Жүзжылдық тарихтың дүбірлі тойы

607

0

Сыр елі – сонау Қорқыттан басталатын өлең-жырдың алтын тінін үзбей бүгінгі ұрпаққа жеткізген аймақ. Сыр елін жыр елі атандырған өлкенің даңқы шыққан өнерпаздары. Облыс орталығында шоқтығы биік шайыр Омар Шораяқұлының 140 жылдығына арналған «Алты Алаштың шайыры…» атты жыр кеші өтті. Кеш тізгіні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматовта болды.

«Кетеде Шораяқтың Омары өтті,

Өлгенше өлең-жырды жоғары етті»,-деп қалың ел құрмет тұтқан Омар өлең жазуды 16 жасында бастаған. Өсиет, толғау, терме, мысалдармен қатар 15-тен аса дастаны ел аузында. Бірі – ұстаз, бірі – шәкірт, жыр дүлділі Қарасақал Ерімбет пен Омар Шораяқұлының алты жылға ұласқан айтысы аңызға бергісіз болып елге тараған. «Әділ іс ағын судың арнасындай, әділ сөз болат семсер алмасындай» деп,  ескірмейтін есті сөз қалдырған Омар 1917-1918 жылғы оқиғалар кезінде Алаш азаматтарымен үндес болды. Өлеңдерінің өткен ғасырда цензурадан өтпей қалуының да себебі осында. Мінәжат, Пайғамбарлар заманындағы оқиғалар жөніндегі жырлары да ел егемендік алғаннан кейін ғана жарық көрді.

Қармақшы жері – рухани әлемімізге 100-ден астам жырау қосқан, шежіреге бай, құнарлы аймақ. Шайырдың мұрасын насихаттау мақсатында өткен жыр кеші Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, Қармақшы ауданы әкімдігі және облыстық мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.

 – Сыр сүлейлерінің жыр-мұрасын халық арасында қайта жаңғырту, рухани жаңғыруымыздың бірден-бір кілті. Фестивальдің негізгі мақсаты – Омар Шораяқұлының шығармалары арқылы ақынның әдеби мұраларын насихаттау, жыраулық өнерді ұрпақ санасына сіңіре отырып, оның сиқырлы мақам сазын өнер сүйер қауымға жеткізу, − деді аудан әкімінің орынбасары Мәжит Самитов.

Сан ғасырдан жеткен жыр-терме ұлттық  мүдде, ұлттық кодтың нағыз өзі. Бұл мерекені жырау Алмас Алматов «мыңжылдық мәдениет, жүзжылдық тарихымыздың дүбірлі тойы» деп қарау керегін айтты. Жыраулардың ізін жалғаған көш тоқтаған емес. Жыр кешіне елге белгілі жыраулар Бидас Рүстембеков, Берік Саймағамбетов, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бейімбетова, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Айдос Рахметов, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпенова және жас буын жыршылар қатысты.

Алқалы жиындарда Қорқыттан бері келе жатқан өнерді академиялық деңгейде ұйымдастырып, жинақтау керегі айтылып жүр. Елімізде соңғы 30 жылда өнертанушы мамандардың дайындалуына аса мән берілген. Қазақ елінде зерттеп, зерделеуді қажет ететін 550-ден аса батырлар жыры бар. Айталық Түркияда бір «Көроғлы» дастанының алтыншы симпозиумы өтті. Біздің елде де бұл жұмыстар бір арнаға түсіп келеді. Тұрмағамбеттің «Шахнамасы» 22 жыраудың орындауында 68 сағат, «Шыңғыснама» 25 сағат, батырлар жыр-дастаны 100 сағат жырланып күйтабаққа түсіріліп, кітапханалар мен жоғары оқу орындарына таратылған.

Омар Шораяқұлының еңбегін ел есінде қайта жаңғыртқан кеш ұлттық өнер, мәдениетті ұлықтау мақсатындағы игі істің бірі. Жыр мерекесінде жиналған ел домбыраның күмбіріне елтіп, қилы кезең, тар заманды хатқа түсіріп, халық жадына сақтаған жыраулар мұрасымен сусындады. 

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

                                                                                   

 

 

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<