Әке иісі

1356

0

Ауыл балалары көлдің етегіндегі төбеде ойнаймыз. Арқан керіп қойған, ары қарай баруға болмайды. Суға кетесің деген белгі. Менің қатарластарымның бәрінің әкесі бар. Тек менде ғана. Үш айлығымда қаппын әкемнен. Теміржол апатында опат болған. Әкесі барларға қатты қызығам. Қатты қызғанам:

– Мынаны көкем әкеп берді кеше!

– Мынау менің әкемнің белбеуі солдатскии!

– Ертең әкем екеуміз қалаға барамыз!

Менің торғайдай жүрегімді тіліп кететін сөздер осы.

Кейде жаһан дүзге кетіп қалып, еңірегім келеді. Айқайлағым келеді «әкелеп». Бейітінің басына барып:

– Әке, әкетайым тұршы, бір жолға тұршы! Сосын келіп жатасың ғой, әке! – деп жалынғым келеді, жалбарынғым келеді.

Бұрын су басып кеткен жеркепелердің орны ойнайтын жеріміз. Соны окоп қып ойнаймыз, соғысып. Гранатамыз шүберекке түйген құм. Лақтыраамыз бұрқ еткізіп. Өткенде ана Серікбай қатындық жасады маған. Құмның орнына күл түйіп алып лақтырыпты. Бұрқ етті көзімді аша алмай қалдым. Удай ашып. Ол үлкенірек. Әлім жетпейді, амал не жылап-жылап қайттым үйге. Шешеме айтпаймын. Жүрегі дімкес. Төбелесіп көйлегім жыртылса тығып тастаймын.

Мұрным қанаса тиылғанша үйге бармай жүрем. Күл толған көзімді аша алмай, жууған болдым. Бірақ анам бәрібір сезіп қойады:

– Кім кім? – дейді.

– Өзің айттың ғой бала да бір итте бір. Қазір ырылдасады қазір ойнап кетеді деп…

– Ақылым деп кеудесіне басады. Сырыл бар кеуде тұсында. Ана Дәдікбайдың майланбаған ескі белсебетіндей ..

Бірде ойнап жатқанбыз, бәріміз. «Трудовой пойыз келді»

Бар бала солай қарай жүгіріп кетті «Әкем келе жатыр!

О, алақай көкем! – деп. Әкелері сол пойыздан түседі. Стансыда жұмыс істейді. Менің оған етім үйренген жүгіретінім жоқ. Қайта жақсы, аналардың бар ойыншығы менің қолымда қалады. Өкіртіп тұрып ойнаймын, әншейінде ұстатпайтын машинасымен.

Тек ең жаманы қазір осы жерлен өтеді бәрі. Әкесінің мойнына мініп ап, әкелген тәттілерін аузына тығып,маған өші тілін шығарып кетеді, сол жаман, сол ащы. Ытқып кетеді көзімнен жас. Әкесіз жетім – қас жетім дейтін әжелер. Мен сонда қас жетім екенмін ау? Әне, ырбаңдап, тәлпіш Санжар келе жатыр. Қолында бәліш. Серікке әкесі не әперген? Ойыншық автомат. Мә, су жаға жалтырап тұр! Бақыттың қолында доп… Жүрегім үгітіліп бара жатыр бордай. Шәріп көке келе жатыр. Ол менің әкемнің досы, балдары Асанханды, Оразханды белесебетке мінгестіріпті. Олардың да қолында алма, қораз кәмпит. Мен булығып төмен қарап отырмын қолымдығы ойыншықты мыжғылап Тездетіп өтіп кетсе екен. Бұл сәт мен үшін ұззззақ, қиямет.

– Берік деді бір кезде маған Шәріп көкем Кел бері,келе ғой көкем деді.Бардым қолымның топырағын қағып қағып,қалғанын шалбарыма жағып Ол қолыма бір қораз кәмпит ұстатты. Сосын:

– Кәне Оразхан, сен жігітсің ғой, түс. Кел Берік мінсін деді Сөйтіп артына мен міндім. Білмеймін іштей егіліп ағыл-тегіл жылап қоя бердім. Шәріп көкемді құшақтадым арқасына басымды қойып. Киімінен тердің иісі шығып тұр. Бір түрлі хош иіс, әдемі иіс. Мен үшін сағыныштың иісі. Иіскегім келе берді, келе берді… Маған ештеңе де алып бермей-ақ қойсыншы, тек иіскей берсем болды………..

Жеткер Жүсіп

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<