Айтуға келдім жырымды

1112

0

Санадан тыс құдірет болса, әрине, ол – поэзия. Адам бойындағы сан қилы қуат көздерінің пернесін шертетін дара құбылыстың әр тағдырға бұйырмайтыны және хақ. Жартасқа біткен шынардай дараланып, жалғыздықтың бесігін әлдилеген шайырлар өте сирек екені талассыз ақиқат. Тілге тиек еткелі отырған ақынымыздың есімі – Уамық Қалжанұлы.

Кешегі аласапыран заманда елге дін таратқан Қалжан ахунның үлкен ұлы Уамық ақын медреседе білім алып, араб, парсы тілдерін меңгереді. Жасынан өжет, білімқұмар болып өскен ақын көне сарынмен қарымды жырлар жазған. Ақынның араб әріпімен төте жазу үлгісінде жазған өлеңдерін қызы Шамсия Қалжанова Ұлттық ғылым академиясының архивтік қолжазбалар қорынан тауып, өзінің «Қалжанұлы ахун» атты естелік кітабы арқылы Уамық Қалжанұлының тұлғасын қайта тірілтіп, оның ізгілікті ілімін қайта жаңғыртқан еді.

Жақында Шамсияның қыздары Жанат пен Гүлнар ақынның бір топ шығармаларын жинап, «Arna-b» баспасынан «Қалжанұлы Уамықтың өлеңдері» атты кітабын шығарды.

– Қолыма қалам алдым қиял ойлап,

Ой менен киялға жан бар ма тоймақ?

Ой теңiз: түбi де жоқ, шетi де жоқ,

Кездескен кереметтер көрген бойлап.

Сол ойдың неше түрлi тарауы бар,

Тұрсақ та әр жырақта жоқты жайлап.

Кейде бiр қорқақ қиял сағымдаған,

Мұнараға қарайды келiгi құрғақ бойлап.

Кейде бір өз-өзiнен тасқындайды,

Жiгiттей келе жатқан тойға тойлап.

Кейде бiр жынды адамдай мырс етедi

Ойға кеп өткен бiр iс, сiрә, қаулап…

Қайран, көне сарын!

Қазақылықтың қаны сорғалаған қасиетті жыр! Уамық ақын өлеңдерінен ауыз әдебиетінің, жыр-дастандардың ізі білінеді. Әрі қаламгердің Шығыс ақындарының туындыларына да біршама қанық болғаны байқалады. Жинақта өмір, заман, уақыт жайлы сан салалы жырлар шоғыры көрініс тапқан. Бүгін мен ертең, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық сынды мәңгілік тақырыптарды ақын өзінше жырлайды.

Ақын Шоңбайға жазған өлеңінде:

– Тiршiлiк кейде мәз ғып күлдiредi,

Аңқау жан алданғандай келемежге.

Кейде бiр қызыл шоқ боп күйдiредi,

Қозданып сексеуiлдей жанған пешке.

Бақ қонып, қазан толып тұрса қайнап,

Досыңның есебi жоқ бiрге жеске.

Сол кезде мақұл түгіл нама құлың,

Дайын тұр басын изеп «мақұл» деске,

– деп көсіледі. Шынында, адам баласы – әу бастан тұрақсыз, айнығыш жаратылыс. Мұны ақын тап басып түйсініп, өмірлік тәжірибемен сезініп, жыр етіп отыр. Содан да ақын өлеңдері өмірдің өзіндей шынайы, алдаспандай өткір. Тағы бір өлеңінде:

– Ер марқайып жасармас.

Жүректiң болса жарасы,

Көлдiң көркi – көк орай.

Адамның көркi – баласы,

– дейді. Қандай көркем теңеу! Ақын мұны поэтикалық көркемдікпен оқырман жүрегіне жеткізіп отыр.

Ұлттың шырағын келесі ұрпаққа сөндірмей сыйға тартқан от ауызды, орақ тілді ақындар легі ешқашан толастамақ емес. Сүйемдей жерге сүйегін беріп, руханият күшімен дұшпанның мысын басқан бабалар жолы санадан өшпек емес.

Қанағат Әбілхайыр

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<