ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ КӨКӨНІС

611

0

 
Қазіргі күні аймақта 62 жылыжай бар. Мәліметке жүгінсек, оның 52-сі Қызылорда қаласында орналасқан. Қалғаны Жаңақорған, Шиелі және Қармақшы аудандарына тиесілі.
Қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округіндегі «Натишаева»  жеке кәсіпкерлігінің шаруашылық кешенінде мал бордақылау алаңы, мал сою пункті, ет бағытындағы құс фермасы, сондай-ақ жылыжай бар. Аумағы 1 гектар, 2015 жылы іске қосылған. Содан бері қала халқын қолжетімді бағадағы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге үздіксіз үлес қосып келеді. Біз барғанда жұмысшылар жылыжайды алдағы маусымға дайындап жатыр екен.
– Жер өңдеу, улау, тыңайту, зиянкестерді жою, одан бөлек, жұмыс орнын әктеу, сырлау сияқты шаруа жетерлік. Ал жылыжай өсірудің қиындығы өз алдына. Тынбай еңбектену керек. Көбірек өнім алу үшін әрбір көкөністі өсірудің құпиясын білуге тиіспіз, – дейді жылыжай агрономы Эльмира Омар.
Мұнда сұранысқа сәйкес қиярдың – «Регор», «Кемре», «Игл», қызанақтың «Диаграмма», «Менхир», «Линда» сияқты сорттары егіледі. Дәмі де, түрі де ерекше голландиялық сорттар Алматыдан әкелінеді. Алғашқы жылы шамамен 15 тонна өнім алынған болса, өткен жылдан бастап бүгінге дейінгі аралықта бұл көрсеткіш 60 тоннаға артқан. Қазір жылыжай ісінің басында 15 шақты адам жүр. Ал жұмыс қызған шақта одан да көбейе түседі.
Жылыжай жетекшісі Нұргелді Пірәлиев қала іргесіндегі «Ягодка» саяжайында жеке кәсіпкерлікке тиесілі және бір жылыжай барын жеткізді. Онда қияр мен қызанақ қана емес, сонымен қатар баклажан, болгар бұрышы, орамжапырақ, қауын, қарбыз егіліп жүр. Шаруашылықтың бұл түрі оңай емес. Машақаты жетіп артылады. Дегенмен, жаңа технологиялар көкөністерді жыл он екі ай өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Бабы келіссе, қысқа мерзім ішінде сапалы өнім алуға болады. Ол үшін, жоғарыда айтқанымыздай, тек тер төгу керек.
Облыс орталығындағы «Орда» шаруа қожалығы 2011-2012 жылдары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бастамасымен 10 гектар аумақтағы 120 жылыжайды лизингке алды. Ол жерден жиналған қызанақ қала дүкендеріне арзан көтерме бағамен жеткізіліп, сатылуда.
Алдағы уақытта жоғары сортты қызанақ өсіруге бағытталған заманауи жоғары технологиялық тағы бір жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Осы мақсатта «Автоматтандырылған жылыжай құрылысы» жобасы іске асырылуда. Облыс орталығына жақын орналасқан жылыжай кешені облыс халқын сапалы өніммен қамтамасыз етпек. Жоба іске қосылған жағдайда кешенде жылына 900 тонна қызанақ өсіріліп, нарық 20%-ке төмен бағадағы өніммен қамтамасыз етіледі деген сенім бар.
Қазіргі уақытта қызылордалықтар испандық серіктестерімен бірлесіп құрылыс-монтаж шараларын жүргізіп жатыр.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<