«Япурай» жүлдемен оралды

377

0

 Жоғары деңгейдегі кәсіби хор ұжымдары ара­сындағы халық­ара­лық байқауда М.Мәметова атын­дағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Япурай» хор ұжымы жүлделі орын иеленді.

Ақтөбеде өткен «Жұбановтар әуені – 2018» фестивалі халық­ара­лық өнер байқауы бәсі жоғары бәсекенің бірі. Осы бай­қауда бірнеше халықаралық, рес­пуб­ликалық байқаулардың лау­реаты атанған «Япурай» хоры кәсіби шеберліктерін тағы да дәлелдеді. Аймақ абыройын асқақтатқан өнер­паздар марапат биігінен көрінді.

Үш күнге созылған халық­аралық өнер додасына еліміздің бірнеше қалаларымен қатар Ресейдің Санкт-Петербург, Орынбор және Саратов қаласынан барлығы жеті хор ұжымы қатысты. Өнерпаздар байқау шарты бойынша Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбановалардың шы­ғар­маларын орындады. Үміт­керлердің өнерін еліміздің және Ресей мен Латвияның белгілі композиторлары мен дирижерлары бағалады.

– Қазақстанда өнерді ерекше құрметтейді. Әрі мамандар да кәсіби, өз істерінің шебері. Мұн­дай ауқымды шараға шақыр­ғандарыңызға алғысымды біл­діремін. Өнерде шекара жоқ. Қызыл­ордалық өнерпаздарға тән­ті болдық. Мұндай қарқынмен үлкен белестерді бағындырады деп ойлаймын, – деді қазылар алқасының мүшесі, Даугавпилс музыкалық театрының директоры Евгений Устинсков.

– Елдердің арасында мәдени достық болуы тиіс. Қазақтың көрнекті композиторлары Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұба­нованың туындыларын әлемге танытқан Сырдың өнерлі қыз-жігіттері бұл байқауда жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл, әрине, кәсіби шеберлік пен  үздіксіз дайындықтың жемісі, – дейді  ұжым жетекшісі Сәуле Күздібаева.

Халықаралық деңгейдегі өнер фестивалі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<