Бойтұмар

2362

0

Магомед Гасан Гусейнов (авар жазушысы)

– Сен алыс, таныс емес жерге, бөтен адамдардың орта­сына бара жатырсың, – деді шешем, өзі кәрі, діншіл адам еді.

Мен Рига қаласы маңын­дағы теңіз жағалауына де­малысқа баратын болғанмын. Ол өмірінде көрші ауыл мен айналасындағы авар тау­лары­нан әрі асып көрмеген. Мен де Махачкала университетін бі­тіргеннен кейін ешқайда шық­пағанмын. Ал, ол кісіге бірнеше мың шақырым жерде жатқан Латвия жердің шеті боп көрінуі заңды да еді.

– Міне, мынау бойтұмарды ал, ол сені бәле-жаладан сақ­тайды. Оны көзіңнің қара­шы­ғындай сақта, кеуде тұсыңда ұстауға тырыс. Сонда оның күш-қуаты өзінде болады.

– Ойлап таппайтының жоқ-ау, мама, – дедім мен.

Бірақ ренжітпеу үшін ал­дым. Бойтұмар араб тілінде жазылған қағаз, үшбұрыш қы­лып бүктеліп, шүберекке тігіл­ген зат болып шықты. Онда не жазылғанын анам да білмейді. Сонда да оның беймәлім, тылсым күшіне сенетін. Ол мұның мені көз тиюден, ауру-сырқаудан, бақытсыз жағ­дай­лардан құтқаратынына сенді.

Бойтұмар бұрын да, алпы­сыншы жылдарда біз­дің тау халқына тән үрдіс еді. Бұған, әсіресе, үлкен кісілер құлай сенетін. Арагідік әртүрлі пі­кірлер кездесіп қалғанымен се­неді. Бірде милиция тауда ты­ғылып жүрген қауіпті қыл­мыскерді ұстайды. Одан ақша мен қарудан басқа бірнеше бойтұмар табылды. Біреуінде былай жазылыпты: «Сенің бұл дүниеде де, ол дүниеде де жа­саған күнәларыңды құдай кешірсін!». Екіншісінде: «Қай­да жүрсең де, еркіндікте ме әлде қамауда ма, сені құдай қол­дайды». Еркіндікте не бола­тынын білмеймін, ол бірден қамалды да, ату жазасына ке­сілді. Бұл туралы барлық га­зетте жарияланды.

Бірақ барлық жағдай бұлай қайғылы аяқталған жоқ. Бір әйелдің бір сиыры болған екен, ол өте тентек, мінезді екен. Сау­ғызбайды, сүзеді неме­се шелекті теуіп, ақтарып тас­тай­ды. Сөйтіп, бойтұмардың кө­мегіне жүгінбек болады. Алыс­тағы бір ауылда тұратын мол­даға сый-сияпатымен ба­рып, оған бойтұмар жаз­дыртып алады. Сөйтіп, бойтұмарды си­ырдың мойнына мықтап бай­лап қояды.

Бір күн өтеді, екі күн өтеді, бір апта өтеді, ешқандай өз­ге­ріс жоқ. Сиырдың бұрынғы сол мінезі, сауын шелекті бұ­рынғысынша ақтарып тұр. Бұ­ған ашуланған әйел сиырдың мойнынан әлгі бойтұмарды алып, оқыту үшін мұғалімге ба­рады. «Әй, сиыр, – деп жа­зылыпты қағазда, – қазірден бастап қырсық мінезіңді қой. Әйтпесе, жерге жығып салып, теріңді сыпырып, сойып ала­мыз!» Содан бері әлгі әйел біреудің мойнынан бойтұмар көрсе, жерге түкіреді екен, ал молдаларды «алаяқ» дейтін бо­лыпты.

Менің де бойтұмарым өз міндетін теріс атқара бастады. Ең алдымен, ұшаққа билет ала алмай санаторийге екі күн кешігіп келдім. Осының кесі­рі­нен қорылдап ұйықтайтын Иванычтың бөлмесіне түстім. Сөйтсем, алдымда қо­рылдың кесірінен бөлмеден екі адам ауысып кетіпті. Мен еш­қайда ауыса алмадым. Сон­дықтан ұй­қымды күндіз қан­дырып ала­тынмын. Ригада клас­тасымды да кездестіре ал­мадым. Ол Дағыстанға кетіпті.

