ЫНТЫМАҚ – ЫРЫС БАСТАУЫ

705

0

ЫНТЫМАҚ – ЫРЫС БАСТАУЫ Қызылорда қаласының ір­ге­сіндегі Қарауылтөбе ауыл­дық округінде қарқынды тірлік байқалады. Мұнда көп­салалы «Натишаева» жеке кә­сіп­керлігінің шаруашылық ке­шені мен «Орда» шаруа қожалығы орналасқан. Кешенде мал бордақылау алаңы, мал сою пункті, ет бағытындағы құс фермасы және жылыжай бар.

Жуырда облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Әуелі жылыжайдан бастадық. Мұнда қиярдың 4 түрлі тұқымы егіледі екен. Сонымен қатар қызанақтың бірнеше түрі, ақжелкен көктеп тұр.

– Кешен 2014 жылы салынған. Жылы­жайда 19 адам еңбек етеді. Барлығын арнайы оқыттық. Респуб­ликалық семинар-тренингтерге жі­бердік. Оңтүстік Қазақстан облы­­­сындағы әріптестерімізбен тә­жірибе алмастық. Ақырындап осы саланы игере бастадық. Тұтыну­шылардан сұраныс өте жоғары. Қызылордалықтарды толықтай жер­гілікті өніммен қамтамасыз етсек дейміз. Осы мақсатта тынбай тер төгудеміз, – дейді жылыжай кешенінің жетекшісі Ғалым Төлегенов.

Жылына екі мәрте егілетін өнім­дерді баптаумен білікті агрономдар айналысады. Мұнда 20-ға жуық ауыл тұрғындары жұмыс істейді. Ең­бекақылары да көңілге қонымды. Жұмысқа барып-келуі, түскі асы шаруашылық есебінен.

– Қызанақ 150 күнде өнім береді. Әр түптен 3 келіге жуық көкөніс аламыз. Қияр 120 күнде піседі. Бір түп 12 келіге дейін өнім береді. Тәулігіне 120 келі қызанақ, 280 келі қияр жиналады. Қызанақтан 6 мың түп егілді. Үш жылдан бері жылыжаймен айналысып, үлкен тәжірибе жинадық, – дейді агроном Нұркелді Пірәлиев.

Айта кетсек, шаруашылық былтыр «Ауыл шаруашылығы дақыл­дарын қорғалған топырақта өсіру» бюд­жеттік бағдарламасы арқылы жылы­жайда өсірілген көкөніс дақыл­дарына 9729,5 мың теңге көлемінде субсидия алған. Ал, «Орда» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ бастамасымен қала төңірегінде 10 гектар жерге салынған 120 жылыжайды лизингке алып, қазір онда қызанақ өсірілуде. Мамандардың сөзінше, 70 жылыжайдың 50-де қызанақ егіл­ген. Өнімділігі өте жақсы. Шамамен, әр жылыжайдан 3-4 тонна өнім алуға болатын көрінеді. Мұнда 17 адам тұрақты түрде еңбек етеді. Өнім­дер қала дүкендеріне көтерме баға­мен жеткізіліп, сатылып жатыр. Экологиялық тұрғыдан таза, әрі табиғи өнім. Ең бастысы, химиялық қоспалардан ада.

Осы кешен аумағында құс фермасы да орналасқан. Онда ет бағытында  құс өсірілуде. Мал мен құстың азығын шаруашылық өздері дайындайды. Бұл өз кезегінде қала халқын арзан етпен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

Құс фабрикасында қаз, үйрек, күр­­кетауық, тауық, цесарка құсы өсірілуде. Фабрикада күніне 5 тоннаға жуық тауық еті өндіріліп, «Таза» белгісімен сатылымға шы­ғарылып жатыр.

– Бізде  120 мың “Арбор-Айкрес” тұ­қымдас тауық өсіріледі. Күніне 5 тонна ет өндіруге мүмкіндігіміз же­теді. Құсты Алматы облысынан әке­ліп отырмыз және өзіміз инкубациядан шығарамыз. Бүгінде құс фабрикасында 17 адам жұмыс жасайды. Өнімдеріміз қаланың ішінде 250 дүкенге сатылымға шықты. Алдағы уақытта сатылым аясын кеңейту жоспарда бар, – дейді құс өсіру шаруашылығына же­тек­шілік етіп отырған Кенжебек Қалмұратов.

Инкубацияға бір мезетте 35 мың жұмыртқа салынып 21 күнде тіршілікке айналдырады. Бала­пан­дарға 5 мәрте екпе салынып, салмағы 2 келіден асқан соң сойысқа жіберіледі. Жылына 900 мың балапан шығаруды мақсат еткен шаруашылықта қосымша инкубациялық жайлар мен тауық қоралар салынуда. Мұнан бөлек қаз-үйректер де көбейтілмекші. Бүгінде өсім беріп отырған олардың қарасы 2 мыңнан асқан.

Шаруа қожалыққа солтүстік өңірден асылтұқымды “Абердин-Ангус”  мүйізді ірі қарасы әкелінген. Оны жергілікті “Әулиекөл” тұқымымен будандастыру жұмыстары қолға алынуда. Қазіргі уақытта кәсіпкердің мал бордақылау алаңында  300 бас ірі қара мен 500 бас қой бордақылануда. Бордақылар мал сою пунктінде сойылып, еті қала базарларына, дүкендерге жеткізілетін болады.

Қарауылтөбеде жұмыссыз жүр­­ген жан жоқ. Басым бөлігі осы шаруашылықта еңбек етеді. Кәсіп­кер­лер мен тұрғындар тізе қоса қимылдап, ілкімді істерді қолға алған. Жақында ғана тақтайдай тегіс жол төсепті. Кәсіпкерлердің көмегімен әлеуметтік нысандар да бой көтерген. Жоқ-жітікке жәрдемдесіп тұру да назардан тыс қалмаған. Қысқасы, ынтымағы жарасқан жұрттың жұмы­ла жасаған жұмысы халық игілігіне бағытталған.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<