Санада жаңғырған сәулелі сәт

493

0

Кез келген адамның өмірінде ешқашан есінен кетпейтін өте әсерге толы сәттері болады. Мен үшін 1990 жылдың 25 қазаны – дәл сондай күндердің бірі. Ол кезде мен  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде сессияға қатысып,  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияға дауыс беріп, оның қабылдануына куә болдым.

Онда біздің облыстан сайланған депутаттар құрамында Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатов, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов ағаларымыз, облыстық атқару комитетінің төрағасы Виталий Брынкин және еңбек майданының бірқатар өкілдері болды. Аудан басшылары арасынан депутат болып сайланған тек мен едім. Осылайша біздің облыстан сол тарихи сәтке тікелей қатысқан, куә болған санаулы адамдардың  бірі болдым.

Декларация қабылданған кездегі біздің қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Өйткені бұл декларация Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялау бағытындағы нақты қадам еді. Ата-бабамыздың сан ғасырдан бергі арманының жүзеге асуына азғантай уақыт қалғанын іштей ұғындық.

Қабылданған декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту секілді мемлекеттік қағидаттар бекітілген еді. Сонымен қатар, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы ретінде танылды. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді.

Егемендік туралы декларация  1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның  іргетасы десем, артық айтпағаным.

Өкінішке қарай, 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіліп, 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Бұл көпшілігімізді қынжылтқан жайт болды. Біле білсек, Республика күнін атап өту бұл – әлемдік дәстүр. Дүние жүзінің көптеген мемлекеттерінде Республика күні жоғары деңгейде атап өтіледі. Шынын айтқанда,  тарихқа жасалған қиянат секілді сезімде қалдық. Егемендіктің қазақ даласында алғаш қанат сермеуі ұмытылмауы тиіс еді.

Бірақ, міне, тарихи әділдік қайта орнап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда 25 қазанға, яғни Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сол жиында: «Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтуі керек.  Ал 25  қазан еліміздің басты мерекесі ретінде егемендік күні болып аталып өтуі тиіс» дегені белгілі.

Егемендік туралы декларация қабылданған уақыт біздің еліміз, жалпы ТМД елдері үшін өте экономикалық ауыртпалықтарға толы кезең болатын. Бұрынғы қалыптасқан экономикалық байланыстар ыдырап, өндіріс орындары мен кәсіпорындар тоқтап, жұмыссыздық белең алған шақ еді. Халыққа жалақысын, зейнетқасын беруге қаржы жетіспей жатты. Уақыт өте келе, осы қиыншылықтарды жеңіп, еліміз еңсесін тіктей алды. Қателіктеріміз бен кемшін тұстарымыз да болды. Бірақ жарқын жетістіктеріміз аз емес. Осы тәуелсіздік жылдары ішінде көптеген әлеуметтік, экономикалық жетістіктерге қол жеткіздік.  Бүгінде Қазақстан – өзіндік келбетімен әлемдік қауымдастықта ерекшеленетін ел. Қазіргі қоғамымыздың әрбір мүшесінің бұл қажырлы еңбекке қосқан үлесі бар деп есептеймін. Солардың қатарында  1990-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты,  1995-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде еліміздің дамуына тікелей әсері бар үш жүзден аса заңның қабылдануына атсалыстым.

Бүгінде елімізге келген көрші елдердің азаматтары Қазақстанның жетістіктеріне, әсіресе цифрландыру саласындағы тың өзгерістерге таң-тамаша болуда. Әйтсе де, біздің экономикамыз негізінен әлі де болса шикізатқа тәуелді. Өңдеу кәсіпорындары жеткіліксіз. Соған байланысты Президент Жаңа Қазақстан құруда экономикамызды әртараптандыруға басымдық беруді көздеп отыр. Ол сәтімен жүзеге асатынына сенімдімін.

Осы жетістіктердің бәрінің бастауында Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация тұр. Республика күні мерекесінің  қайта аталып өте бастауы зор мәнге ие. Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген сөзі – дәл берілген баға. Бұл күннің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім болды.

Сыр елі халқын, барша жерлестерімді алдағы күндері аталып өтілетін ұлттық мерекеміз – ел болуға, тәуелсіз атануға ұмтылған Республика күнімен құттықтаймын!

Биғали ҚАЮПОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері,

 «Құрмет» орденінің иегері,

Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<