СЫРЛЫ, НУЛЫ ШИЕЛІ (Естелік)

1567

0

 Шиелі – бір жағына  Қаратау, екінші жағынан Сырдария аралығындағы шөбі, суы мол, тірлікке өте қолайлы, ат бауырын жазып шабатын дала. Тауды қарақұйрық, архар, киік жайлаған. Дария жағасындағы қалың тоғай сан алуан аңға, құсқа толы. Кезінде қамыс арасында қабан, жолбарыс тіршілік еткен. Қырғауыл, қоян, түлкі, басқа аң-құстар мекені болған. Ең соңғы жолбарысты орыс солдаттары аулап, көзін жойған. Қабанды 1940 жылға дейін Ресейден келген аңшылар аулаған. Қырғауылды жергілікті аңшылар Тәшкенге апарып сатқан. Сыр бойының табиғаты бай жері – Шиелі өте ерте замандардан көзге түскен. Тек үш ай қысы қатты. Қорғанысы – тоғайлар мен қалың ағаш, ну орман.

Ел аузында Шиелі әулиелі жер деп аталған. Оның екі себебі бар. Біріншіден, бұл жерде жабайы ақ шеңгел, шие өскен. Ондай жерді ел әулиелі деп ұққан. Екіншіден, мұнда екі ескі Қорым бар. Шиелінің батысындағы қорым «Оқшы ата»,  ал шығысындағы – «Сунақ ата».  Ел ішінде қадірлі азаматтар дүние салса, оны сол қорымдарға апарып, жерлейтін болған, Оқшы ата қорымында «Асан Ата» зираты бар. Оны ел тарихтағы Асан Ата деп жориды.

Шиелінің ерекшелігін ел осы екі әулие атамен байланыстырады. Сонымен, Шиелі есімі бір замандардағы жабайы шие өскен әулиелі жер деген ұғымнан туындаған  болса керек.

Шиеліні тарихта су баспаған, жау алмаған. Біріншіден, су баспау себебі, артық суға тосқауыл – Бидайкөл деген үлкен су қоймасы болған. Одан бес арық Шиеліні кесіп өтіп, су алған. Бұл – Шиелі каналы қазылғанға дейінгі жағдай. Одан соң дариядан тура тартатын «Чиилинка» деген суы мол, ағысы қатты өзек болған. Ақырында, теміржол салынды. Шиелінің шығысынан теміржолға «Қызыл көпір» деген көпір салынған. Сол көпір су тасығанда, жойқын суды көпір астынан өткізген. Бұл Шиеліге су бармасын деген әрекет еді. Әрине, олардың пайдасы болды, десе де, ел әр уақытта Шиелі амандығын әулиелермен байланыстырады. Өйткені Шиелінің дариядан төмендігі, әрі тегістігі қауіпті еді. Екіншіден, Сыр бойы ерте замандардан  әр елдің қызығушылығын тудырса да, Шиеліні жау ала алмаған. Ол –  тарих. Шиеліде «Бес Там» деген жер аты бар. Ел ол жерде  Хан ордасы болған деп атайды. Сірә, ол осы аймаққа патшалық құрған әйел-патша Томирис жері болған деседі. Сыр еліне көз тіккен б.з.д. VI ғасырда Парсы (Иран) елі патшалары Кир, Дарий, б.з.д. III ғасырда әлемді билеген Александр Македонский (ол да Иран патшасы атанған) жауламақ мақсатпен келген. Бірақ жорықтары тіпті шайқассыз, сәтсіз аяқталғаны ғажап, тарихтан айқын. ХVII-XVIII ғасыр аралығында жоңғарлар  шабуылы да олардың қирауымен аяқталды. Қазақ халқы оларды қырып жіберген. Шиелі мен Төменарық арасындағы Қаратау етегіндегі жазықта «Қалмақ қырған» деген жер бар. Ол соның дәлелі болса керек. Жоңғарлардың сәтсіз аяқталған шабуылы ел есінде «Елім – ай»  ән-өлеңімен сақталған. Өлеңнің өзі де Шиеліде туған. Онда мынадай сөздер бар:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ағайыннан айырылған қиын екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Қоқандықтар дін арқылы келіп, опасыздық көрсетіп, халықтың намысына тиіп, билеген. Патшалы Ресей Ақмешіттен қоқандықтарды қуып, қазаққа жәрдем көрсетіп, қазақ жеріне бейбіт кіре бастаған.  Ақмешіт генерал В.А.Перовский (1795-1857) атымен 1853 жылдан 1925 жылға дейін аталды. Бұл қазіргі облыс орталығы – Қызылорда қаласы.

Шиелі жері Сыр бойындағы  әрі жазық, сулы, нулы жер болғандықтан, ерте замандардан егін егуге де қолайлы болды. Сірә, алғашқы егіс арпа, бидай, тары болса керек. Одан соң қауын, қарбыз өте бітік өскен. Мәселен, қауынның жаздық түрлері «әңгелек», «басыбалды» сондай-ақ, түрікпен жерінен келген «саржау» деген торлама, күздік «күләбі» деген қауындар әрі шырын, әрі түрікпен жеріне қарағанда, өте үлкен болып өскен.

