Азаттық рухының жыршысы

1290

0

Өткен жылы Жалағаш ауданы орталығында  «Тағзым алаңы» ашылып, онда ҚР Суретшілер  одағының мүшесі, мүсінші Жәркен Сүйіндікұлы Смағұловтың «Қарақұм» көтерілісіне қатысқан  шаруалардың жазалаушы қызыл әскерлермен  шайқасының ескерткіш тақтасы қойылды.

Мұздай  қаруланған қызыл әскерге көтерілісші шаруалар қарабайыр құ­­ралдарымен – шоқпар, сойыл, айыр, балтамен қарсы тұрған. Соңғы демі біт­кенше ұлт тәуелсіздігі үшін  күрес­кен жанкешті  ерліктерінің бейнесі, азат­тық жолында  құрбан болған ата­ла­рымыз бен әкелеріміздің есімдері ерік­сіз есіме түсті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің ең бас­ты байлығымыз – ол Отанымыз, тәуелсіз Қазақстан» деген болатын. Иә, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік бізге оңайлықпен  келген жоқ. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ небір қияметті  басынан өткізді. Сайын даланы  мекен еткен қазаққа әріні айтпағанда, өз ағамыз деп жүрген Қоқан, Хиуа, қала берді  қарақалпақтар да үстемдік  жүргізді. Алуан түрлі негізсіз салық салып, тағылықпен күш көрсетіп, озбырлық жасаумен бол­ған. Одан қалды Ресей империясы Қа­зақстан мен Орта Азияны отарлап, құ­нарлы жерлерді тартып алды.  Билік пен басқару  жүйесін өз қолдарына алып, жергілікті халықтың  тұрмыс-тіршілігін қиындата түскен еді.

Қазан төңкерісінен кейін 1929-1932 жылдары Қазақстанда жекенің күнкөріс көзі – малын тәркілеу мен күштеп ұжымдастыруға қарсы елде 372 бас көтеру болған. Солардың бірі – Қарақұм көтерілісі еді. Орталықтың үстемдігіне қарсы бас көтергендер – осы аймақтың өз ең­бегімен күн көріп, тіршілік жасап отырған  шаруалары еді. Қарақұм  кө­те­рілісі отыз мыңның үстіндегі  халқы бар аймақты қамтыды. Тарих­та елеулі орын алатын көте­рілістің мақсатын, барысын кезінде өлкетанушы А.Тілеулиев өзінің «Қа­рақұм» атты кітабында және осы жолдардың  авторы ақпарат құралда­рында жариялаған болатын. Дегенмен ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған боздақтардың есімін жаңғырту – бү­гінгі ұрпақтың міндеті.

Қарақұм көтерілісінің рухани бас­шысы және жыршысы болған Тә­уе­кел Боранбай­ұлы еді. Тәуекел бір әкеден тараған бес ағайынды болған. Көнекөз  қа­рия­лар «бесеуі атқа мін­ген­де  шағын жасақ болатын» деп оты­ра­тын. Солардың үлкені Қарақұм көте­рілі­сінің  басшыларының бірі, рухани дем беруші және көтерілістің барысын өзінің  шайырлығымен жырлаған, бізге азды-көпті дерек қалдырып кеткен осы – Тәуекел Боранбайұлы.

Ол өткен ғасырдың басында қа­зіргі Бұқарбай батыр ауылында  дү­ниеге келген. Тәуекел туралы әкем «ол кісі менен екі жас үлкен» деп оты­ратын.  «Құдай Тәуекелге  қара күш­ пен шайырлықты, жыршылық та­лантты аямай берген. Өнерлі кісі бол­ған. Ауыл-аймақтағы жиын-тойға  жі­­гіттерді бастап баратын. Өзі бойшаң, сымбатты, ашық жүзді, де­не­­сінде  артық еті жоқ, атан жілік, апайтөс, жігіттің сұлтаны еді» дейтін.

