БІРЛІКТІҢ ҚАДІРІН ҚАЗАҚ БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЙҒАН

351

0

 Әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан есею шағында жастардың әртүрлі  ақпаратқа алаңдап, кездейсоқ ағымның алдында дәрменсіздік танытып қоятын кездері кездеседі. Бұл көбіне алған тәрбиеге, араласқан ортаға байланысты. Бойында ұлттық мінез-құлық қалыптасқан білімді жас өз елінің заңдарын құрметтейді, күш-жігерін халқының әлеуметтік-экономикалық қуаттану жолына жұмсайды.

Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қандай күйді бастан кешті?  Тәуелсіздік жылдары қандай табыстарға жеттік, қандай биіктерді бағындырдық? Осының бәрі жүзеге қалай асты? Мұндай сұрақтардың жауабын іздеген адам бүгінгі замана келбетінен дөп басып табады.

Ал, енді барды көрмей, бастағанға ермей, «алатайдай бүлінгендерге» қосылып, елдің ауызбірлігіне, қауіпсіздігіне сызат салатын жас буынның қылығына қалай баға беруге болады? Бұл елін, халқын, Отанын құрметтемей, өзі болғандай өктемшілдің, кеудемсоқтықтың ісі емес пе?! Мен әсіреқызыл әбіләзовшілдерді, егемен елінен жырақтап жүрген жырындыға жақ болып жүрген жастарды айтып отырмын. 

Қазақта қай кезде де бірліктен артық қасиет болмаған. Халқымыз ақтабаннан да, аштықтан да, жоқтықтан да бірлік пен тірлікті паналап аман қалған. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп өсиет қалдырған.

«Бірлік – баға жетпес байлығымыз. Тұрақтылық – біздің татулығымыздың берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз».   Кең-байтақ елімізде жүзден аса ұлт өкілдері бірлікті ту етіп, өмір сүріп келе жатыр.

Сол бірлікті баянды ететін де жастар, өйткені келешек сендердің қолдарыңда, жас өркен.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,

ҰҒА академигі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<