Кейін түрлі көкөністер егіліп, күріш дақылы шаруашылықтар ендірілді. Негізгі тыңайтқыш – ол жоңышқа. Егер бір жерге жоңышқа егіп, оны үш жылдан кейін басқа дақылмен ауыстырса, өнім өте жоғары болады. Бұл әдіс кеңес жылдарында да кеңінен қолданылды. Ыбырай Жақаев бастаған күрішшілер жыл сайын мол өнім берген. Мәселен,  Ыбырай Жақаев Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алды. Көптеген оның ізбасарлары Социалистік Еңбек Ері  атанды. Олардың ішінде жас қыз-келіншектер де болды. Корейлер күріш егісінің шығыстық тәсілін әкелді.

Шиелі жерінде күріш дақылын көбейту үшін Қазақстан Үкіметі 1939 жылы атақты «Шиелі» каналын қазып, мол өнім алу жолын ашты. Н.С.Хрущев кезеңінен бастап егінге химиялық тыңайтқыштар кеңінен қолданылды. Әрине, тыңайтқыш ауыспалы егіске жері тар елдерде қолданылды. Тыңайтқыш егіс өнімін күшейтсе де, оның табиғи сапасын өзгертеді. Амалсыз іс. Мәселен, жапондарда жердің тарлығынан ауыспалы  егіс қолданылмайды. Қазақстанда әзірге жер мол. Техника бар. Ауыспалы егісті пайдалана беру керек. Экологиялық таза өнім – денсаулық кепілі. Ең болмаса, есік алдындағы жерге ауыспалы егіс егіп көр. Бұл жұмысты әркім өзі үшін қолданғаны жөн. Мен оқушы кезімде есік алдындағы егісті өзім өсіретін едім. Әлем химияға көшті. Бізде әлі мүмкіндік бар. Бабадан қалған жерді таза күйінде пайдаланған, аялаған жөн. Бізге тағдыр берген мүмкіндіктерді барынша толығымен игерейік. Бүгін әлемде экологиялық таза тағам жеу – қолдан шығып кеткен арман. Біздегі табиғат берген берекені қолымызда мықтап сақтап пайдалана білу – тіршілік талабы. Елбасымыздың саясаты да осы мақсатқа арналған.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап КСРО Ғылым Академиясы Археология институты ғалымдары Түркістан тұсындағы Қаратауда бірнеше жылдар қазба жұмысын жүргізіп, 18-20 метр тереңдіктен кремень, граниттен жасалған кесетін, қазатын, тоқпақтайтын еңбек құралдарын тапқан. Мерзімін 600 мыңнан 700 мың деп белгілеген. Еңбек құралы тікелей санамен байланысты. Сол кезден жеуге қолайлы өсімдік дәнін уатып, граниттен жасалған ұңғайтын диірмен сияқты құрал жасап, шақпақ тастан от шығарып, қолға алған малдың етін жеп, терісін, жүнін киім еткен. Олай болса, сол дәуірлерден аңшылық орнын егін егу баса бастаған деп шамалады Ресей ғалымдары. Саналы адам тарихы бір миллион жылдай болса керек. Сыр елінің егінмен айналысқандары жартылай отырықшы өмір сүрген көрінеді. Қаратауды орыс ғалымдары жай зерттеген жоқ. Қаратау цивилизация бастауы деп қарады. Бұл негізсіз пікір емес.

Ол кезде базар толған дүкен,  дүкенді ұстайтын өзбектер, татарлар  еді. Шиеліге қоныстанған татарлар: «Жүгіріп атқа міңгән шақта, көрінәр Қазан қаласы. Танымасаң танысабыз, біз чиәлі баласы», – деп жырлайтын. Өлең өте ерте замандарда шыққан болса керек. Өлең Қазан – Шиелі арасын атпен жүргенді бейнелейді.

XIX ғасырдың екінші жартысында қоныстанған бұрынғы «Басы байлықта» болған орыс шаруалары: «Базар большой, полным полно народу. Русская барышня идет, давай дорогу», – деп өлеңдетті. Өлең – олардың байығандығының көрінісі.

Жалпы, Шиелі – көпұлтты мекен. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс шаруалары қоныстанып, Шиеліде екі үлкен көше тұрғызды («Свобода», «Хохляцкая»), кейін соңғы көше «Первомайская» атанған. Олар үлкен қоңыраулы, күмбезді шіркеу, аурухана  орнатып, бастауыш мектеп ашты. Шиелі батысындағы бірінші теміржол станциясы – «Бәйгеқұм», аты айтып тұрғандай, Шиелі станциясы мен Бәйгеқұм арасындағы жерге ат жарысы жиі өткізіліп, көкпар ойыны болып тұрған. Шиеліде «Айтбай» мешіті болған, ол да – тарих. Қазақ мектебі «Балалар үйіне» байланысты бірден жетікластық болып ашылды. Оған себеп – жаппай аштық  салдары. 1928 жылы шіркеу де, мешіт те жабылды.

