Қызылордалық өнерпаздар Шотландияда «Ақбаян» қойылымын сахналады

429

0

Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Шотландияның Эдинбург қаласында өтіп жатқан «ФРИНДЖ» өнер фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклімен қатысуда, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Халықаралық фестиваль Эдинбург қаласында 3 тамыз күні басталды және 27 тамызға дейін жалғаспақ. «Ақбаян» спектаклі көрермендерге 6-8 тамыз аралығында көрсетілді. Фестиваль аясындағы қойылым көрсетіліміне Лондондағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Спектакль ұлттық билер, ойындар және асық, көкпар, арқан тарту сияқты спорттық сайыстар мен ұлттық киімдер арқылы халық нақышы мен қазақ мәдениетін көрсетеді.
Қоюшы-режиссер – театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темір. Суретші-декоратор – Нұркен Қалымбетов. Қойылымдағы әртістердің көпшілігі жастар екенін ерекше атап өту керек. Мысалы Ақбаян рөлінде – Зарина Кенжалы, Қозы рөлінде – Санат Жүзбай, Қодарды – Қанат Архабаев, Қарабайды – Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Бахытбек Темірбеков сомдаса , Мақпал рөлінде – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері Залипа Төлепова, Күнікей рөлінде – Ақтолқын Төлеуова ойнады.
«Ұйымдастырушылардың талаптарының бірі – берілген уақыттан аспау. Дүниеге келгенінен басталатын Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу оқиғасын 55 минутқа шақтап, қойылымды «Ақбаян» деп атадық. Қазақи әуен, ұлттық нақыштағы декорациялар, костюмдер мен ойындар көрермендерге ұнады, біз үшін ең маңыздысы да – осы», – деді қоюшы-режиссер Хусейн Әмір-Темір.
Айта кетейік, «Фриндж» («Fringe») фестивалі 1947 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылады және әлем бойынша театр өнеріндегі ең ірі шара болып табылады. Биыл фестивальге әлемнің 50 елінен келген 50 000-ға жуық артист қатысуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальде көрермен назарына 3700 түрлі жанрдағы қойылым ұсынылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<