Бегім ананың бегім болмысы немесе Бегім ана – адалдық символы

1790

2

Музей – туған өлкенің тарихымен терең танысуға мүмкіндік беретін рухани орда. Музей залдарын аралап жүріп, соған көзім жетті. «Археология» залында Сыр өңірінің қасиетті орындарымен танысқанымызда музей қызметкері Әйгерім Сейітбекқызы Бегім ана мұнарасына тоқтап, қызық әңгіменің басын бастады. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Жанкент шаһарында болған оқиғаға әп сәтте елітіп кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Бегім ана мұнарасы Арал территориясында орналасқан екен. Мұнара сегіз қырлы келген. Төбесі пирамида болып біткен. Мұнара шикі кірпіштен тұрғызылып, екі қатар күйдірілген кірпішпен қапталған. Биіктігі 10,5 м құрайды. Қызығы, мұнара ескерткіш үшін де, қарауылдыққа арналып та салынуы мүмкін. Орта Азияда көп кездесе бермейтін ескерткіштер қатарында.

         Бегім ана кім? Бегім – тарихта болған адам. Қарабура әулиенің қызы, Селжұқ мемлекетінің ханы Санжар сұлтанның жары. Ақылына көркі сай Бегімге көрген адам көз алмай қарайтын көрінеді. Аруға сөз салған серілер де аз болмаған. Бегімнің көңілін тек Санжар хан ғана өзіне қарата білген екен.

         Халықтың аузында жүрген аңыз-әңгімелерде Бегім ананың есімі –Бекмана, Бикем деп те айтылады. Бұл – оның билікке араласқан бектің әйелі болуымен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі, қазақ халқы ежелден ханның әйелін «ханым» атағаны секілді, биліккке араласқан бектің әйелін «бегім» деп атаса керек.

         Шамамен ХІ ғасырда Селжұқ елінің ханы Мәлік шах дүниеден өткеннен кейін, таққа ұлы Санжар отырады. Санжар «хан» атанып, елін Жанкентке көшіреді. Сыр бойына орын тепкен Санжар хан Жанкент қаласын мықты бекініс-қалаға айналдырады. Еліне сыйлы хан аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Аңға шығып кеткен Санжар үйінде қанжарын ұмытып кеткен көрінеді. Құлын үйінде қалған қанжарын әкелуге жұмсайды. Есігін ашып, қанжарды ұсынған Бегім сұлудың аппақ қолын көрген құл есінен танып, құлап қалады деседі. «Бегім ханым білегімнен ұстап жібермей қалғандықтан кешіктім» деп, құл ханның алдында кешіккен себебін түсіндіріп, ақталған көрінеді.

         Санжар хан ақ-қарасын тексермей, Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп: «Балам, бұлтартпай шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң, Аллам жәрдем беріп жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!»,- депті. Сонда Бегім жылап тұрып: «Атажан, Құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер Санжарға қиянат жасасам, Тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата!» – деп, зар еңірейді.

     Осыдан соң, Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданған болсаң,  бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!», – деп, теріс батасын береді.

         Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы Бегімнің сау қалпында отырғанын жеткізеді. Қанша жерден кешірім сұрағанмен, Бегім сұлу Санжар ханға илікпейді. Аққу құсына айналып, көкке көтеріліп ұшып кетеді. Санжар оның қайта оралуын өтініп сұрағанымен, аққу бейнесіне айналған әйелі оған  қайырылмайды. Көкте біраз самғап, теңіз жағалауына құлайды.       Аңыздық желі бойынша іңір уақытысында аспаннан бір мес толған жылан Жанкент шаһарының ортасына түсіп жарылады. Жылан қаланың сыртына бір адамды шығармай, шағып өлтіреді. Сонымен, жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады. Қазір де археологтар Жанкент қалашығының орнында ордалы жыландардың көптеп кездесетінін айтады.

         Ал, Бегім сұлу болса өз әкесі Қарабура әулиенің көмегімен Бегім Ана белгісін салдырып, ер атаулыдан көңілі қалып, қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген деседі. Кей аңыздық деректерде аққу кейпіндегі Бегім сұлудың теңіз жағалауына құлаған  жерінен кейіннен мұнара бой көтереді. Бегім сұлуға ата-бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім Ана әулие атанады.
            Бегім ана ескеріткіші шамамен ХІІ ғасырда салынған. Бегім ананың ер атаулыға қарсы болуына байланысты ескерткіш ер кісілерді қабылдамайды. Ескерткіштің шырақшысы әйел адам болуы да сондықтан. Алладан перзент сұрағандарға Бегім ананың шапағаты тиіп, перзентті болған аналардың саны жетерлік. Бұл аңыздан Бегім сұлудың жарына деген адалдығы, Санжар ханның әйеліне сенбестігі, өшпенділігі, ақыр соңында өкініші көрініс тапқан.

№282 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы

Дербісалы Ақжібек

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<