ЖОЛ-КӨЛІК ҚЫЗМЕТІ ЖАҢАША СИПАТТА ДАМЫП КЕЛЕДІ

422

0

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен көлік саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
– Осыдан 15 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен көлік саласы қыз­меткерлерінің кәсіби мерекесі белгіленді. Содан бері бұл күн тек осы сала қызметкерлерінің ғана басын қосатын атаулы күн емес, бүкілхалықтық кәсіби мерекеге айналды. Өйткені, халықтың бүкіл тыныс-тіршілігі жол-көлік саласымен тығыз байланысып жатыр. «Жол жолға жалғасады, ел елге жалғасады» дегендей, сіздердің арқаларыңызда алысты жақын етіп отыр, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, аймақ басшысы экономиканың нағыз қозғаушы күші саналатын саланың өңірімізде қарқынды дамып келетініне тоқ­тал­ды.
Осы жылы жаңа халықаралық рейс­тер ашылып отыр. Атап айтқанда, маусым айынан бастап Қызылордадан тікелей Мәскеуге ұшатын әуе рейсі ашылды. Бұл, әсіресе, Ресейде білім алып жатқан қызылордалық жас­тар үшін өте тиімді болып тұр.  Ол сондай-ақ,  бизнес өкілдері үшін де өте қолайлы. Әрі қарай Еуропа елдеріне шығып кету оңайға соғады. 18 шілде күні көршілес Өзбекстан елімен халықаралық «Қызылорда-Ташкент-Қызылорда» автобус маршруты жұмысын бастады. Өзбекстан – жақсы дамып келе жатқан мемлекет. Алдағы уақытта көлік-логистика бойынша көптеген бірлескен жобалар жүзеге асырылатын болады. 2017 жылдың тамыз айында 200 автобусқа арналған халықаралық талаптарға сай келетін, заманауи үлгідегі жаңа автобус паркі іске қосылды. Сыр елі мен Сарыарқа төсін жалғайтын «Қызылорда-Жезқазған» пойызы да халықтың игілігіне қызмет етуде. 2017 жылдың шілдесінен бастап «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» бағы­тындағы жаңа вагондардан құралған озық үлгідегі жолаушылар пойызы жүргізіле бастады. Биыл облыс­та жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге, көлік инфрақұрылымын дамытуға 13,5 млрд теңге бағытталса, салыстырмалы түрде айтқанда, 1996 жылы бүкіл облыстың бюджеті 9,6 млрд теңге болған еді. Сонымен қоса, осы жылы «Шіркейлі» арнасына көпір салу жобасы басталып, аудандық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан 5 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар облыс әкімі жақын күндері Қызылорда әуе терминалының құрылысына қатысты конкурс  өтетіні және болашақта  «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда мен Арал қаласы арасындағы бөлігін төрт жолақты ету жоспары жүзеге асатыны туралы жақсы жаңалықпен бөлісті.
Жиын барысында облыстың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан істерді баяндаған бейнефильм де көрсетілді.
Салтанатты жиында бірқатар сала қызметкерлері мен ардагерлері облыстың Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, «Еңбек ардагері», «Үздік автокөлікші» секілді арнайы төсбелгілерімен марапатталды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<