт қатысып, 18-і іріктеліп алынды. Олардың арасынан 11 жігіт сан түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, ептілігі мен төзімділігін, шеберлігін дүйім елге әйгіледі. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда өткен жеңімпаздарды марапаттау салтанатына қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыпар Қарабала, Жастар ресурстық орталығының директоры Жасұлан Алдабергенов және қазылар алқасының мүшелері қатысты.

Көзіқарақты көрерменге белгілі, сайыс барысында әуелі серілердің ұлттық спортқа икемділігі сыналды. Жігіттер ат ерттеу, шөп ору, асық ату, ләңгі тебу, аударыспақ, қой көтеру, арқан тарту сынды ұлттық, спорттық ойындармен қатар, бір күн әскери тәртіпке бағынып, сарбаз өмірімен де танысқан. Актерлік, ақындық қабілеттерін де көрсетті. Мегажоба салт-дәстүрді, қазақы құндылықты қадірлейтін жігіттерді анықтаумен қатар, елдің мерейі – ерлердің абыройын асқақтатуды көздеген.

 – Биыл Қазақ телевизиясының 60 жылдығы. Өткен жылы ребрендинг жариялап, «Qyzylorda» атауын иеленген телеарна жаңа бағдарлама, өзгеше контентпен көрерменін қуантуда. Ақпараттық қана емес, жастарды ұлттық өнерге баулитын реалити-шоуды екі жыл қатарынан өткізді. Мегажобада жастардың өнерді бағалап, дәстүрді құрметтейтін, болашаққа сенімді болмысын байқадық. Алдағы уақытта Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай аймақтың жетекші арнасымен бірлесіп елге пайдалы жобалар жасаймыз, − деді қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.

«Мен» деген жігіттерді қапы қалдырып, суырылып алған шыққан Сыр серісі қандай қабілетімен дараланды? Өнері озық жігіт, Ізбасар Әкімов – Абай ауылының тұрғыны. Жеке кәсіппен айналысады. Ұлттық ат спорты аударыспақтан ҚР чемпионатының қола жүлдегері. Бұған дейін де талайды таңқалдырған Ізбасар 2015 жылғы қалалық «Жігіт сұлтаны» байқауының бас жүлде иегері. Сайыс барысында аттың құлағында ойнайтын шапшаңдағы, ақылдылығымен үздік атанған.

Ал І орын иегері – Нұржұман Пірназар Қорқыт ата атындағы ҚМУ-і ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі. Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы ақындық қабілетімен ерекшеленді. ІІ орынды еншілеген Ермұхамед Сражов – Болашақ университетінің «Денешынықтыру және спорт» мамандығының студенті. Ол көркемсөз оқу шебері, ат ерттеу, аударыспақ, ет жіліктеу сайысында өзгелерден даралана білген. ІІІ орынды иемденген Нұржан Нұғыман М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын меңгеруде. Аударыспақ, турникке тартылуда талайды сан соқтыратын Нұржанның қолөнер бұйымдарын жасауға да икемі бар. Сондай-ақ, «Батыл Жігіт» − Абылайхан Қалмағамбетов, «Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» − Нартай Әбдіраш, «Қайсар жігіт» − Бақдәулет Сматулла, «Өнерлі жігіт» − Арман Мергенбаев, «Жігерлі жігіт» − Диас Сейілов, «Шешен жігіт» − Шерхан Жақсыбай, «Талантты жігіт» – Бақтияр Баймахан болып танылды. 

Сырдың серісіне жылқының жүйрігі – арғымақ тарту етілді. Сондай-ақ, өнерімен, мінезімен, өнегелі ісімен алға шыққан азаматқа және жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Сыр серілері» телевизиялық жобасының жетекшісі Айсұлу Қасымоваға Ауғаныстан ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының «Батыр шапағаты» медалі табыс етілді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<