Санаторийда маған егделеу әйел көз тоқтатқандай болды, шамасы романтикалық өзгеріс іздеп келсе керек. Түнде Ива­нычтың қорылынан құтыла ал­масам, күндіз әлгі әйелден абай болуым керек болды. Бі­рақ оншақты күн өткен соң бойтұмарға деген пікірім өз­герді. Бойтұмар да, ақша да күмәжінікке салынған, бұлар чемоданның ішінде болатын. Осылай сенімдірек еді. Ал, Ри­гаға жүретін күні бойтұмарды пиджагімнің сол жақ ішкі қалтасына салғанмын. Таңғы асты ішіп болғасын әдеттегідей фойеге беттегенім жоқ. Бұл жер­ден әлгі әйел кездесіп қалуы мүмкін. Балконға шық­тым да қоршаудан сыртқа қар­ғып түстім. Сосын адамдар аз жүретін алыстағы жолмен электричкаға жеттім. Вагонға мінгесін пневматикалық есік­тер сарт етіп жабылды. Сол кезде барып демімді бір-ақ ал­дым. Таяу тұрған орындыққа отыра кеттім де, қалтамнан «Неделя» газетін алып оқи бастадым.

Бір кезде тұла бойым өзінен-өзі біртүрлі болды. Сол жақ қалтама салынған бой­тұмардың тұсында жүрегім дүрс-дүрс соқты. Баяу басымды көтеріп едім… Үнсіз қатып қал­дым. Қоңыр, үлкен көздер барлай маған қарап тұрды. Жоқ, мұндай көзді өмірімде көрген емеспін. Мүмкін енді көрмейтін де шығармын. Қо­ңыр шашы иығына түсіп, ара­сы­нан аппақ мойындары кө­рі­неді. Қызғылт бетінде, мұр­нының айналасында тары се­кілді шашырай түскен секпілі бар.

«Құдайым-ау!» Орнымнан қалай тұрғанымды білмедім. Қолымдағы «Неделя» сусып жерге түсті. Қыз оны жерге жеткізбей қағып алды. Сосын ол да түрегелді. Маған салқын қарап күлімсіреп тұрды. 

– Арсен! – дедім мен еріксіз, әлі не болғанын түсінбей.

Оны күтпестен қолымды создым.

– Светлана!

Қыз қолыма газетті беріп жатып тағы күлімсіреді.

– Неғып қадалып қарап қал­дыңыз?

Оның күлкісі айналаны жа­дыратып жіберді. Мен де же­ңілдеп қалдым, орындыққа оты­ра кеттім. Әңгімелестік. Өзім­нің қайдан, неге келгенім, бәрі-бәрі айтылды. Дағыстан қыздарының оңтүстіктің түні секілді қараторы боп келетінін, ал оның есімінің өңіне сай екенін де айттым.

Ол тағы күлімсіреді. Менің таңғалысым ұнаған болу керек. Ригаға жеткенше ол ту­ралы біраз нәрсе білдім. Бұл жерге сессиядан кейін демалуға кел­ген болып шықты. Бізбен көр­ші санаторийде тұрады екен. Ригаға жәй көру үшін дүкен аралап, кез­десіп жатса, бір бой­тұмар ал­ғысы келетінін жет­кізді.

Осы кезде кеуде тұсымдағы бойтұмар есіме түсті. Ақыры өзінің міндетін атқара бастаған сияқты. Бойтұмар бәле-жәле­ден қорғап, бақ әкелуі тиіс-тін. Светланамен кездесуім Ива­нычпен бір бөлмедегі ұй­қысыз түндерім, анау егде әйелден қашқан сәттерім үшін тағдырдың жіберген сыйы еді. Светланаға бірден көзсіз ғашық болдым. Мені баурап алған оның лағыл тас түстес қоңыр көздері еді. Осыдан мың­даған жылдар бұрын кайнозой дәуіріндегі шыбын қарағай ша­йырына қалай батса, мен де осы көздердің тұңғиығына со­лай баттым.

Бірақ ерте қуаныппын. Ауылда жүргенде бұл бо­й­тұ­мардың махаббат жолын­да көмектесетіні туралы көп естігенмін. Мысалы, сиқырлы сөз­дерді жазып, мойныңа та­ғып алсаң, ынтық болған ада­мың сені сүйе қояды-мыс. Ал Свет­ланамен арадағы жағдайға қа­­­расам, мендегі бойтұмар тіп­­­ті басқа болса керек. Біз са­­на­­торийге жақындағанда ол сатып алған бойтұмары мен са­қи­насын өлшеп көрген еді. Маған ұстай тұруға бұ­рын­­ғы сақинасын берді. Бұл са­қинада інжу тас тістеген жы­лан бедерленген. Өте әдемі жасалған дүние. Свет­ла­наның көршісі, болашақ кү­йеуінің сыйлағаны екен. Олар қатар өскен, институтты бітір­гесін үйленбек болыпты.

Светланамен Ригада болған сәттер, көңілге ұялаған үміт, жүректегі қуаныш бәрі жоқ болды.

– Сен оны сүйесің бе? – деп сұрадым өз дауысымды өзім та­нымай.