«Бір жылы Тәуекел бастаған жі­гіттер көрші  ауылдағы  тойға бардық. Тәуекел тойда домбыра тартып, жыр жырлап думандатып отырды. Ке­нет­тен той иесі: «Түйе палуанға қарсы  палуандарыңды  шығарыңдар» деп жар салды. Қарасақ, мойнында  «қар­ғысы» бар түйе палуан өте ірі мой­сапат адам екен. Той иесі түйе пал­­уанға қарсы палуан жоқ болса, бас бәйгені күрессіз беретінін айқайлап  айтып жатты. Осы кезде Тәуекел ор­нынан ұшып түрегеліп, атының шыл­бырын  беліне байлап, ауылдың ақса­қалының алдына жүресінен отыра  ке­тіп, қолын жайып батасын алып, «я, аруақ,  өзің жар бол!» деп ортаға шықты. Қарсыласының белінен шап беріп ұстап алып, оның әрекет жа­сауына мұр­ша бермей, жерге алып ұрды.  Таза жеңіс. Өз-өзіне  келе алмай, не болғанын  білмей қалған түйе палуан есін жиып, «мен қапыда қалдым, қай­та күресемін» деп айқай салды. Біз­дің жақтың адамдары «жеңіс біз­дікі» деп дауласты. Жұрт дүрлігіп, тойдың шырқы бұзылуға жақындады. Қайтадан күресуге пәтуаласты. Тәуе­кел бұл жолы  арқаланып ебедейсіз жүрген  түйе палуанның  ербеңдеген  қолын қағып жіберіп, көтеріп алып аяғын тарбаңдатып,  айналдырып алып  жерге ұрғанда, түйе палуан  жағымсыз дауыс  шығарып  өкіре жығылды. Осы кезде Тәуекел түйе палуанның басы­нан аттап өте шықты. Бұл «мен сені өлтірдім, құның жоқ» деген  ишара болатын» деген бірде әкем.

«Уряд» басталғаннан кейін  (қазақ­тар төңкерісті, революцияны – «Уряд» деп атаған). Тәуекел сол кездегі ел ішіндегі берекесіздік пен айтыс-тар­тыстан, «шолақ белсенділердің» іс-әре­кеттерінен бойын аулақ ұстау мақ­сатында Қарақұмда қалып қойып, Нұраның Сырмен шектелетін жері «Қа­­ракөлде» жай салып, өмірінің соң­ғы жылдарын сол жерде өткізген.Көлге шығыр салып, бақша егумен айналысқан. Жергілікті халықпен тіл табысып,  Қарақұмға  көшіп-қонып  жүр­­гендерді азықпен қамтамасыз етіп отырған. Елден  жарлы-жақыбайларды, жетім-жесірлерді қасына жинап ең­бекке баулыған, тәрбиелеген. Со­лардың бірі жетім інісі Қалыбай де­ген бауырына арнаған өлеңі есімде қа­лыпты:

Сұрасаң менің атым Қалыбай таз,

Қолайлы домбыраға даусым да саз.

Киімді тәуір қылып киер едім,

Не пайда, әттең Тәңірім

дәулетім аз.

Қыс болса қақырамен күн көремін,

Наурыз өтіп,  сәуірде  келеді жаз.

Шапаттап жүгіремін жалаңаяқ,

Сумаңдап үйрек ұшар, қиқулап қаз.

Байларға жоқшылықтың

жайын айтсам,

Бір тиын  қара пұлға  өтпейді наз.

Қаншама кітап оқып,

ғылым көрген,

Бермеді Қасым молда  бір көйлегін, – деп қасына   жиналған жетім-жесір інілері мен бауырларының тұрмыс жағдайларын баяндап, ауқатты адам­дардың  оларға деген  сараңдығын бір-екі сөзбен  түйіндейді. Сол кездегі  жеті-сегіз жастағы Қалыбай інісі зұлмат заманнан аман қалып, елге ора­лып еңбек етіп, балалы-шағалы болып, жетпісінші  жылдары  дүниеден өтті. Сыртта жүріп елін сағынған Тәуе­кел Сыр­дағы ағайындарға жыр арнау жазып отырған. «Ауылнай ағаға», «Да­­рия тұрушы едің шалқып, тасып», «Аға­ларға» деген өлеңдері есімде қа­лыпты. Сол Тәуекелдің жыр-өлең­дерін әкем көңіл-қошы келгенде  Сыр әуеніне салып, домбырамен айтып оты­ратын.

