Ақынның серігі – домбыра

1465

0

Айтыс сахнасына Мұхтар ақын шыққандағы халықтың сенімі мықты, қошеметі бөлек. Бұл – ат сүрінгенше сөз тауып үлгеретін, ұлтқа жанашыр ақынға деген ел құрметі. Ұлттық домбыра күні қарсаңында үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыс ақтаңгері Мұхтар Ниязовпен тілдестік.


Айтыскерлердің сөзі дауыл секілді. Кейде сеңді бұзып, сер­пілтіп жібереді. Ақынның бұл қасиеті домбырасын алып, шаршы топқа шыққанда кү­шейетінін байқаймыз. Мұн­дайда сіздің делебеңізді қоз­дырып, дем беретін не?


– «Тұлпар түрін жа­сырады» деген сөз бар қазақта, яғни, топты, ду­ман­ды көрмейінше на­ғыз тұлпарлар өзінің бо­йын­дағы сұлулығын, ерекше қасие­тін жасырын ұстайды екен. Ол Алладан берілген инстинкт шығар жануарға. Көп бай­қаймын, сол секілді жай кезде қарапайым адамдардың кейбірі сахнаға шыққанда түлеп сала береді. Бұл, бірін­шіден, елдің қошеметі, сөздің жауапкершілігі, ал­қаның қыздыруы шығар. Шабыт деген көңіл-күй ғой. Домбыраны қаққан кезде халықтың қошеметінен ша­бытың келеді. Сол жерде үлкен дүниелер туып жатады. Бұл да болса айтыстың эмо­циялы, синкретті өнер екенін көрсетеді. Мұндайда дем беретін, делебеңді қоз­дыратын – елдің қошеметі. Сөзге деген жауапкершілік те бар. Сондықтан бұл өнердің қыр-сырын түсіну үшін кемінде бір рет домбыра ұс­тамай болса да, сахнаға шы­ғып көру керек деп ойлаймын.

– Ұлттық домбыра күні бүгінгі санамызға қан­ша­лықты серпіліс әкеледі деп ойлайсыз? Бұл күннің маңызы туралы айтып берсеңіз…

–       Ұлттық домбыра күні – дер уақытында қолға алынған жоба. Өйткені, Қадыр атамыздың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегені тапқырлықпен айты­ла салған сөз емес. Расын­да да, домбыраның бо­йында ға­сырлар бойғы құнды­лықтарымыз бар. Оның әр күм­бірінде, әр пернесінде ғасырлар сыры бұғып жатыр. Қазір Алтайдан табылған домбыралардың кейбірі бес мың жылдық тарихқа ие деседі. Сондықтан кешегі, бүгінгі және ертеңгі қазақ деп бөлетін болсақ, осылардың арасын алтын көпірдей жалғап тұр. Кешегі қазақтың тарихи танымы мықты, ұлттық дәстүрге сусындаған болса, бүгінгі қазақ одан сәл әлсіреп, өзінің ата-тегін, болмысын ұмыта бастаған. Ертеңгі ұрпақтың тіпті кім болатыны белгісіз болып тұрған қоғамда домбыраның атқаратын ролі өте мықты болуы керек. Сондықтан халықтық деңгейдегі үлкен мерекенің бірі – Ұлттық домбыра күні. Бұрын әр үйдің төрінде бір-бір домбыра тұратын. Келген қонақ ән айтады, үйдің бір-екі адамы тартады. Шетелге шыққан қазақстандықтар, студенттер төріне  іліп қояды. Бұл қара тасқындай өркениеттің ортасына барғанда тамшыдай жұтылып кетпеу үшін керек. Сондықтан ұлттық аспапты бабадан балаға насихаттап, ол арқылы орындалатын шығармалардың мән-маңызы, тарихын түсіндіріп, сің­діріп, ұрпақтың санасына дәнегін еге беретін болсақ, ертеңгі күні жемісін береді деп ойлаймын.

– Қазір күй қадірін біл­­мейтіндер көп. Мұның бір себебі – күйді өзі де түсін­бей, тек саусақ шебер­лі­гі­мен ғана орындайтындарда секілді.

