Жомарт жүректі жандарға құрмет

700

0

Ел дегенде елгезектік танытып, жұрт десе жанын салатын азаматтар бар арамызда. Төтеннен келіп, әбігерге салған пандемия уақытында қолы ашық, жүрегі жомарт жандар елге демеу болды. Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттарын марапаттап, қоғамға қамқор азаматтарға құрмет көрсетілді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған «Жомарт жүрек» сыйлығы жыл са­йын ұйымдастырылып келеді. Биыл шара күрделі уақытта халыққа көмек көрсетуде алдыңғы лектен табылған азаматтарды марапатта­уымен ерекшеленді.

Облыс әкімінің орынбасары эпидемиялық ахуал салдарымен күресуде тек қана мемлекеттік органдар емес, волонтерлар, де­меуші азаматтар, азаматтық қоғам белсенділері жұдырықтай жұ­мылып, ауқымды жұмыс атқар­ғанын атап өтті.

– Пандемия сын сағатта сы­­нал­ған тұсымызда береке мен бірлік, бір-бірімізге қолдау қа­жет екенін көрсетті. Осы кезде азаматтық қоғам, белсенді жас­тар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, облыс­тық фронт офис, Сыр волонтерлары мықты күш екендіктерін көрсетті. Пандемия кезінде Сыр волонтерлары орталығы, азаматтық қоғам институттары жастар ұйымдары меценаттармен бірлесіп, 521 қайырымдылық шара өткізіп, 19669 адамға көмек көрсетілгенін атап өтуіміз қажет, – деді Серік Ахмет.

Ел амандығына алаңдаған азаматтар су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақта­рал ауданына көмек көрсетуде де ұйымшылдық танытқан еді. Осы уақытта бұл жұмысқа 10 автокөлік 30 бастамашыл топ пен 180 волонтер жұмылдырылды.

«Жомарт жүрек» сыйлығының облыстық кезеңінде лауреат атан­ған 5 номинация иегерінің де қиын­дықты еңсеруде үлкен үлесі бар. Олар атқарған жұмыстың тіз­бесінен-ақ, халыққа қолдау көрсету үшін уақытын да, қаржысын да аямағанын байқадық. Облыстық комиссия шешімімен «Жыл меценаты» номинациясымен «Жаңажол ЖШС» директоры Орынбасар Төле­пов  марапатталды. «Сәт-Сер­вис» ЖШС директоры, бел­гілі құрылысшы Роза Иманова – «Туған өлке», жеке кәсіпкер, «Мейірім» қайырымдылық клу­бының, «Дәстүр» қолөнершілер ода­ғының төрайымы, Қызылорда іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Мархаббат Асанова – «Жыл тұлғасы», қоғам белсендісі, волонтер Динара Эшатова – «Ерен еріктілік», «Ел-Арай» қоғамдық қоры «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен марапатталды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<