Алақаны аялы, көлеңкесі саялы

340

0

Анам! Аяулы анам менің. Ұлы жүрегіңіз тоқтағалы да 20 жыл болыпты. Өмір-өзен өтіп барады. Біз де жетпістен астық. Байлық қуғанымыз жоқ, мансапқа да ұмтылмадым. Ел қатарлы адал қызмет жасадық.

Өзіңізді жанындай жақсы көретін жақындарыңыз, ауыл, аудан сізді ардақтап «Бейбіт әже», «Ұстаздардың ұстазы» деп атайды. Бұл дәрежеге адал еңбегіңізбен жеттіңіз. Сіздің білім берген шәкірттеріңіз әртүрлі салада қызмет атқарып жүр.

Ауылға келген сайын үйге келіп сәлем беріп, дәм татып кететін Шамшадин Сүгіров кейін  Шымкент қаласындағы институт ректорына дейін көтерілді. Тағы басқа шәкірттеріңіз сіз туралы естеліктерін, берген біліміңіз бен жақсылықтарыңызды жыр қылып айтатын.

Толқынды Арал теңізінде дүниеге келіп, кейін жұмыс бабымен Жалағаш ауданындағы «Қызыл Жұлдыз» колхозында бастауыш мектеп ашқаныңызды, «Бірлік» ауылшаруашылық артелінің төрағасы Елеменов Нұржан, «Қарабөгей» колхозының предсадателі Көшеров Қабылтай ауылдық кеңес төрағасы Төремұратов Ерәлі көмектескенін айтып отыратын едіңіз.

Азамат соғысы кезінде дүниеге келіп, Ұлы Отан соғысы кезінде жастық шағыңыз өтті. «Ерте есейіп, еңбекке араластық. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, қоғамымыздың болашағы – балаларымыз ғұмырлы болсын. Ойға алған істеріңіз сәтті жалғасын тауып, амандық пен бақыт, бақ пен береке орнасын» деп аналық тілек тілейтін едіңіз.

Қарапайым мұғалімдік қызметтен бастап партия ұйымына ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, сеніп тапсырылған міндетті абыроймен атқардыңыз. Елу жыл партия мүшесі болдыңыз. О бастан таңдаған мамандық мұғалім болғандықтан, ұрпақ тәрбиесіне мән беріп, өз ісінің маманы атандыңыз.

Анамның әкесі ескіше де, жаңаша да сауатты кісі болған. Ағасы Жолмырза облыстық партия комитетінде үшінші хатшы болып көп жыл қызмет атқарды.

Тіршіліктің оты мен суына, ыстығы мен суығына қарамай, тынымсыз жылжи беретін бір ғана нәрсе бар, ол – уақыт. Таң атады, кеш батады. Ай, жыл өтеді. Бірте-бірте бәрі де ұмытылып, адамзат тарихындағы қадау-қадау оқиғалар ғана аңызға айналып қалады. Аналар қашан да адамзаттың жүрегі, тіршіліктің тірегі отбасының, қала берді бір әулеттің алтын діңгегі, тұтқасы болып келеді емес пе?! Оның үстіне өз перзенттерін өсіріп-тәрбиелеумен бірге өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосып, өмір-өнегесімен, ақыл-парасатымен көпке үлгі болған, елге бәтуалы сөзін айтар аналар аз емес.

Болашағын ойлаған ел алдымен әйел-аналарды ардақ тұтады. Біздің халық тұлымшағы желбіреген қыздан бастап ақ жаулықты әжелерге дейін барынша қастерлеген. «Адамның бар жақсылығы күннің сәулесі мен ананың ақ сүтімен келеді. Бізді өмірге жеткізген аналар» деген М.Жұмабаев. Ардақты ұстаз Оразымбетқызы Бейбіт анамыз 1917 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 1939 жылы Қызылорда педучилищесін бітіріп, Арал қаласындағы қазақ орта мектебінде дәріс берді. 1941 жылдан Жалағаш ауданы Мәдениет ауылындағы мектепте бастауыш сыныптарға сабақ беріп, зейнеткерлікке сол жерден шықты.

Бірнеше медальдармен, аудандық, облыстық ағарту бөлімінің мақтау грамоталарымен марапатталды, «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын иеленді.

Анамыз «Қонақ келсе үйіңе ырысын ала келеді, оны оң қабақпен қарсы ал, қонағыңа көрпе жайғаның – өзіңе жайғаның, өзіңді құрметтегенің», «Әйелді көрсететін қазаны мен дастарханы» дейтін. Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, құшағынан мейірім алып жүрген барша адамзат оларды мәңгі ардақтап, аялай білсе бұдан асқан бақыт жоқ шығар. Анамыздың байсалды да байыпты тұлғасы, күлімдеген келбеті, әсерлі де әдемі әңгімесі, мейірімге толы жанары, жұмсақ алақаны, кең жайлаудай кешірімшіл мінезі бәрі есімізде. Анамызға деген сағыныш жүрегімізде. Кейде көкірегімізге мұң ұялап көңіліміз босап жанарымыз жасқа толады. Еліне сыйлы болғанын естіген сайын көкірегімізді мақтаныш кернейді.

Анамыздың жолын Қуаныш, Тұраркүл жалғап зейнеткерлікке шықса, немерелері Лаура, Нұрхан, Балғын, Әйгерім де мұғалімдікті таңдады, шөбересі Мадина, Әмина ұстаз боламын деп талпынып жүр. Сабақтастық пен жақсының ісі өлмейтінін осы өнеге айғақтайды.

Қуандық АХМЕТҰЛЫ,

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<