– Күй – өнердің ішін­дегі тылсымы көбі. Өйткені сөзбен айтқанға әркім түсінеді. Ал күйде тұспал, сазды иірім, көңіл толқыны бар. Оны үнсіз, тілсіз деуге де болмайды. Тілсіз дегендер сезімсіз, осыны түсінетін пайым-парасаты жоқ адам шығар деп ойлаймын. Өйткені, «Нар идірген», «Кісен ашқаннан» байқайтынымыз, бұл – тарихта сөзге түсінбейтін жан-жануардың өзін иітіп, бал­қытып, бойынан сүт шы­ғарған өнердің түрі. Се­зімі, ақыл-пайымы бар адам­дарды елітпейтін болса, ұлттық қайнар көздеріміздің құлағы бітеліп, тамыры шіри бастағанының белгісі. Кімде-кім күйді естігенде тарихқа бойлап, тамаша бір әсерге бөленбесе, қуат алмаса, мұндай ұрпақтан қорқу керек деп ойлаймын. Бұл өнерді жоғары бағалаймын. Күй тарту қолымнан келмесе де, жақсылап тыңдап, бағасын бере аламын. Са­парға шыққанда көлігімнің ішінде күй ойнап тұрады, ол – ұлы даланың күмбірі.

– Күйді түсінетін ұр­пақ қалыптасу үшін не істеу керек?

–       Әр күйдің алдымен тарихын айтып, содан соң тарту керек. Күйшілер байқауында да жаппай тартылады. Оны нағыз мамандар түсінеді де, жалпы халық түсінбей жатады. Мысалы, Құрманғазының «Адай», «Сары­арқа», Төлеген Мом­бе­ковтың «Салтанат» күйі­нің шығу тарихын әңгі­мелеп отырып жеткізсе, ол біріншіден қызығырақ, екін­шіден ұмытпауға да әсер етеді. Көптеген күйлерді есте сақтауымыздың бір себебі ұстаздарымыздың тарихымен бірге түсіндіргенінен деп ойлаймын.

– «Алтын домбыраны» үш рет иелену, «Айтыс ақтаң­гері» атанудың абы­ройы бір бөлек, жауап­кер­шілік жүгі де салмақты. Мемлекеттік қыз­метке кел­гесін нендей дүние­лерге басымдық бердіңіз?

– Қадыр Мырза Әлінің «О, тіршілік! Не берсең де арнап бер, Алтын балық ілінетін қармақ бер! Бақыт бер де, Бармақтай сол бақытты, Басып тұрар батпандай бір салмақ бер!» дегеніндей, бұл жауапкершілікті, мойны­мыз­­дағы міндетті абыроймен алып жүру әр күніміз үшін сын. Мемлекеттік қыз­метке менің атақ-дәре­жемнің аса бір қатысы жоқ. Бұл жерде іскерлік, басшылық, менеджерлік секілді, бойыңда бұғып жатқан басқа сапа, қырларың сынға түседі. Қашанда қызметіме жетістіктерімді, жетістіктеріме қызметімді  аралас­тырмауға тырысамын. Әр нәрсе өзінің орнында болғанда ғана жемісін береді.

– Айтысқа шыққанда дом­­­быра таңдайсыз ба? Қазір­гі дом­быраңызды кім­ге жасат­тыңыз?

– Айтысқа шыққанда дом­быра таңдай бермеймін. Бірақ, мүмкіндігінше жақсы­сын алып шығуға тырысамын. Ұшақта зат алып жүруге рұқсат жоқ кезде алып бара алмаймын. Сол жақтағы жігіттерге хабарласып, айтып қоямын. Әр елдің бетке ұстар жігіттері ғой, осал домбыра тартпайды. Бірақ өзім шебер домбырашы болмағаннан кейін, айтатын ойымды жеткізіп, толықтырып  отыруға мүмкіндігі бар домбыра болса, алып шыға беремін. Домбыра деген батырдың тұлпары секілді. Атың желіп, жортып, тақымыңда ойнап тұрса, сонымен бірге еріп отырасың. Ал, домбыраң артқа тартып, шыңқылдап тұрса, ойың шашырап кететін кездер болады. Сондықтан батырдың серігі аты болса, ақынның серігі – домбыра. Әрдайым домбыраны бабында ұстап, жақсы шеберлерге жасатып, халықтың эстетикалық талғамына сай аспап тартып жүргенге жетпейді.

–       Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<