Сол өлеңдерді «халық жауы»  бо­лып атылып кеткен есіл ердің  аты­нан қорқып, жазып алмағаныма  өкі­немін. Әкем Тәуекелдің жер, ел, та­биғат, тарих жайында жазылған «Да­рия тұрушы едің шалқып, тасып» атты ұзақ дастанын толық білетін. Оңашада ағасын есіне алып айтып отыратын. Содан есімде қалғаны:

– Жаратқан жер әлемді

жаппар Құдай,

Тіршілік айналады жыл он екі ай.

Жыл іші төрт кезеңге  бөлінеді,

Табиғат  дүниеге берген сыйдай.

Дарияға жақын жатқан 

«Арық балық»,

Жағасы сұлу Сырдың 

неткен байлық.

Таңдапты  көшбасшысы осы жерді,

Жұртына болсын депті Темірқазық.

Халқы біледі Ерубайды,

Қалмақпен соғысқанда ел қорғады.

Үзеңгілес болды Бәйтен,

Сәркеменен,

Бұландының басында қалмақтарды

қырған еді.

Сол батыр қосынымен келген дейді,

Уақыт болса керек наурыз айы.

Дария да жатыпты шалқып, тасып,

Таңдапты ел қонысқа осы жерді.

Батырға ұнаған дейді

«Шағала құм»,

Айнала шалқар теңіз суға толы.

Бұл жер «Аққұм» деп аталады,

Жағасы  қамыс құрақ, малға жайлы.

Болсын деп дәл осы жер ата-қоныс,

Қоныстанған екі ел,

төр болып арыс.

Тоғайы көпшілікке пана болып,

Жұт жылдары қалыпты халықты аман алып, – деп халқымыздың тарихи кезеңдерін жырлаған Тәуекелдің осы бір жолдарынан  оның ой-өрісін, дары­нын білуге болады. Егер өмір талабына сай бағыт-бағдар берген ұстазы бол­ғанда, заман­ның белгілі жыршысы атанар еді.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары қазіргі Бұқарбай  батыр ауылының негізі болған «Ақсай» деген шағын  ауылда тұрдық. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Халықтың тұрмыс жағдайы нашар. Шаруашылықты қалпына кел­тіру науқанына байланысты, салық пен заемнан көз аша алмай, кол­хозшылар ақша ұстамай, қолындағы бір-екі ма­лымен күн көріп жүрген уақыт бо­латын. Күніне 10-12 шақырым жеті­жылдық мектепке қатынап оқи­мыз. Оқып та жарытпаймыз. Жазда күріш отағы, күзде күріш орағы, қыста  қоғам малын бағуға көмектесу оқу­шылардың мойнында. Оған үйдің қара жұмысын қосыңыз.

Үйдің қасында бір кемпір жесір қызының қолында тұрып жатты. Ол кездің  адамдары  қарапайым, бауыр­мал еді.  Күз, қыс  айларында  күн ба­та  көршілер біздің үйге  жиналатын. Ас-суды бірге ішіп, барды бөліп жеп, әңгіме-дүкен құрып, түннің бір уақы­тында тарқасатын. Ауылда радио, электр жарығы жоқ, клуб, мәдениет үйі дегендерден хабарсыз. Әкемнің 1937 жылы Мәскеудегі халық шаруа­шылығы жетістігінің көрмесіне бар­ғанда сыйға алған қос ауыз мыл­тығы бар. Алдынан ұшқан құсты, жүгірген аңды жібермейтін мерген еді. Содан болар көже-қатығымыз  мол болды. Оның үстіне  «Табынкөл», «Лайөзектен» балық аулап, үлкен са­зандарды қамысқа орап, баулап түйеге артып әкеліп, көршілерге бө­ліп беретін. Көрші шешеміздің  нә­пақасы  біздің  үйден болатын. Қыс­­тың ұзақ түндерінде «Мырза  бала-ау, шаршап отырмасаң, ағаңның өлең­дерін айтсайшы» деп әкеме қолқа салады. Әкем кейде «Ерігесің-ау үй­де оты­рып» деп әзілдейтін. Мен сық­сима шамның жарығымен сабаққа да­­йындалып отырып, үлкендердің сө­­зі­не құлақ түремін. Көңіл-күйі жақ­сы кезде әкем шайын ішіп, демін ал­ғаннан кейін дом­бырасын алып жеңгесіне әзіл-қалжыңын ай­­тып, «мынау Тәукеңнің арнауы» деп, Сыр әуеніне  салып шырқай жө­неле­тін.  Шешеміз әлсін-әлсін «О дү­ние-ай» деп кейде көзіне жас алып, кейде егіліп тыңдайтын. Бабымен пі­сі­ріл­ген аңның етінен ауыз тиіп, әкеммен қалжыңдасып батасын беріп, «кеуілім бір серпіліп қалды ғой» деп үйіне қайтатын. Өзі томаға тұйық, аға­йын­дармен көп араласпайтын. Мен өз шешемнен «бұл кемпір  бізге  кім болады?» деп сұрағанымда, ештеңе айтпай, «әжең ғой» деп қоя салатын.

