ЖАРТЫ ЖЫЛ: КӨРСЕТКІШ ЖОҒАРЫ

271

0

Өңірлік коммуникация қызметінде облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен брифинг өтті. Онда аймақтың І жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды. 

Сонымен,   І жартыжылдықта     өңір­­лік өнімнің көлемі 318,3 млрд теңгені құрап отыр. Ішкі өнім көлеміндегі облыстың үлесі 2,7 процентті көр­сетуде. Сонымен қатар, аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 437,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім бай­қалады. Тамақ өнімдерін өндіру, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 0,5 % құрайды.

Сыр өңірі – құрылысы қарқынды дамып келе жатқан бірден-бір аймақ. Әсіресе, халықты көпқабатты тұрғын үймен қамтуда соңғы бес жылда алдыңғы қатарда. Облыс орталығы 14 шағын ауданмен толыққан болатын. Биыл 42 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды, оның 36-сы осы жылы ел игілігіне берілмек. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 24,5 млрд теңгені құрауда. Соңғы жылдары мұнай өндіру көлемі төмендеп отыр.

– Дегенмен, өнеркәсіп өндірі­сін­­де өсімді қамтамасыз ету мақ­са­тында аймақ экономикасын әр­та­­раптандыру жұмыстары жүр­гі­зі­луде. Яғни, осы бағытта 22 жоба жү­­зеге асырылып, қазіргі таңда оның 16-сы бойынша өнім өндіріледі. Сондай-ақ, жалпы құны 100,8 млрд теңгені құрайтын үлкен үш жоба іске қосылады. Олар шыны, цемент зауыттары және балық өңдеу цехтары. Бұл жоба іске асса 600-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады, – деді Қ.Досмайылұлы.

Қай салада болмасын өсу динамикасы басым. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 17,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2,7 % құраса, есепті кезеңде 15,8 мың тонна тірілей салмақтағы мал және құс еті, 38,6 мың тонна сиыр сүті, 3,4 млн дана жұмыртқа өндірілген. Ал, өткен жылмен салыстырғанда жүк тасымалдау көлемі 0,2 % өсіп, 42,3 млн тоннаны құраған.  Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейі 4,8 % көрсетсе, бірінші жартыжылдықта 13712 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде тұрақты жұмыспен 7699 адам, жергілікті бюджет есебінен төленетін қоғамдық жұмыстарға 3833, жастар тәжірибесімен 1447, әлеуметтік жұмыстарға 733 адам орналасқан.

Ал, мемлекеттік бюджетке есепті кезеңде 63,8 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсіп, болжам 112,3 процентке орындалған. Оның ішінде республикалық бюджетке 33,9 млрд, жергілікті бюджетке 29,9 млрд теңге түсім түскен.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<