Тәуелсіздік тұғырын бекіте түсті

1005

0

Отыз жыл қайта жаңғырған мемлекет үшін көп уақыт емес. Қоғам алға жылжыған екі ғасырдың тоғысында қантөгіссіз, бейбіт жолмен келген жаңа заман өкілдерінің бақыты, келешек ұрпақтың шаттығы – тәуелсіздік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын азаттыққа қол жеткен уақыттан бастап өткенді саралап, болашаққа бағдар берген, тарих беттеріне жазылып қалатын құнды еңбек деуге болады.


«Бағдар мен белес» деп аталатын бөлімді оқығанда, алғашқы онжылдықтағы еліміздің іргетасының қалану жылдары еске түсті. Бұл мемлекет құрылымындағы айқын жол таңдау кезеңі еді. Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі шақта бар қиындықты бастан кешірдік. Ел экономикасының құлдырау кезеңі болды. Қазақстан аяғынан тік тұру үшін бұрын болмаған саяси-экономикалық ортаға енді. Осындай кезеңде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев батыл шешімдер қабылдады. Бұрынғы меншіктің түрі мен мағынасы өзгеріп, түрлі меншік нысандары, жаңа қоғамдағы жаңа мемлекеттік басқару жүйесі өмірге келді. «Алдымен экономика, сосын саясат» қағидасы өзінің өміршеңдігін көрсетті.
Бұл жылдары мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валюта айналымға енді. Қарулы күштер құрылды, Ата Заң қабылданды. Шет елдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. «Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылданып, мемлекет шекарасы бекітілді. Қандастарымыз үшін ұлы көшке жол ашылды. Алғашқы онжылдық ел экономикасының дағдарыстан шығу жылдары болды.
Екінші онжылдық – қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы уақытта мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуеті арта түсті. «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылып, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттері өтті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды.
Екінші онжылдық ел экономикасының өсу жылдары болды. 2000 жылы ішкі жалпы өсім 9,6%-ке, 2001 жылы 13%-ке өсті. Тұралап қалған экономика, мәдениет, ауыл шаруашылығын жақсарту мақсатында, халықтың мәдени-рухани өмірін көтеруде «Денсаулық жылы», «Мәдениет жылы», «Ауыл жылы» бағдарламалары қабылданып, пәрменді түрде жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысы бостандық бізге оңайлықпен келмегенін, ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысқанын, талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткергенін айтты. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс. Ұлт тарихы ұрпақ тәрбиесінде, сананы жаңғыртуда зор үлес қосатынын атап өтті. Президент тапсырғандай, орталық телеарналар тарихи тақырыптарды жас ұрпақтың тарихи санасын айқындау үшін түсіру керек. Бұл халықтың көкейінде жүрген ой еді. Жасыратыны жоқ, қазір біздің телеарналар арзан шоу, атыс-шабыс шетелдің кинофильмдерін көрсетуді үдете түсті. Біз, бүгінгі жас ұрпақ ұлттық менталитетімізге кері әсер ететін мұндайлардан аулақ болса дейміз.
Мемлекет басшысы «Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» деген болатын.

Сонымен қатар ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұлан-байтақ жерді ұрпағына мирас етіп қалдырған мұрасын көздің қарашығындай сақтауды жан-жақты баяндады. Халықтың көкейінде жүрген жер мәселесіне байланысты «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әрбір азаматымыз санасына берік сіңіру қажет» деп атап өтті. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, міндеті» деп, барша қазақстандықтарға оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу тастады. Осыдан соң саналы, намысы бар азаматтар ойланатын болар.


«Ұлағат пен ұстаным» атты бөлімде Президент саяси реформаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселелеріне жан-жақты тоқталып, жаңа жүйенің өзіндік тиімділігін, тұрғындар мен биліктің бірлесіп жұмыс істейтінін, алғашқы жылдары ауыл, кейін аудан әкімдерін сайланбалы болатынын атап өтті. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялық Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам.


Қасым-Жомарт Кемелұлы ХХІ ғасыр – білімді мен біліктінің дәуірі, сондықтан келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығын баяндаған. Азаттық жылдарында дүниеге келген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау – өте маңызды қадам. Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі тәуел­сіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін.

Рысбай КӘРІМОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<