«Жастар жылы» несімен есте қалды?

1169

0

Әне-міне дегенше «Жастар жылы» да қорытындыланды. 2020 жыл – еріктілер жылы. Дайындық қалай, алдағы жоспар қайсы?

Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен өткен басқосуда осы мәселелер талқыланып, мемлекеттің қозғаушы күші саналатын жастарға қолдау толастамайтыны айтылды. 2021 жылға дейін белгіленген арнайы «Жол картасында» жастардың жұмысқа орналасуы, тұрғын үй, білім беру, бос уақытты тиімді пайдалануына қатысты мәселелері қарастырылған.

– Кейінгі толқынды ерекше қолдаудың бір көрінісі өтіп бара жатқан – «Жастар жылы». Елбасы осы игілікті іске бастамашы болды. 6 жыл көлемінде облысты басқарған Қырымбек Елеуұлының да осы саланы дамытудағы еңбегі ерекше. Жастар саясатында үлкен серпін бар. Биыл облыс бойынша 500-ге жуық жас  кәсіпкерлік негіздерін оқыса, 22 мыңы түрлі бағдарламалардың игілігін көрді. Олардың қатарында «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді бас­пана – 2020» бағдарламалары бар. Ауыл жастарына арналған «Дипломмен – ауылға!» жобасы да жемісін беруде. Аймақта NEET санатындағы жастар санының төмендегені қуантады. Оған еңбек ресурстары балансының жыл са­йын жаңаруы, «Облыс бойынша NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарының», «Облыс бойынша мемлекеттік жас­тар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасының» іске асырылуы ықпал етті. Ең бастысы, «Жастар жылында» сіздерге арналған орталық есігін ашты. Мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасады, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары түрлі салада жастардың жетістіктерін жіктеп, қол жеткізген табыстарына тоқталды.

– Спорттағы серпіліс ерекше. «Қайсардың» 20 жылдан кейін Қазақ­стан кубогы финалына шығуы Сырдың ме­рейін тасытты. Мәнерлеп сырғанаудың үздігі Элизабет Тұрсынбаева, Қамшыбек Қоңқабаев пен Тұрсынбай Құлахмет секілді боксшылардың, палуан Нұрым Сәлімгереевтің жүлдегер атануы – үлкен мәртебе. Білім, мәдениет саласында да  жетістік көп.  Қазір тұрмыстық қажеттілік жылдам әрі адам күшінсіз өтелетін дәурен, әлемді алақанға сыйдырған технологияның өріс алуы мен ІТ саласының қарқын алуы да жастарға ой салуда. Нәтиже жаман емес. Алдағы уақытта сіздердің мұнан да жоғары белестерден көрінетіндеріңізге сенеміз, – деп толықтырды сөзін Нау­рызбай Сейітқалиұлы.

Оған қоса жиында алдағы «Еріктілер жылына» дайындық тағы бір пысықталып, жаңа жобаларға дем берілетіні айтылды. Талапты да талантты жастардың басын қосқан бұл жолғы шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Жастар еркін пікір алмасты, идеяларымен бөлісті. Рухани тың жобалары арқылы елге жаңалық әкелуді ойлайтынын, жеті жұрттың тілін білген  олар әдебиет пен мәдениетке, төл тарихты терең тануға ұмтылыс жасайтынын көрсетті. Шара қорытындысында белсенді, еңбегімен ерекшеленген жас­тар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өнерпаздар әннен шашу шашып, салтанат сәнін келтірді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<