Светлана сатып алған зат­тарын қоя тұрып маған мұқият қарады.

– Біз онымен ағалы-қарын­дастан да жақынбыз.

Бұл сөз бәріне нүкте қойды. Бойтұмар тағы да теріс жұмыс істей бастады. Мен енді шық­қан биігімнен қайтадан кері құл­дилай бастадым. Біздің ара­мызда достық қатынас орнады. Біз экскурсияға да, суға түсуге де бірге барып жүрдік.

Бір жолы биден шыққан соң үйіне дейін шығарып салдым. Осы кезде оны құшақтамақ болған едім, Светлананың маған қараған көздерін көрсеңіз! Олар от шашып тұрды. Созған қолым сол күйінше ауада қалып қойды. Кешірім сұрадым, со­дан кейін бұл әрекетті қайта­ламайтын болдым. Бірақ оған деген сезімім күшейе түсті. Түнде Иванычтың қорылынан қашып шыққанда бір ерекше оқиға бола қалса, сол арқылы жақындай түссем деп арман­дайтынмын. Тағдыр мені аяған болуы керек, мұның да сәті түсті.

Бірде латыштың Лиелупе өзеніне қайықпен серуендеуге бардық. Қайықтар тұратын жерден (станциясы) ұзап кет­тік. Аяқ астынан дауыл тұрды. Осыған дейін тыныш жатқан өзен беті астаң-кестең болды. Бірақ өзен мұндай мінезді жиі көрсете бермейтін сияқты. Біз­дің қайықты толқын олай-былай лақтырумен болды. Өмі­рімде бірінші рет ескек ұс­тадым. Бізде, Дағыстанда мұн­дай кең өзендер жоқтың қасы. Ол жерде өзендер енсіз, ағысы қатты. Мұндай жағдайда су бетіне шығып тұрған тастарға соғылып быт-шыт болар еді. Сондықтан ескекті есу өнерімнен келер пайда аз. Бай­қағаным, қайықты ағысқа қарсы бағыттау керек екен. Әйтпесе, аударылып кетуі оп-оңай.

Жел күшейе түсті, толқын тынымсыз ұрғылауда. Ал жаға­лау қашық еді. Свет­лананың өңі боп-боз, тоңғаннан бүрісіп тұр. Кенет қолын бұлғап айғай салды:

– Құтқарыңдар! Көмектесің­дер!

Бұл кезде қасымыздан мо­торлы қайық зуылдап өтіп ба­ра жатты. Бірақ бізге ешкім мой­нын бұрып қараған жоқ.

– Неге бекер айғайлай бе­ресің? – дедім мен Светла­наға, – олар бәрібір естімейді. Одан да ішіндегі суды сыртқа төк­пейсің бе?!

Ол маған үрейлі көздерімен қарады, өзі құтқарушы кәмірден ұстап алған.

– Арсен, мен жүзу білмей­мін.

– Осы кезде анау құтқарушы кәмірге айналып кетер ме еді, шіркін! Сонда сен мені құ­шақтаған болар едің, – дедім.

– Сенің-ақ әзілің таусыл­майды екен.

Светлана өзін зорлап күлді. Бірақ күлкісі біртүрлі көрінді.

– Ал, қайығымыз аударылып кетсе ше?

Мен жауап беріп үлгергенім жоқ. Келесі бір толқынның соққысынан қайығымыз қат­ты шайқатылып, бетіне су ша­шырады. Ол құт­қарушы кәмірді тастай салып, судан қорғанбақ боп бетін қо­лымен көлегейледі. Енді тепе-теңдіктен айырылып қалып, суға құлап бара жатты. Осы кезде ескекті тастай салдым да оны құтқармаққа тұра ұмтылдым.

Қатыгез Лиелупе дәл осыны күткен секілді. Бір жағына қи­сайып, іші суға тола бастаған қайықты келесі бір толқынның жойқын күші аударып жіберді. Батып кеткен мен су бетіне қайта шыққанда су жұтып, қолын ербеңдетіп, шыңғырып жатқан Светлананы көрдім.

– Шыда! Қазір құтқарам!

Мен құлаштап жүзіп бар­дым. Ол болса мені тас қылып құшақтап алды. Мұндай күй­де жүзу қиын. Біз су­дың түбіне қарай батумен бол­дық, Светлана қайықтың ер­неуі­нен мықтап ұстап ал­ған. Енді мен де қайықтың ер­­не­уінен ұстап, бір қолымды бұлғап «көмектесіңдер!» деп айғай­лаумен болдым.

Бізге қасымыздан өтіп бара жатқан моторлы қайықтағы сақалды адам көмектесті. Әлгі кісі жылынуымыз үшін бізге курткасын тастады да, қайығын бұрды.

