Әр қазақтың төрінде

853

0

Әр қазақтың үйінде Құраннан кейін ілулі тұратын  бір бұйым болса, ол – домбыра. Көне кезеңнің күмбірі іспетті қос ішекті, тоғыз пернелі қасиетті аспап жайлы дерек көп, аңыз-әңгіме жеткілікті. Бұл турасында тарих не дейді және облыста ең көне домбыра қайда сақтаулы? Тақырыпты кеңінен тарқатсақ.

«Ақсақ құландағы» ақиқат

Тарихқа көз жүгіртсек, домбыра кешеден бүгінге жетіп, бүгіннен болашаққа жол тартып келеді. Зерттеушілердің бір парасы оны тас дәуірінде пайда болуы мүмкін деген пікірде. Бұған Хорезм маңынан табылған домбыра аспабына келіңкірейтін құралдың жартастағы суреті себеп. Археолог Кемел Ақышев дереккөздерде домбыраның жасын шамамен мыс дәуіріне өтер тұс деп болжаған, яғни содан бергі уақытты есептеп қарағанда домбыраның кем дегенде 6 мың жылдық тарихы бар. 2008 жылы бұл пайымды толық дәлелдейтін артефакт табылды. Түрік бабалар V ғасырда қолына ұстап күй толғаған абыз домбыра Алтай тауының сырлы үңгірінен қазып алынған. Бұл – әлемдегі шертпе саз аспабының ең көнесі. Ғалымдардың айтуынша, ішекті аспаптар тек Х ғасырдан бері кең қолданыста болған. Ал, Алтайдан табылған домбыра бақандай 5 ғасыр ескі. Бір деректе үш мың, ал бір дереккөздерде бес мың жылдық тарихы бар деп жүрген домбыра жайлы сыр мұнымен бітпейді.

Әуелде домбыра үш ішекті, бітеу болған. Оның үш ішегінің біреуінің тағылмауы мына бір аңызбен байланысады. Қаһарлы қаған ұлының өлімін кімде-кім естіртетін болса, көмекейіне қайнап тұрған қорғасын құюды бұйырады. Ешкімнің жүрегі дауаламай тұрғанда домбырашы келіп «Ақсақ құлан» күйімен естіртеді. Екі көзінен жас аға тыңдаған қаһарлы қаған «Құй мынаның көмейіне!» деп бұйырады. Домбырашы орнынан ұшып тұрып, «Дат тақсыр! Мен емес, мына домбыра ғой сізге естірткен» деген. «Олай болса, домбыраның шанағына құй, қорғасынды!» дейді қаған. Бұл – Жошы қаған дәуіріндегі оқиға. Біздің жыл санауымыздағы ХІІІ ғасырдың басы. Дәлірек айтқанда, 1220-1227 жылдар шамасы. Осыған қарап, «Ақсақ құлан» күй аңызы тарихи шындықтың айшықты ақпарын бізге жеткізіп тұр деуге болады.

Көне жәдігер

Бірер жыл бұрын қызылордалық археолог Әзілхан Тәжекеев Сыр өңіріндегі Жетіасар қалашығынан кезінде табылған қазақтың музыкалық аспабы – домбыраға ұқсайтын көне жәдігер туралы жария еткен болатын.

– 1973 жылы Қызылорда облысы аумағында Хорезм экспедициясы арнайы зерттеу шараларын жүргізді. Сол жұмыстар барысында Жетіасар қалашығында да қажетті шаралар атқарылды. Аталған шара барысында домбыраға ұқсайтын дүние көзге түскен. Архивте қажетті мәліметтерге көз салып отырған сәтте оның домбыраға ұқсайтыны назарымды аударды. Аспапта қасқырдың суреті ойылып салынған. Қазақ шертер мен домбыраның қосындысын қоссаз деп атайды. Табылған аспаптың ұзындығы – 65 сантиметр. Демек, бұл аспап қоссаз домбыра болуы мүмкін және оның ежелгі түрлері болғанын дәлелдейді. Аспап біздің замандағы төртінші ғасырға жатады. Егер осы деректі нақтылай алсақ, Сыр өңірінде домбыраның ежелгі нұсқасы табылды деген сөз. Оны бабадомбыра атауға негіз бар, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетініӊ Қазақстан тарихы кафедрасыныӊ аға оқытушысы, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығыныӊ жетекшісі, PhD докторанты Әзілхан Тәжекеев.

Әңгіме барысында археолог домбыраны қайта қалпына келтіру жұмыстарына серпін берілгенімен бөлісті. Жақында жүзеге асқан бастама көп ұзамай нәтиже берері анық.

Жамбыл сыйлаған домбыра

 Тарихтан сыр шертетін ерекше тарту қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Музейдің бас қор сақтаушысы Аманкүл Дүйсенбайқызы бұл жыр алыбы Жамбылдың нар тұлғалы Нартай Бекежановқа деген ықыласы екенін айтады. Екі алыптың саусағының ізі қалған домбыраны музей қорына 1974 жылы Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Әлайдар Ембергенов табыстаған. 1934 жылы Алматыда өткен қазақтың үш жүзге жуық таңдаулы ақын, әнші-күйші, жыршы-жыраулары жиылған халық өнерпаздарының бірінші слетіне қатысқаннан кейін Нартай ақынның есімі шартарапқа жайылады. 1936 жылы ол Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысады. Онкүндікті жыр алыбы Жамбыл ашыпты. Ал, 1949 жылы Мәскеуде өткен екінші онкүндіктің шымылдығын ашу Ілияс Омаровтың ұсынысымен Нартайға ұсынылыпты.

«О, Нартай,

Шешен таңдай,

 Қасқа маңдай,

Аузыңнан шыққан сөзің шекер балдай» деп өзіне де, өнеріне де үлкен құрмет білдірген екен. 1939 жылы Жамбыл Нартайға домбыраның жақтауына «Бекежанов» деп жаздырып, естелікке сыйға тартқан. Тарихи жәдігерді тұрғындар жақында облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Сырдың Алтын домбырасы» көрмесінен тамашалап, күмбірлі күйлермен сусындай алды.

Қилы кезеңдерден аман-сау жеткен домбыра Алаш азаматы үшін қашанда қадірлі, қасиетті, киелі. Оны қолына алған әрбір қазақ тарихпен сырласып, болмысын таниды, рухтанып, намысын жани түседі.

Мөлдір СНАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз