Бабалар қанымен келген құндылық

1381

0

«Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік».

Президент Жолдауынан

Журналистика саласының құрметті ардагері, белгілі фототілші Болат Омарәлиевтің  кезінде газетке арнап түсірген суреттерінің қайсыбірін алмайық, барлығы да құнды. Әйтсе де, солардың ішінде өзіме қатты әсер еткен бір сурет бар. Ол – ұшақтан түсе туған жер топырағын сүйіп жатқан қарияның суреті.  Атамекеніне аңсап жеткенде сағынышы тулап, туған топырағына сәжде еткен ақсақалдың қайталанбас сәті, тілмен айтып жеткізе алмайтын сұрапыл сезімдері бір кадрға сыйып тұр.

Бұл тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен арман болатын. Қытайдан, Ауғанстаннан, Ираннан, Түркиядан келген қандастарымыздан «Қазақстан тәуелсіз ел болды!» деген хабар жеткенде ол жақтағы ағайынның қалай қуанғанын естіп білдік. Қоғам қайраткері, жазушы Халифа Алтай Стамбул көшесінде немересімен келе жатып Қазақстан тәуелсіздік алды дегенді естігенде сол жерде отыра қалып жайнамазын жайып жіберіп, Құран оқығанын да білеміз.

Хасан Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір» деген кітабында Қытай қазақтарының Такламакан шөлі мен Гималай тауынан асқан жанкешті сапары баяндалған. Оны оқыған адам ғана қандастарымыздың атажұртының тәуелсіз ел болғанына соншама шаттанып қуанған сәтін немесе көздері жасқа толып тебіреніске түскен жайын түсіне алса керек. Олардың жүрегінде бодандық қамытынан құтылған Отаны Қазақстанға деген сағыныш, ата-бабаларының еркіндік үшін төккен қан мен тері, егемендік алған елінің қуанышы түйісе келе, ерекше күш пен асқақ рух жатқан еді.

Иә, тәуелсіздік – қастерлі ұғым. Алып империя КСРО-ның іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалған сәтті пайдаланып, 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Бұл қазақ халқының тарихындағы, шын мәніндегі ұлы оқиға болды. Осылайша біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен жеттік.

«Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын» дейді  бұл жөнінде Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында. Елбасы осы ойды аталған мақалада «Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан» деген сөздерімен жеткізуі де сондықтан болар.

Алайда, басқа одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздігін жариялап жатқан тұста Қазақстан тарапы  ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдуға тура келді. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл туралы мақалада:  «Саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіпке негізделген орталықтағы басшылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тарапынан жіберілген жалғыз қателіктің өзі орны толмас трагедияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді» дейді. Бұл жөнінен өзге республикалармен салыстырғанда Қазақстан үшін өзіндік қиындықтар жеткілікті еді. Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекараның ұзындығы 7,5 мың шақырымды алып жатқанының өзі не тұрады? Тіпті республиканың Жоғарғы Кеңесінде  «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңды талқылағанның өзінде оның қабылдануына қарсы пікір білдіріп,  «батыл» сөйлегендер болды.  Олардың қолтығына су бүркетін сыртқы күштердің бар екені де аңғарылып тұрды.

Міне, осы секілді өзге де қиындықтарды жеңіп ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін жас мемлекет басшысына зор жауапкершілік жүктелген еді. Ол тәуелсіздік деген киелі құндылықты сақтап қалу ғана емес, оны нығайту және дамыту міндеті тұрған еді. Ол бұл міндеттерді абыроймен атқарып шықты.

Біз атом қаруынан өз еркімізбен бас тартып, бүкіләлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Бұл – Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті сақтауға қосқан теңдессіз үлесі.

Тәуелсіздікті жариялаған соң әлемдік қаржы нарығын мұқият зерттей келе, ұлттық теңгемізді дер кезінде айналымға енгіздік. Болашақ ұрпағымыз ештеңеден таршылық көрмеуі үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын жасақтап, оған мол қаржы жинақтадық. Дәл осы мол қаражат пандемия кезінде бізге көмек болды.

Тәуелсіздікке ие болғаннан кейін қазақ халқының жаңару кезеңі басталды. Қысқа уақыт ішінде әлемдегі екі жүзден астам мемлекет Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың беделді бір мүшесіне айналды. Экономикалық табысты реформалар Қазақстанның «Еуразияның жарқыраған жұлдызы» атануына себеп болды.

«Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында Елбасы бұл жөніндегі пікірін: «Біз әлемдік тәжірибені қорытып, өз ерекшеліктеріміз бен мүмкіндіктерімізді ескеріп, «Қазақстан – 2030» стратегиясын түздік. Онда белгіленген межелі көрсеткіштерді мерзімінен бұрын орындаған соң халықтың қолдауын тапқан «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жасадық. Әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар «Қазақстан жолы» деп жоғары баға берген ұлт дамуының даңғыл жолының өзегін дәл осы қос стратегия құрайды» деген оймен айшықтаған.

Елдің бас қаласы Алматыдан Есіл жағасына көшіріліп, Сарыарқаның төсінде әлемге үлгілі де көрікті қала салынды. Бұл көшпелі түркі мәдениетінің белді мүшесі қазақтардың отырықшыл қала мәдениетінің де озық өкілі екенінің белгісі ретінде тарихқа енді.

Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кету қаупінен арылды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болды. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер қайта жанданып, өзінің табиғи даму жолына қайта түсті. Кезінде жатжұрттық өктем билеушілердің зорлық-зомбылығы салдарынан туған жерінен шетелдерге ауған қазақтар атамекеніне қоныс аудара бастады. 1992 жылдан 2017 жылға дейін дүниежүзі қазақтары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен бес құрылтай өткізді. Бір миллионнан астам қазақ атамекеніне оралды.

«ЕХРО-2017» көрмесін өткізіп, жасыл энергетикаға көшудің кешенді бағдарламасын қабылдадық. Бүгінде бүкіл әлем баламалы энергетиканы – жел энергиясы, гелиоэнергетика, гидроэнергетика, биоэнергетика, геотермалды энергетика салаларын қарқынды дамыту үстінде.

Қазақстанда Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі өткізіліп, еліміз өркениеттер диалогын, Батыс пен Шығыстың үнқатысуын өрістетуге үн қосты. Мұсылман әлемі мен Батыс елдерінің саяси көшбасшылары арасындағы диалогты ұйымдастыру туралы Қазақстанның бастамасы да халықаралық қауымдастықта жоғары бағаланды және біздің шетелдік әріптестеріміздің толық қолдауына ие болды. Қазақстан Республикасы ТМД елдерінен және мұсылман жұртының арасынан алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметіне ие болды.

Елбасының осы және басқа еңбектерін айтпағанның өзінде оның болашақ ұрпақ алдындағы атқарған ең маңызды да зор ісі деп шекарамыздың шегенделуін арнайы атап кетуге болады. Өйткені, бабаларымыз бізге мұра қылып қалдырған ұлан-ғайыр жер кешегі патша заманында да, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен рәсімделмеген еді. Ұлт Көшбасшысы «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында бұған арнайы тоқталып кеткен екен.

«Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді» делінген мақалада. Түсіне білген жанға жас мемлекет үшін шекараны шегендеу – зор жетістік.

Тұңғыш Президент өз мақаласын «Біз өзіміздің толағай табыстарымыз арқылы тәуелсіздікке сенбегендерді иландырдық, көнбегендерді қатарымызға тарттық, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналдық. Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін» деген сөйлемдермен аяқтаған.

Қазақстанның болашағына барлығымыз да кәміл сенімде болуға тиіспіз.  Мемлекеттің халық алдындағы негізгі міндеттері – тұрғындарды ауызсумен, жол қатынасымен, мектеппен, медициналық көмекпен және еңбекке жарамсыз адамдарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету. Елімізде бұл бағыттар бойынша елеулі жетістіктер бар және ол ұдайы жетілдіріле береді.

Ал жалпы алғанда мемлекеттің міндеті – адамның бар мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау, оның дамуына ықпал ету. Басқасының барлығына ол өзінің білімімен, білігімен, күш-жігерімен қол жеткізуі тиіс. Қазақстанда адамдар өз кәсібін ашу үшін түрлі бағдарламалар қабылданған. Талпынған адамға әрдайым жұмыс табылады. Ең бастысы – басқаға иек артудан, мемлекетке деген тұтынушылық көзқарастан арылу қажет. Мұны әсіресе жас ұрпақ жақсы түсінуі тиіс. Кезінде АҚШ президенті Джон Кеннеди айтқан  «Мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не бере аламын» деген ұғымды басты ұстаным етіп алғаны абзал. Сонда ғана тәуелсіздігіміз тұғырлы болмақ.

«Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаладан түсінгеніміз, бабаларымыз сан ғасырлар армандаған, сол жолда талай қан төккен азаттығымызды, тәуелсіздігімізді бәріміз де қастерлеп, аялауға тиіспіз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<