Кейуананың жалғыз қызының  аты – Озикүл еді. Ол кісі көктемнен қыс­қа дейін колхоздың егіс даласында  егіншілерге  аспаз  болды. Қыстауда жал­­ғыз қалған шешей біздің үйде  жүретін. Есейген соң оның Қарақұм көтерілісінің  қолбасшыларының  бірі, көтерілістің рухани дем берушісі, қо­сын басшысы, жыршысы Тәуекел Бо­ран­байұлының әйелі Мәрия шешеміз екенін білдік.

Тәуекел әкеміздің Қарақұмдағы өмірі, Қарақұм көтерілісі мен жеңіліске ұшыраған көтерілісшілердің  қайғы-қасіреті туралы Мәрия шешейдің өз ау­зынан  естуді тағдыр бұйыртты.

Сондағы айтқаны:

«Сол бір жылы  Нұраның бергі бетінде – «Қаракөлде» қыстадық. Ота­ғасы маған көп нәрсені айтпайтын. Бір күні  «елдегі айтыс-тартыстардан шаршадым, тыныш өмір сүргім ке­леді. Мына «Қаракөлге» шығыр салып, егін егіп тіршілік жасаймыз» деді. Қармақшыға барып керек-жара­ғын алып келді. Елден өзінің   жетім інілерін  алдырды. Сол жылы бидай жақсы шы­ғып, астықтың астында қалдық. Баябан далаға су нәрі кел­геннен  кейін бақшадан да мол өнім алып жүрдік. Қарақұмға көшіп-қонып жүргендер мен  Арқадан  кіре тарт­қандар соқпай кет­пейтін. Алыс-беріс, айырбас, тағы бас­қа тіршіліктеріміз жандана түсті. Ма­лы­мыздың басы да көбейді. Сол жақтағы аға­йындармен тіл табысып, бір қауым ел бола бастадық. Жағдайымыз түзеліп, уақыт осылайша өтіп жатты. Кейіннен Сыр­дан келушілерден жаңа үкімет же­кенің малын тәркілеп тартып алып жатқанын есіттік. Бізден де маза кете бастады, қысымнан қашқандар келіп бой тасалады. Кейіннен алтын, кете, шөмекей руларының  жаңа үкіметтің  озбырлығына қарсы көтеріліске шық­қанын естідік.

Осындай мазасыз  күндердің  бірінде  түрі өрт сөндіргендей үш адам келіп, отағасын қыр астына алып кетті. Олар сүт пісірімдей  уақыттан соң оралды. Ішім бір жамандықты сезгендей. Тіс жарып ештеңе сұрамадым, ол да еш­теңе айтпады. Арада үш күн өткен­де мұздай қаруланған үш  адам тағы келді. Отағасын қыр астына алып  кетті. Мен үйге кіріп сазарып отырып алдым. Жағдайды білгім келді.

