Жасампаздық жолындағы Жалағаш

703

0

Ауылда той болып жатқан үйді бірден білесің. Онда ағайын жиылып, қазан-ошақ дайындап, абыр-сабыр күйде жүреді. Жалағаштың 80 жылдық мерейтойында да осы  ауызбірлік байқалды. Ауданның әр бұрышында әсем ән әуелеп, күй қалықтады. Жалағаштан түлеген танымал тұлғалар туған жерде бас қосып,  мерейтойға деген ізгі лебізін білдіруге асықты.
Мереке ерен ерлігі ес­кір­мейтін ерлердің рухына тағзым етуден басталды. «Тағзым» алаңында өт­­кен шарада артынан ізгі із қал­дырған Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов пен Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің бюсттерінің ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пен облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов қатысты. Наурызбай Сейітқалиұлы облыс басшысының арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар қайраткерлердің еңбек жолын сөз етіп, адамгершілік болмысын айшықтады.
– Қасиетті Жалағаш жерінде талай тарих тұнып жатыр. Са­йын даласына сақтарды сый­ғызып, оғыздарға Отан болған өлкеде Сәрке, Бұқарбай сынды хас батырлар мен күллі Алашқа әділдігін айтқан Әбжали ишан, Мырзабай ахун мен Беркімбай, Мәмбет, Түмен әулиелер дүниеге келген.  Арда азамат, Алаш арысы Темірбек Жүргенов те – осы өңір­дің тумасы. Ал, аққұмдық Алдаберген Бисеновтың елді дамытудағы еңбегі еңселі. Қайраткер ауыл еңбеккерлерінің тұр­мысын биікке көтеріп, егін­шілік ахуалды жақсартуға күш салған. КСРО жетістіктері көр­месінің алтын және күміс медальдарын иеленген. А.Бисенов есімі Қазақстанның «Құр­мет Алтын кітабына» жазулы. Ол І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» және «Ленин» ордендерімен марапатталған. Қармақшы өн­дірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған Исатай Әбдікәрімов те КПСС ХХІV съезінің делегаты, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және СССР медальдарымен марапатталған. Өткенге құрмет – елге құрмет. Мерейлі мереке аясында осындай тағылымды шараның ұйымдастырылуы көңіл­ге қуаныш сыйлады. Ру­ха­ни орынның ауданның көркіне көрік қосып, жастарға патриоттық сезім сыйлайтынына сенімдіміз. Тарихтың тұмарындай болған Жалағашты мерейлі мерекесімен құттық­тай­мыз. Аудандағы ілкімді істер бұдан кейін де жалғасын таба берсін, – деді Н.Байқадамов.  
Мұнан кейін мереке орталық стадионда жалғасын тапты. Мұнда «Алтын дән» салтанаты аясында бірқатар мерекелік шара ұйымдастырылды. Күзгі думанда аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев аудандағы ауқымды істерге тоқталып, жемісті же­тістіктерді атап айтты.
– Жалағаш – төскейде төрт түлігі түлеп, алқапта ақ мар­жаны жайқалған мекен. Аудан ауыл шаруашылығы сала­сы бойынша жыл сайын толайым табысқа қол жет­кізіп, өңір қазынасының ұл­ғаюы­на айтарлықтай үлес қо­суда. Еңбектің даңқын асыр­ған егінші жұрттың шаруа­сы ширақ. Биыл аудандағы ша­руа­шылық құрылымдары  36675 гектар жерге егін екті. Оның 22366 гектары – күріш. Жыл қорытындысымен аудан алдыңғы қатардан көрі­ніп, күріштің әр гектарынан 63 центнерден өнім жинап, облыстық «Алтын дән» мереке­сінде «Үздік аудан» номинация­сын еншіледі. Тағы бір атап өтерлігі, үздік комбайншы, үз­дік сушы, үздік агроном, үз­дік күрішші де осы өлкенің еңбеккерлері болды. Бірқатар азаматтарға «Еңбек даңқы» және «Ы.Жақаев» төсбелгілері табысталды. Бір сөзбен айт­қанда, Жалағаш үздіктердің елі, озаттар мекені екенін дә­лелдеді. Бұл бір жағынан ау­данның 80 жылдығына деген үлкен тарту болды. Бұдан бө­лек, ауданда ауқымды іс жетерлік. Кәсіпкерлік пен құ­рылыс саласында да алға іл­герілеушілік бар. Құны 4 млрд теңге ау­дандық аурухана құрылысы мен аудан орталығына газ жүр­гізу жобасын қаржыландыру биыл өз шешімін тапты. Кәсіпкерлікті дамытуда қарқын байқалады. Мұның барлығы жұрт­шылықтың ынтымақ, бір­лі­гінің жемісі екенін айту керек, – деді аудан әкімі.
Содан соң дәстүр мен ұлттық құндылықтардан сыр шертетін қойылым көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар өлкенің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтардың мәртебесі асқақ­тап, марапат биігінен табыл­ды. Олардың қатарында Қа­зы­на Өзденбаева, Ханзул­ла  Кәметов, Бауыржан Иман­ға­лиев, Өтеш Махановалар бар. Жиналған қауым концерттік бағдарламаны тамашалады, сон­­дай-ақ, дәстүрлі түрде ұй­ым­­дастырылып келе жат­қан ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің жәрмеңкесін де аралады.
Бұл күні Қ.Қазантаев атын­дағы мәдениет үйінде де мазмұнды шара өтті. Онда «Жалағаш ауданының көше­лері мен құрметті азаматтары», «Тарихы терең, еңбегі ерен – Жалағаш» атты кітаптар мен «Жалағаш жауһарлары» атты СD жинағының тұсаукесер рәсі­мі ұйымдастырылып, оқыр­ман­ның жоғары бағасына ие болды. Қатысушылар құнды пі­кірлерді қалт жібермей, үл­кен қызығушылықпен тыңда­ды.
Тағылымға толы жиын рес­­­публикалық ақындар айты­сына ұласты. Белгілі ақын Жүр­сін Ерман жүргізген сөз бәсе­кесінде танымал айтыскерлер тақырыпқа байланысты орамды ой, ұтымды ұсыныс, орынды пікірімен көпшіліктің ризашылығына бөленді. Қо­рытындысында Мұхтар Ниязов бас жүлде, Талғат Мықи І орын, Айдос Раxметов ІІ орын, Шалқарбай Ізбасаров ІІІ орын иеленді.
Мерекелік шара танымал эстрада жұлдыздарының қа­тысуымен өткен гала концертпен қорытындыланды. Кеш­тің көркін Елена Әбдіха­лықова, Ме­дет, Клара Салы­қовтар, Ға­зизхан Шекербеков пен Самал Байсейітова, Индира Елубаева секілді танымал әншілер қыздырып, жиналғандар көңі­лін көтеріп тастады. Сахна төрінен әсем ән, тәтті күй бірі­нен соң бірі төгілді. Тал шы­бықтай бұралып, әуезді әуенге тербелген бишілер тобы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Естен кетпес шара аспан әлемін сән­ге бөлеген отшашумен қоры­тындыланды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<