1937 жылы Қиыр шығыстан корейлер келіп орналасты. Соғыс жылдары Шиеліге шешен, ингуш, балкар, түрік, қарашайлықтар орналасып, көп ұлт тату-тәтті өмір сүрген мекенге айналды.

Бұл жерге келгендердің бәрі қазақ тілінде сөйледі. Мәдениет дамыды. Татарлардан – гармонь, корейлерден скрипка келді.

Мәскеуде аспирантурада оқып жүрген кезімде В.И.Ленин атындағы  кітапханада КСРО Халық Комиссарының орынбасары болып қызметке тағайындалғанда, ұмытпасам, 1927 жылы «Кешкі Мәскеу» газетіне берген сұхбатында Тұрар Рысқұлов: «Екі қалаға ат қойдым. Бірі – Қызылорда, екіншісі – «Ұлан Батор». Ұлан моңғолша – қызыл деген сөз», депті.

Шиелі ерте замандардан Сыр бойындағы қызу сауда орны болған. XX ғасырдың  20-30 жылдарына дейін Шиеліде екі үлкен сауда базары жұмыс жасаған. Бірін «Мал базары», екіншісін «Мүлік базары» атаған. Бұған Ресейден самаурын, кесе-шәйнек, қазан, Орта Азиядан бөз матасы, жібек, өрік, мейіз, арабтардан құрма түссе, Қытайлар қағаздан түсті бояулы гүлдер жасап сататын болған. Ол қағаз гүлдер Шиеліде 1945 жылға дейін кейбір үйлерде сақталды. Базарлар көшпелі мал баққан ауылдар мен тауар айналысын күшейтті. Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағы – базарларда ел жиналатыны сонша, онда қымызханада әнші, домбырашылар өнер көрсетіп, сауық құратын.

Сәуір, қазан айларында өзбектер «Дар» (канатоходцы) ойынын көрсетіп, елді таңқалдыратын. Биіктігі 17-20 метр тартылған арқанмен жүріп, кейде 5-6 жастағы баласын ертіп арқанмен жүріп өнер көрсеткенде, жерде тұрған жүргізуші кернеймен айқайлап: «Мына өнер көрсетіп жатқан кісінің әкесі, атасы, туыстары «Дар»  ойынын көрсеткен, құлап өлген деп хабарласа болды, жайылған дастарханға ел ақша тастайтын. Бұл өте қауіпті ешқандай қорғаныс, қауіпсіздік сақталмаған ойын еді. Кейін Кеңес үкіметі «Дар» ойынына тыйым салды.

Орынбор мен Тәшкен аралығында Көлік тынықтыратын Шиелі бекеті болған. Темір жол салынғанша (1904 ж.) бұрын станция атанған, кейін вокзал мен базар аралығы 4 шақырым, адамдарды таситын фаэтон жүрген. Осы екі арада Құм болған. Оны ел  «Дузақшы құм» деп атаған. Қазір ол құм жоқ. Жол салуға тасып әкеткен. Кезінде әлгі құмды  ұрылар жайлап, фаэтонда бара жатқан саудагерлерді тонайды. Әлгі есім содан қалған. Ел жиылған, сауда қызған жерде түрлі өнер, мәдениеттер ежелден тоғысқан. 1939 жылы атақты Қажымұқан Шиеліге келіп, үлкен өнер көрсетті. Ел риза болды.

Күрескер ақын Ақтамберді, Иманжүсіп ақын Нартай Бекежанов  осы елдің түлегі. Шығыс ертегілер шыңы «Мың бір түнді» қазақ тілінде сөйлетіп, елге оның тәрбиелік мәнін таратқан жазушы Қалмахан Әбдіқадыров Шиелінің тумасы. Ақын Әбділда Тәжібаев, академик Лениндік сыйлық лауреаты  Шахмардан Есенов, академик Мұхамеджан Қаратаев, басқа да ғылым қайраткерлері осы елден шықты. Сәбит Мұқанов Шиеліге келіп, елмен әңгімелесіп, «Октябрьдің ХІV жылдығы» атындағы қазақ  орта мектебі оқушыларымен кездесіп, «Сырдария» романын жазды. Кездесуге мен де қатыстым.

Атақты Мұстафа Шоқай осы ауданның тумасы. Оның бүкіл өмірі  Түркістан бостандығы, тәуелсіздігі үшін күреспен өтті. Қызылорда қаласында оның зәулім ескерткіші бой түзеп тұр. Сұлутөбеде музейі бар.

Бұл айтылғандар Шиелі жерінің есте қалған, көрген кейбір ерекшеліктері десе болады. Қыдыр дарыған өлкені бағалап, күтіп, пайдалана білсек екен! Жер-Ана – ел тірегі, тіршілік негізі. Оны аялау, қадірлеу – әрбір перзенттің парызы.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,

академик, 

философия ғылымдарының 

докторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<