– Сен мені құтқардың! Сен мені анық құтқардың! – дейді Светлана сыбырлап.

Өзі маған қарай тығыла түсті, оны иығынан құшақтап тұрдым. Сосын куртканы үсті­не жаптым. Светлана әлгі жағ­дайдың әсерінен әлі айыға қой­­маған болатын. Тағы да жүзе түссек екен деп армандап тұрмын. Кеудеме басын қойған еді, қоңыр түстес шашынан сүйдім. Ал басқа кезде бұл тек арман…

Осы оқиғадан кейін Свет­лана екеуміздің арамыз жақын­дай түсті. Тіпті ажырамайтын болдық. Бірақ бұл достық қа­рым-қатынас еді. Ал мен бұ­дан да жақындай түскім келді. Оның әдемі аяғы, қыпша белі, сымбатты мүсіні, көзі мені­кі болса деп армандадым. Жа­ратушы ием, егер сен бірдеңені мінсіз жаратқан болсаң, ол – Светлана, тек Светлана. Оны Рафаэль картиналарында кез­десетін Мадонналар мен осы ғасыр сұлуларының қосындысы деп түсіне бер. Бұл кезде де­малысымның мерзімі біткен еді. Светлана мені шығарып салу үшін Ригаға еріп барды. Бірге өткізген қуаныш пен қайғы адамдарды жақындата түседі емес пе?! Біз туыстар се­кілді қоштастық.

Мына кереметті қараңыз: перронның жарығынан қып-қызыл боп жауқазын шығып тұр­ды, ашық жасыл жапы­рақ­тары көкпеңбек. Мезгіл жаздың ортасы еді, Риганың гүл са­ту­шылары жауқазын сатып жүр.

Бір айдан кейін хат келді. «Мен жалғыздықтан қорқам, – деп жазыпты Светлана Мәскеуден. – Сенен айырылғым келмейді. Біздің кездейсоқ таныстығымыз ұзағынан болса екен. Сенімен дос болып қал­ғым келеді, Арсен…»

Мен оған ұзын-сонар жауап жаздым, әрине, оның ішінде бәрі қамтылды. Оны Дағыс­танға шақырдым, шешемнің оны қызындай көруге дайын екенін айтып өттім. Содан кейін бірнеше рет хат алмастық, онда оны әке-шешесі жібермейтіні, мені Мәскеуге келуімді сұра­ғаны тәрізді бірдеңелер. Жас маман есебінде үш жылсыз шыға алмайтынымды, егер ол осы уақытты менімен бірге өткізсе, кейін онымен жердің түкпіріне кетуге дайын екенімді айтып жаздым.

Бірте-бірте хат алысуымыз сирей түсті. Соған қарағанда эпистолярлық роман тек әде­биетте ғана болатын сияқты. Де­генмен, бір күні Мәс­кеуден бандероль келді. Оның ішінен хат пен қорап шықты. Светлана хатта бала кезгі до­сына тұрмысқа шығатынын, ренжімеуімді сұрапты. «Мен саған екеуміз Ригада бірге са­тып алған бойтұмарымды жі­­беріп отырмын. Бұл енді се­нікі. Екеуіміздің бірге бол­ған күндерімізді, латыштың Лиелупе өзенін есіңе салатын болсын. Сол күндер менің өмі­рімдегі ең бақытты, ең жарқын күндерім болды. Сен үшін де солай шығар деп ойлаймын…» 

Қорапты ашып, там­шының бедері бейнеленген, ін­жуден жасалған бойтұмарды ал­дым. Ригада алынған… Ри­гада…

Осы кезде бойтұмарым есі­ме түсті. Оны жолға шығар алдында анам берген. Сенім бойынша ол маған бақыт әкелуі тиіс еді. Жазғы костюмімнің қалтасынан үшбұрыш бой­тұ­марды тауып алдым. Оны ашып, ішіндегі таныс емес әріп­терге қарап тұрдым.

«Жоқ, бұл бойтұмар маған бақыт әкеле қоймады» деп ой­ладым мұңайып. Ең бол­маса, не жазылғанын білер ме еді?! Осы оймен таныс досыма бардым. Досым, алдымен кө­зіл­дірігін киді. Содан кейін қағаздың бүктеуін жазып оқи бастады:

«Қымбатты жас жігіт! Сенің барлық көрген бейнетің лайлы өзен суына батып жоқ болсын, ал өзің достарыңның құшағына батып, шат-шадыман жүре бер. Әумин!»

Енді, маған істейтін не қалды? Бұрынғылардың дана сөздеріне келісіп, досымның жұбату сөздеріне алғыс айтып, жүре беру ғана қалды.

Аударған

Бақтияр МЫРЗАШЕВ.

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<