Қайтып оралғанда түрінен ұзақ сапарға аттанғалы  тұрғаны сезілгендей көрінді. Отағасы: «Қатын, ішің сезіп отырған болар, халық өкіметтің өк­тем­ділігіне шыдамай көтеріліске шы­ғыпты. Көтерілісшілер 3-4 күнде осы жерге келеді. Артынан қарулы әс­кер қуып келе жатқан көрінеді. Осы өңір­дегі  алтын, кете, шөмекей, Арқа бет­тегі қыпшақтар мен табынның жі­гіт­терінен жасақ жиналып, хан сай­лапты. Мені қосын басшылығына ұй­­­ға­рыпты. Бірінші келгендерге ке­лі­сім берген жоқ едім. «У ішсең руың­мен», тәуекелге бел байлап маң­­дайыма жазғанды көремін деп келі­сімімді бердім. Енді өзіңе мықты бол!» дегенде өкіріп жылап жібердім. Отағасы «тоқтат!» деп зекіді. «Ертең  сәскеде жол бастаушы келеді. Соған дайындал. Елге «Арық балыққа»  (Бұ­қарбай батыр ауылының бұрынғы атауы) үйіңді Айтуар кәлпенің  қасына тік.  Ел сыйлаған  аруақ қой, сені еш­кімге түрткі қылмас, қанатының ас­тына алар. Уәде деген – Құдайдың аты, мен басымды оққа байлап  кетіп ба­­рамын. Тіршілікте жолықпасақ, о дүниеде жолығармыз» деді. Біз жолға жинала бастадық. Ота­ғасы түнімен орыстардан алған екі мылтығын та­залап, майлап,  кебе­жедегі  ораулы жатқан қылышы мен кездіктерін  алып, қайрап, оқ-дәрілерін мал терісінен жасаған қалталарға са­лып, жорық киімдерін ықшамдап ретке келтірді.  Ертеңіне  қолдағы малды екі інісіне құмға айдауды тапсырды. Ақбоз атына мініп, екінші атты қоса­ғына алып, жалғыз қызы Озикүлді құшақтап сүйіп, иіскеп аттанып кетті. Жылап-сықтап біз қалдық.

 Ертеңіне сәскеде үш түйемен  жол­басшы келді. Біз елге қайттық. Кәл­пе атамның  қасына  үйімді тіктім. Жағ­дайға ел құлақтанып қалған екен. Бәрі маған сезіктеніп қарауды шығарды. Аруағыңнан айналайын кәлпе атам ешкімге көзтүрткі етпей қамқорлық жасады.  Міне, содан бері қанша жыл өтсе де, сендермен шаңырақтың астын­да келеміз» деп шерін тарқатқан еді.

Қарақұм көтерілісінің дүмпуі Қар­мақшы ауданының Қарақұм өңіріндегі және Жалағаш ауданының Сырдария жағалауындағы Қараөзектен Қарақұм­ға шығар беттегі Нұраның  бойын ме­кен етіп,  көшіп-қонып  жүрген елді ме­кендер мен стратегиялық маңызы бар теміржол бойындағы станциялар мен бекеттер тұрғындарын қамтыған. Кеңес өкіметінің қыспағына қарсы бас көтерген  көтерілісші шаруалар мұздай қаруланған жазалаушы әскерге сойыл, шоқпар, шиті мылтықтарымен  қарсы шықты.

Бағыты солтүстікке қарай суыт жүріп келе жатқан  Тәуекел ауыр ой үстінде. Өз шаруасының керек-жа­рақ­тарын  алуға Қармақшыға  барып  жүргенде  станция мен бекет  бойында  лек-легімен толып жүрген қызыл әс­керді көріп, бұлар не мақсатта  шо­ғырланып қалған деп ойлаушы еді.  Мақсаты белгілі болды. Осындай ой үстінде келе жатып, кешегі хабар­шылар айтқан межеге де келді. Мұ­ны сайдың тасындай  жүз қаралы  қа­рулы  жігіт күтіп тұр екен.  Олардың айтуынша, Жұмағазы хан сайланып,  сонау Қараөзек бойынан елді Қара­құмның құмына көшіруді, елді ру­лардан жасақталған қосындарды Сыр­­­манқожа мешітіне жинауға әмір беріпті. Осы жерде Тәуекел өзінің  туы­сы Раманқұл баласы Мірәліден Қараөзек бойындағы Табын елі де Қарақұмға көшкенін естіді. Бұлар Сыр­манқожа  мешітіне  жеткенде жан-жақ­тан  жиналған  халықтың  қарасы да  көп болатын. Бас-аяғы үш күн еру болып, бозқасқа шалып құдайы беріп, аруаққа құран ба­ғыш­тайды.

