ЖОЛ ШЕТІНДЕ ҚОСЫҢ БОЛСЫН

498

0

Ұлы жолдың бойындағы ерсілі-қарсылы көлік ағыны «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің жарты әлемді жалғаудағы маңыздылығы мен бірегейлігін дәлелдеп тұрғандай. Тақтайдай тегіс, айнадай жарқыраған жолда көз тоқтатып қарайтын ғимараттар да көбейген. Сәулеті мен келбеті жағынан бірінен-бірі асатын қызмет көрсету нысандарындағы жұмыс ырғағының қалыпты екені қасындағы көліктердің қарасынан  аңғарылады. 

Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылы тұсындағы «Ақсарай» кешені де анадайдан көз тартар көркем орынға айна­лыпты. Өткен жылы сәуір айында басталған құрылыс қазан айында аяқталып,  кешен құрамындағы кафе, дүкен, қонақ үй, сауна, автокөлік жөндеу орталығы және автотұрақ жолаушыларды қабыл­дады.

Қазір мұнда күніне шамамен 10-15 үлкен сыйым­дылықтағы, 15-20 жеңіл көлік тоқтайды.  «Рагибов А» ЖК-ның иелігіндегі кешенде 2 ауысыммен 20 адам жұмыс істейді.

Біз әңгімеге тартқан Бадирша Рагибов жолаушылардан өзге жақын маңдағы ауыл тұрғындары моншаға, кафеге келіп тұратынын айтты. 17 орындық қонақ үй алыс жолға шыққан адамдардың тынығып алуына ыңғайлы етіп жабдықталған. Мұнда тоқтағандар көліктерінің қауіпсіздігіне алаң­дамайды, дәмді тағамға, дайын моншаға, өз ісін білетін көлік жөндеушілердің қызметіне алғыс айтып кетеді.

Еліміздің 5 облысын көктей өтетін транзиттік дәліздің 812 шақырымы біздің аймаққа тие­сілі. Бүгінде көліктердің жүру жылдамдығы артқан, автомобиль жолы 8 елді мекенді айналып өтеді. Мегажоба іске асқан тарихи кезеңде жолмен бірге  екі деңгейлі  жол айрықтары, көпірлер,  теміржол өткелдері де салынды.

Магистраль бойымен қаты­найтын көлік саны артқан соң жол бойы сервисі нысандарын салу қажеттілігі туындады. Сыр өңірінде осы мақсатқа  41 орын белгіленді. А,В,С,Д санаттағы сервистік қызмет көрсету нысандары Ұлттық стандартқа сәйкестендірілді.

Бүгінде 22 жол сервисі нысаны  жұмыс істеп тұр. Тағы 5 кешеннің   құрылысы жүргізілуде. Алдағы  жыл­дары  14 сервистік кешен салынады.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<