ЖАҢҒЫРҒАН ДӘСТҮРДІҢ ТАБЫСТЫ ЖОЛЫ

596

0

Бүгін және ертең Жаңақорған ауданында малшылар слеті өтеді. 2015 жылдан бастап қайта жаңғырған игі дәстүр атакәсіптің жан-жақты дамуына үлкен дем беріп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне жүгінсек, соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасып, агроөнеркәсіп кешеніне салынып жатқан инвестиция еселеп өсуде. Соңғы 5 жылдың өзінде салаға тартылған инвестиция 23 есеге ұлғайған. Ал облыста мал басы, өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты – 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 29,6%, жылқы – 50,4%, түйе саны 52,5%-ке көбейген. Оның ішінде, соңғы 5 жылда ұйымдастырылған шаруашылықтарда ет өндіру 2,7 есеге көбейсе, сүт өндірудің өсімі 1,6 есеге артты.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі агрокартасы қабылданды. Онда ішкі нарықты молықтыру мен экспортқа өнім шығаруға негізделген екі бағыт айқындалды.

Ал, өткен жылы облыс аусыл ауруынан буферлік аймақтан шығуының арқасында былтырғы жылдың өзінде Иранға, Моңғолияға, Біріккен Араб Әмірлігіне 2,4 мың бас тірілей қозы ет бағытында экспортталды. Қазір Иран, Қытай, Моңғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екендігін білдіруде. Бүгінде облыста ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланды. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының аясында мал басы көбейіп, тұқымын түрлендіру жұмыстары жалғасуда. Жаңадан 134 дана ұңғыма іске қосылып, 25 мың гектар жайылымдықты суландыру қамтамасыз етілді. Асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысатын репродукторлық шаруашылықтар құрылуда. Тек соңғы 5 жылда 4,5 мың бас асылтұқымды ірі қара, 36 мың бас қой сатып алынды. Жылына 23 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын алаңдар құрылыстары салынды.

Жем қорын қалыптастыру мақсатында да облыста егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, құрама жем өндіретін екі зауыт іске қосылды. Биыл халықаралық стандарттарға сәйкес келетін «Сыр маржаны» серіктестігінің ет комбинатының құрылысы басталмақ. Сонымен бірге тауарлы сүт фермаларының өндірістерін ұлғайту мақсатында жаңа жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Биылдың өзінде Шиелі ауданында 1200 басқа арналған «Сыр Агро и К» серіктестігінің тауарлы сүт кешенінің құрылысы басталса, «Асылхан» шаруа қожалығының 200 бас малға арналған сүт тауарлы фермасы іске қосылды.

Ет, сүт өнімдерін дамытумен қатар, облыста ширек ғасыр бойы тұралап қалған құс шаруашылығы да қолға алынуда. Былтыр Шиелі ауданында жұмыртқа өндіретін «Мөлдір и К» серіктестігінің құс фермасы іске қосылса, Қармақшы ауданында «Қармақшы құс» серіктестігінің құс етін өндіретін фабрика құрылысы басталды. Сонымен қатар Қызылорда қаласында ет бағытындағы «Орда» шаруа қожалығының, жұмыртқа бағытындағы «Самұрық құс» серіктестігінің құс фермалары жұмыс жасауда.

Өткен жылдан бастап «Байқоңыр» ӘКК арқылы облыстық бюджеттен мал шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңге қаржы бөлініп, «ОрдаАгротехнология» серіктестігі 150 бас асылтұқымды Санта Бертруда, «Бекарыс АгроФуд» серіктестігі 300 бас мал тұратын қалмақ тұқымды репродуктор шаруашылықтарын құрды. Сондай-ақ «Саламат Агро» серіктестігі 1,5 мың бас мүйізді ірі қараға лайықталған бордақылау алаңы мен шағын ет комбинатын іске қосса, биыл шағын ет комбинаты мен 3 мың бас мал бордақылау алаңын жандандыратын «Шаған АгроФуд» серіктестігінің өзге де жобаларға бюджеттен 1,3 млрд теңге қарастырылып, облыста мал шаруашылығын дамытудың кластерлік негізі қалыптастырылуда. Осы шаралар толық орындалғанда 2019 жылы мал шаруашылығының дамуы қалыпты өсіп, ет өндірісі 17%, сүт өндірісі 7%, жұмыртқа 65%, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деген жоспар бар.  

Міне, осындай игілікті істердің бастау алып, алға жылжуына малшылар слетінің ықпалы зор.

Биылғы төртінші мәрте ұйымдастырылатын слетке қатысушылар бірқатар шаруашылықта болып, асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары туралы семинарға қатысып, шаруа қожалықтары өнімдері қойылған көрмені тамашалайтын болады. Шараның көркін ұлттық спорт ойындары қыздырады. Білекті балуандар боз кілемде белдессе, өнерпаздар еңбекқор жандарға тарту жасайды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<