ЖАСАМПАЗ ҚАЛА – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

317

0

Қызылорданың даму деңгейін, қала мәдениетінің артқанын сәулетті нысандардан, соңғы жылдары қарқын алған құрылыс жұмыстарынан, гүл көмкерген көшелерінен, тазалығынан анық байқауға болады. Тұрғын-үй құрылысының жылдам әрі көп жүргізілуі қалалықтардың, әсіресе жас отбасылардың баспаналы болуына ықпал етті. Бұл туралы Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мәжілісте де айтылған екен. Қала балабақша бизнесінің даму қарқыны жағынан өзге облыс орталықтарынан көш ілгері. Мектеппен қамтамасыз ету көрсеткіші де елдің көңілінен шығуда. Облыс әкімінің «Сабалақ» саяжай кешенін қала аумағына кіргізу жөнінде тапсырма беруі ондағы инфрақұрылым мәселелерінің оңтайлы шешіліп, қызмет көрсету деңгейінің артуына жол ашатыны белгілі.

Тұрғындардың қолайлы өмір сүруі, қауіпсіздігі үшін қашанда көшені жарықтандыру, жылу, жолдар, тротуарлар мәселесі маңызды. Мәжілісте осы жағдайларға баса назар аударылып, қала аумағын тиімді пайдалану қажеттілігі айтылған екен. Расында, қала инфрақұрылымы жоғары деңгейде дамуы үшін жеке тұрғын үйлердің орналасу жиілігі өте төмен де, өте жоғары да болмауы қажет. Бұл қызмет көрсету сапасының дамуына да қатысты мәселе. Сондай-ақ жол, қоғамдық көліктердің оңтайлы жүйесін қалыптастыру мәселесінің назарға алынуы қала тұрғындарының еркін, қауіпсіз серуендеуіне септігін тигізеді.

Қала сәулетті ғимараттарымен ғана емес, жайқалған жасыл желегімен де көріктене түсері сөзсіз. Шаһардың жасыл жамылғысы қаланың әрі мен әдемілігі ғана емес, ауа тазартатын, күннен, шудан қорғайтын қорғанышы. Жиында ағаштардың мол болуы үшін алдымен, арықтар жүйесін ретке келтіру мәселесі қозғалып, мұны шешудің тиімді жолдары қарастырылыпты. Сап түзеген ағаштар сәнді саябақ, мәдени демалыс орындарының артып, гүл мен жасыл желектің көбейе түсуіне септеседі. Мұның барлығы қалалықтардың өмір сүру сапасының артып, әл-ауқатының жоғарылауы үшін жасалған қадам, нақты жоспарлар деп ойлаймын.

Бүгінде шаһардың сән-салтанатының еселі еңбектің нәтижесін байқаймыз. Ең бастысы, Қызылорданың бүгінгі даму деңгейі тұрғындардың, жастардың жарқын болашағын елестетеді.

Құралай ӘБІЛДАЕВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда

 педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<