Әуе толқынында – Арал

1363

0

Арал аудандық радио хабары 1960 жылдың орта шенінде эфирге шыға бастаған. Алғашқыда аудандық «Толқын» газеті жанынан радио хабарын ұйымдастыру бөлімі болып ашылған. Бұл бөлімде Аралдың сол кездегі жас тілшілері Жақау Дәуренбеков, Ыбырай Әлжанов радио хабарын ұйымдастырушылар болып жұмыс істеп, қаламын ұштап, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. Бұлардан кейін жоғары білімді журналистер Әуесхан Әбдірашев, Аманкелді Өткелбаев радио хабарын ұйымдастыру жұмыстарын жетілдірді.

Радио хабары аудандық телеком жанынан арнайы ашылған радио студиясынан беріліп тұрған. Бұл студияда ұзақ жылдар бойы Айгүл Бекмурзина диктор болып жұмыс істеді.

1990 жылдың 1 қаңтарынан Арал аудандық дербес радио хабарын тарату редакциясы құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Сәл шегініс жасасақ, 1989 жылы Сырдария аудандық «Сырдария» газеті редакциясы жанындағы радио хабарын ұйымдастыру бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезімде облыстық телерадио комитетіне шақырылып, соңғы хабарлар редакциясына аға редактор қызметіне тағайындалғанмын. Қазақ бөлімінде университетте бірге оқыған журналист Айғанша Ысқақова бар. Менің алдымда бұл қызметті белгілі ақын Жанұзақ Қожабергенов ұзақ жыл атқарып, басқа жұмысқа ауысыпты.

Елден бұрын ерте келеміз де, алғашқы жұмысты телефонмен бастап, барлық аудандардың газет редакцияларымен хабарласып, жаңалықтарын жинап аламыз. Осылай жұмыс жүріп жатқан. Сол жылдың желтоқсан айында облыстың үш ауданында – Тереңөзек, Қазалы, Аралда дербес аудандық радио хабарын тарату редакциялары ашылатын болды.

Аралға баруға бірден келі­сімімді бердім. Келу бойына өзіммен бірге істейтін қызметкерлерімді жинақтадым. Редакцияның штат бірлігі кесте бойынша 3 адам. Бірақ мен оны жұмыс ыңғайына қарай төрт адамға жасақтадым, яғни, жауапты редактор мен, редактор Толыбай Абылаев, диктор Гүлфайруз Басықарақызы, оператор Тілеген Әбекенов болып  аудандық радиода жұмыс істедік.

Біз келгеннен кейін «Толқын» газеті жанындағы радио хабарын ұйымдастыру бөлімі жабылып, бар жауапкершілікті өз қолымызға алдық. Аудандық редакция жанындағы радио хабарын ұйымдастыру бөлімінде ұзақ жылдар бойы журналист Аманкелді Өткелбаев жұмыс істеген. Бұл штат қысқарған соң, ол аудандық өлкетану музейіне ғылыми қызметкер болып ауысты. Бізге дейін радио студиясы аудандық телеком жанында болатын. Аудандық атқару комитетіне арнайы хат жолдап, «Арал» қонақ үйінің бірінші қабатынан төрт бөлмелі жай алдық. Екі бөлмені студияға арнап, қалған екі бөлмеде журналистер отырдық.

Аудандық партия комитетінің қоймасынан ауысқан жазу столдары мен орындықтар алып, кеңсемізді жабдықтадық. Студия бөлмесінің ішін дыбыс жаңғыртпайтын жұмсақ материалдарымен қаптап, талапқа сай әзірледік. Облыстық радио комитетінен жаңа үлгідегі жазу, монтаждау магнитофондарын алып құрдық. Облыстық радиода істеген тәжірибем бар, аудандық радио редакциясын сақадай сай әзірледік.