Жұбаназар ханның басшылығымен ру, тайпа, қосын басшыларының қа­тыс­уымен кеңес өткізіліп, алдағы ұрыс жоспарының бағыт-бағдарын бел­­гі­­­лейді. Ханның уәзіретімен қосын бас­­­шылары сайланып, елді ұрыс ма­ңайынан аулақ құмның арасына  кө­шіріп, жазалаушы қуғыншыларды «Қа­ра үңгір» сайынан қарсы алуға пәт­уаласады. Қарақұм көтерілісінің  қол­басшысы, көтеріліс барысын жырлап, кейінгілерге азды-көпті естелік қал­дырып кеткен  Тәуекел шайыр: 

– Хан болды, әмір етіп Жұмағазы,

Құдайға  тәкбір-зікір айтқан назы.

Тілектес дін қарындас

мұсылман деп,

Тиіпті ханның жазған бір қағазы.

Шартына шариғаттың тура келді,

Есіткен бұл жұмысты тура халқы.

Шөмекей, Алтын, Жаппас,

көштік Табын,

Қыпшақ та көтерілді естіп даңқын.

Халайық Қарақұмға келдік тегіс,

Жаудан да хабар бар еміс-еміс.

Құрал жоқ, құр алақан,

мылтық сайман,

Сақтай көр, біз ғарыпты

құдай деңіз.

Жақындап қарсыласты  екі хан да,

Құдайым  қуат берсін  мұсылманға.

Зеңбірек атқан  доптан

шықты дауыс,

Бозала сүбе садақ атқан таңға.

Сол күні келген екен кезенген жау,

Сайланған «Қара үңгірден»

кете ханға.

Көп әскер  бізге дейін дайын

болған екен,

Жолықтық сәске түсте үлкен шаңға.

Көшкен ел үйін тікпей мінді атқа,

Қараүңгірдегі алғашқы шайқасты Тәуекел былайша  жырлайды:

– Астында ақ боз атым,

қолда қылыш,

Иықта оқшантай мен бес атарым.

Шарт түйіп ақтықпенен

маңдайымды,

Оқыдым ішімнен иманымды.

Көрінді сұр киімді шошақ

қалпақтылар,

Лек-лек боп келе жатыр

жасауылдар.

Асынған найзалы мылтықтары,

Әзірейлі нағыз жаналғыштар.

Түсті олар Қараүңгірдің

сай-саласына,

Біз тұрмыз шоқпар, сойыл

ұстап қолға.

Ұстастық осы кезде екі жақ боп,

Шіреніп ұрды олар қылышпен

оңды-солға.

Қасымда Дүйсенбайдың

Нұрбайы бар,

Бауырым палуан батыр

Мірәлім бар.

Сойылмен  Нұрбай ұрды бір

қалпақтыны,

Қылышпен мен де ұрдым бір шошайбасты, – деп  ұрыстың барысын баяндайды.

Осы ұрыста көтерілісші шаруа­лар жазалаушыларға соққы беріп бетін қай­тарады. Кеңес өкіметі көтері­ліс­шілерді көндіру мақсатында айла-тә­сілдерге  барады. Кешірім беретініне, талаптарын орындайтынына кепілдік алып, Әліби Жанкелдин бастаған комиссия Қарақұмға барып келіссөз жүргізеді. Олар өкіметтің қойған та­лаптарын орындап, қару-жарақтарын өткізді. Жұмағазы бастаған көтеріліс басшыларын «Қызылордада келіс­сөз­ді одан әрі жалғастырамыз» деп Қар­мақшыға алып келген жерде тұт­қындап, Қызылорданың абақты­сына жапқан. Кейіннен үштіктің бұйры­ғымен Жұмағазы Алматыда 1931 жыл­­дың 16 сәуірінде, қалғандары Қы­­зылорда маңында атылған. Басшы­ла­­рынан айырылып қалған көтеріліс­шілер көпке дейін өз-өздеріне  келе алмай жүрген.

