Қызылордада ІІІ халықаралық интернет-форумы өтті

394

0

Қызылордада ІІІ халықаралық интернет-форумы өтті «Цифрландыру: аймақтардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер» атты интернет-форумына Ресей, Татарстан, Беларусь, Украина және Қытай сарапшылары мен «Huawei», «Dell», «Сколково» секілді цифрландыру саласының әлемдік жетекші компанияларының өкілдері қатысты.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өзінің алғы сөзінде ақпараттық және сандық технологиялардың қазіргі заманда маңыздылығын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, адамзат төртінші өнеркәсіптік революцияға қарай қадам басты. Оның өз қағидалары бар. Онлайн мен оффлайн арасындағы шекаралар жойылып, киберфизикалық жүйелердің заманы келе жатыр. Сәйкесінше, осы жүйедегі салалардың құрылымы мен мемлекеттердің рөлі өзгеруде. Цифрлық технологиялар жаңа заманның «мұнайы» атанды. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың 25 пайызы цифрлық форматқа көшеді», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі түрлі салаларды цифрландыру бойынша өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты.

«2018 жылы цифрландыруға облыстық бюджеттен 2,4 миллиард теңге қарастырылды. Ақылды басқару, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздік және бизнес салаларында 50 жуық жоба жүзеге асырылуда», – деді Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ, форум барысында Татарстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары-Ақпараттандыру және байланыс министрі Роман Шайхутдинов сөз сөйлеп, онлайн-баяндамасында электрондық үкімет пен цифрлық экономика саласындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты. Оның айтуынша, бүгінде Татарстанда IТ-саласындағы 1700 компания мен 32 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, интернет-форумда «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің жетекші талдаушысы Илья Романовский «Цифрлық трансформация: ортаны цифрландырудан ақылды қалаға дейін» тақырыбында баяндама жасады. Оның пікірінше, жақын арада 2011 жылдан бастап пайда болған «заттар Интернеті» ұғымының орнын жаңа «барлығының Интернеті» ұғымы басатын болады, яғни кез келген заттар мен сервистер ғаламторға енгізілуі мүмкін.

Қызылордада ІІІ халықаралық интернет-форумы өтті Одан бөлек, форумда Қазақстандағы «Huawei» компаниясы корпоративтік сату департаменті бас директорының орынбасары Zhao Hongbin, reactor.ua тұғырнамасының құрылтайшысы Евгений Саранцов,  Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің аға оқытушысы Наиль Гафуров және т.б. баяндама жасады.

Форум аясында бірқатар әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда,  «Astana Hub» Халықаралық стартап-хаб ұйымымен IT-жобаларды жүзеге асыру туралы, «Какаду Девелопмент» ЖАҚ «Smart city» технологияларын енгізу туралы, сондай-ақ, «Барс групп» және «Транстелеком» компанияларымен цифрландыру бойынша жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумдарға қол қойылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдан бастап Қызылорда облысында жетекші сарапшылардың қатысуымен халықаралық интернет-форумы өткізіліп келеді. Алғашқы интернет-форумы электрондық сауда жасау мәселелеріне, екіншісі– Байқоңыр қаласындағы кәсіпкерлікті дамыту, ал бүгінгі үшінші интернет-форумы цифрландырудың аймақтарды дамыту үшін мүмкіндіктеріне арналған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<