Жұмысты жоспарлы түрде жүргізіп, әр апталық хабарда кімді сөйлетіп, қандай мәселе көтереміз, қай саланы қамтимыз дегендей берілетін хабарларымызды айқындап аламыз. Радио хабарын негізінен редактор Толыбай Абылаев әзірлейді. Диктор Гүлфайруз бен оператор Тілеген күнделікті хабарды алдын ала таспаға жазып, дайындап қояды. Мен хабардың сапасын, мазмұнын бақылаймын. Тілшілеріміз бен ақын-жырауларымыз бірінен соң бірі келіп тұратын. Радио редакциясы осындай қонақтардан арылмайтын. Олар кешкілік хабардан өз дауыстарын өздері тыңдап, отбасымен марқайып қалатын. Аудандық радио хабары аптасына үш рет, газет шықпайтын күндері – дүйсенбі, сәрсенбі, жұмада кешкі сағат 18.45-те берілетін. Эфир уақыты 15 минут болып белгіленген. Алғашында хабарымыз бұрынғыдай радио желісі арқылы тарап жүрді. Кейін аудандық телеорталықпен байланыс орнатып, радио хабарын әуе толқынына шығаруға қол жеткіздік. Соның нәтижесінде біздің хабарымызды ауданның барлық тұрғындары үйде де, түзде де радиоқабылдағыш арқылы тыңдайтын болды.

Ол кездері аудандық радионың белсенді тілшілері мен авторлары көп болатын. Солардың ішінде эколог-журналист Хамза Суханберлин Аралдың экологиялық мәселелерін көтерген ма­қалаларымен эфирден түспейтін. Ұстаздар Зиянсыз Баймаханов, Әмір Баймағамбетов әр салаға қалам тартып, өз дауыстарымен жиі шығып тұратын. Ауданның мәдени өмірінде жас ақындар Бекұзақ Тәңірбергенов, Оңталап Базаралиевтің, әнші Жаңылсын Жәрменованың ән-жырларын беріп, тұсауын кесіп, сәт сапар тілегенбіз. Бүгінде олар есімдері елге белгілі ақын-жыраулар қатарында жиі көрініп, кеңінен танылуда.

Аудандық радио ауданның барлық саласына, яғни қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ауылшаруашылық-өндірістік, әде­би-мәдени өміріне етене ара­ласып, алуан тақырыпта материалдар жариялап тұрды. Ол  тартылған Арал тағдыры, Арал өңірінің экологиялық қасіреті әлемдік деңгейде көтеріліп, ушығып тұрған уақыт еді. «Арал тағдыры – адам тағдыры» айдары ұранымызға айналып, тақырыбымыздың туы болды. Сондықтан Арал тағдырына байланысты аудандық, облыстық, республикалық, тіпті әлемдік жаңалықтарды да қалдырмай іздене жариялап отырдық. Оның үстіне Аралда айтулы оқиғалар жиі болып жатты.

Сөзіміз дәлелді болу үшін әлі күнге дейін өзімнің архивімде сақталған 1992 жылғы қаңтар айының 3-і күнгі радио хабарының желісін қысқаша назарға ұсынуды жөн көрдім.

Әуелі музыка, «Арал вальсі» әні.

«Аралдан сөйлеп тұрмыз. Аудандық радионың кезекті хабарын бастаймыз. Жергілікті уақыт 18 сағат 45 минут.

Бүгінгі хабарымызда:

Соңғы хабарлар. «Арал тағдыры – адам тағдыры», «Аралдықтарды әлеуметтік жағынан қорғай білейік» атты хабарымызды тыңдай аласыздар..» деп басталатын. Хабарда Халықаралық «Арал-Азия-Қазақстан» қоғамдық комитетінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арналған баспасөз конференциясы өткені, оны қоғамдық комитетінің президенті М.Шаханов ашып, хабарлама жасағаны айтылған. Экологиялық апатқа ұшыраған Арал теңізі мен осы аймақты мекендеуші тұрғындарға көмек көрсету ісі, соңғы жылдарда атқарылған көптеген жұмыстардың нәтижесінде нақты жемісін бере бастауы сөз болды. Осы орайда көңілге қуаныш ұялататын бір хабар – Арал проблемасы әлем жұртшылығының назарына ілігіп, оған деген ынта-ықыласының арта түсуі, Арал проблемасының аса жоғары халықаралық деңгейде қарастырыла бастауының тағы бір нақты көрінісі Біріккен Ұлттар Ұйымының экология жөніндегі басты ұйымы ЮНЕП-тің таяуда ашылатын өз мәжілісінің күн тәртібінде осы Арал мәселесін енгізуі талқыланғаны да толықтай айтылды.

«Сіздердің тыңдағандарыңыз «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты хабар.