Ұлтжанды Ертілеу, Бектілеу, Қауыш, Әбіштер, Мірәлі, тағы басқа­лар­дың бастауымен, Қожбанды хан сайлап, оның жанына топтаса  бас­тайды. Алғашқы ұрыстан сабақ ал­ған  көтерілісшілер  мылтықсыз  со­ғыстың же­ңіліс табатынын түсініп, оқ-дәрі, қару  алудың жолын іздестіре бастайды. Осы мақсатта қо­лдағы алтын-күміс, білезік, са­қи­на, тағы басқа бағалы заттарды сатып, қаржы жинайды. Еті тірі, пысық жігіттер Ташкент, тағы басқа қа­лаларға барып азды-көпті қаруға қол жеткізген.

Көтерілісшілер соңына ерген ха­лық­тың азып-тозып, жағдайы на­шар­лауына байланысты сол жылдың қысында Сырға жақындап паналауды ұйғарған. Осы сәтті пайдаланған жа­залаушы қуғыншылардың қарулы күші көтерілісшілермен бетпе-бет кез­десіп, Қожбан ханды тірілей қолға түсіріп, басқаларын да тұтқындаған. «Мойынқұмдағы Тәуекел Боранбай­ұлы, Мірәлі Раманқұлбаласы да қапы­да қолға түскен. Тәуекел – қалың қас­ты, ірі қара  кісі еді, палуан болатын, өзі ақын, өнерлі жан. Астында ірі ала атымен құмның ішіндегі қыстауға  жа­қындай бергенде ұсталды. Бірқатар ауылдар, көпшілігі табынның жақап­тары Мойынқұмды жайлаған болатын. Өйткені онда Тәуекелдің  қыстауы, Дүйсенбайдың қыстауы сияқты ме­кендер болған еді. Мұнда Тәуекел Бо­ранбайұлы  шыңнан құлаған жыраның алдын бөгеп үлкен тоған жасаған,  егін егіп, кәсіп қылған. Сол бөгеттің сілемдері  әлі күнге дейін бар. Жауын аз жауса да, су тоғанға құйылады» делінген А.Тілеулиевтің «Қарақұм» кітабында. Сондай-ақ:

«Вагондардан ақ жиде, дамбал киген, қосарлап, үшеу-төртеуден  бай­лан­ған адамдарды түсіріп жатты. Бұ­лар – бүгін мойындарына өлім құ­рығы ілініп, жазаға кесілген кешегі Қарақұмның  ерлері еді. Мұздай, суық, қырау үстімен жидешең айдап, сол үшін қазылған терең  көрдің  жиегіне  теріс қаратып тұрғыза бастады. Іңір қараңғылығы қоюланып, көк жүзін бұлт бүркіп тұрса да ақ жиделі көтері­лісшілер нысанаға тәуір ілінетін. Мірәлі мен Тәуекел  бірге қосақталған еді. Бұл екеуін жіп емес, шынжырмен байлапты. Екі алып палуан көр жие­гінде қатар тұрды.

– Уа, бауырларым, ақыреттік ба­уырларым, бекерге шуламаңдар, – деп  айқайлады. Осы кезде Тәуекел Бо­ранбайұлы: – Алланы ұмытпаңдар! Алла деңдер! Алла! Тәуекел мен Мірәлі өздері байлаған шынжырды  сұрапыл күшпен үзіп жіберді. Мылтықтар гүрс-гүрс атылып, төңірекке оқ-дәрінің иісі тарады. Шұңқырға құлағандардың үс­тіне оқ тиген өлгендерін жайғас­ты­рып әскерилер жүр. Сүт пісірімдей уақытта жүз елудей адам шейіт болып, жандары ұшып көкке кетті.  Жендеттер көр бетін көміп, жасыра бастады. Түн  қараңғылығында қорқыраған, ыңы­ран­ған дауыстар естілді», – делінген.

Иә, осыдан тоқсан жыл бұрын қызыл империяның озбырлығына қар­сы бас көтерген  шаруалардың соңғы демі осылайша біткен еді. Мүсінде бей­неленген жазалаушы жендеттерді жалаң қолмен кеңірдектерінен  алып жатқан Тәуекел, Мірәлі сияқты палуан ерлер ме екен деп ойға қалдым. Олар­дың  рухтары  бүгінгі тәуелсіз егеменді еліміздің ұрпақтарын желеп-жебеп жүргей!

Рысбай КӘРІМОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<