Енді «Аралдықтарды әлеуметтік жағынан қорғай білейік» атты хабарымызды бастаймыз. Өткен сенбіде қаладағы орталық алаңда азаматтық «Азат» қозғалысы қалалық бөлімшесінің ұйымдастыруымен нарықтық жағдайда халықты әлеуметтік жағынан қорғау мақсатына арналған митинг өтті. Оған 5 мыңға жуық адам қатысты. Митингті «Азат» қозғалысы қалалық бөлімшесінің төрағасы Аманқос Есмұрзаев сөз сөйлеп ашып, халықтық жиынның мақсатымен таныстырды.

Мұнан соң «Азат» қозғалысының мүшелері, митингке қатысқан азаматтар мінбеге көтеріліп, халыққа сауда қызметін көрсетудегі өрескел кемшіліктерді, оны қалпына келтіруде аудандық кеңесі атқару комитетінің алдын ала тиісті шара қолдана алмағанын өткір сынға алды. Солардың арасында «Арал» совхозынан келген азамат Мейрамбек Қибасов былай деді: (үнтаспа).

Сексеуіл поселкесінен келген азамат Уәлихан Жұмағұлов та халыққа сауда қызметін көрсету­дегі кемшілікті былайша сынға алды: (үнтаспа).

Теміржол емханасының қызметкері Тоқбике Мәмбетованың сөзі де жиналғандарға үлкен әсер етті (үнтаспа).

Мұнан соң мінбеге көтерілген көпбалалы ана Күләш Ақтілеуова былай деді: (үнтаспа).

Шығып сөйлеген қай азаматтың сөзіне құлақ түрсеңіз де, олар нарықтық қатынастың алғашқы қадамдарындағы қымбатшылық пен тапшылықтың қиындықтарын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларындағы ауыр халдерін қинала айтады. Сонымен бірге бұл жөнінен қолдау көрсететін сауда орындарына, аудандық кеңестің атқару комитетіне орынды сын-пікірлерін білдірді.

Митингте аудандық бала­лар музыка мектебінің директоры Талас Шүкіров, «Азат» қозғалысының мүшесі Хамза Қуатов, «Приарал» совхозының жұмысшысы Өтепберген Құдайбергенов, аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы Тілес Боқаев, тағы басқа азаматтар шығып сөйледі. Халық депутаттары аудандық кеңесінің төрағасы Балтабай Ақпенбетов қатысып сөз сөйлеп, бүкіл елімізге ортақ қазіргідей қымбатшылық пен тапшылық жайлаған қиын жағдайды ауданымыздың да бас­тан өткеріп отырғанын жан-жақты баяндады. Сонымен бірге осы қиындықтан шығудың сенімді жолы – халықты ұстамдылыққа, шыдамдылыққа, өзара түсіністікке шақырды.

Митингте халықтың қолдауымен аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасына, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының төрт орынбасарының жұмысына сенімсіздік білдіру, қызметте отырған бірқатар зейнеткерлердің орындарын босатып, оған жұмыссыз жүрген сауатты, қабілетті жастарды тарту, Аралға келген барлық ақшалай-заттай көмектерге бақылау жасап, оны тарататын тәуелсіз комиссия құру сияқты бірқатар маңызды мәселелерді көтерген қаулы қабылданды.

Халық митингісі «көңілдің кірі айтса кетеді» дегендей, осылайша өзара түсіністік жағдайда өтті…». Хабарымыз осылай жалғасып кете беретін.

Жұмыс істеген 5 жыл ішінде аудандық радио редакциясы үлкен беделге ие болды. Мерзімді 15 минуттық хабарда аудан жаңалықтарын газеттен бұрын елге ерте жеткізіп тұрды. Халық кешкі асын аудандық радионың хабарын тыңдай отырып ішетін болды десек, артық айтқандық емес еді.

Әсіресе, біздің жұмысымыздың жолға қойылуына үлкен қолдау, көмек көрсеткен сол кездегі облыстық телерадио компаниясының басшылары Жақсылық Бекхожаев, Әбдіжәлел Бәкірдің еңбегін әлі күнге дейін айтып жүрміз. Сонымен бірге компанияда Есенгелді Шілдебаев, Ыбырай Әлжанов, Бақтыбай Бердібаев, Бексейіт Шайланов, Жалғасбек Аманов, Жағыппар Қарабалаев, Айткүл Шалғынбаева, тағы басқа қыз-жігіттермен бірге қойын-қолтық қызмет еткен жылдар әлі жадымызда.

Жұмабай ЖАҚЫП,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<