ЕҢБЕГІ ЕРЕН, ІСІ ҮЛГІ

1557

0

ЕҢБЕГІ ЕРЕН,  ІСІ ҮЛГІ Сыр өңірінің өсіп – өркен­деуіне, әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына үлес қосу арқылы абырой тұғырына көтерілген сыйлы тұлғалар қатарында Исағали Жұмағұлов ағамыз бар.

Біз ол кісінің жұмыс барысында атқарған қызметін, ел үшін еткен еңбегі мен төккен терін және жұмыс жасау тәжірибесін көзімізбен көрдік, тәлімін алдық.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерін түлетуге атсалысқан жандар туралы кейінгі толқын білуі керектігі атап көрсетілген. Елеулі еңбек еткен перзенттердің жарқын істерін үлгі ету қажеттігі айтылған.

Міне, сондай елжандылы­ғымен туған жердің дамуы­на айрықша қызмет еткен жандардың бірі Қармақшы ауданы, «Қармақшы» қой совхозының директоры қызметін 33 жыл бойы атқарған Исекең осы қызметке ауылдағы мектептің мұғалімі, партком хатшылығынан көтерілді. Ол халқына суықта пана, ыстықта сая бола білді. Оның елжандылығын жас ұрпақ біліп өсуі тиіс, сондықтан тарихқа тағы бір шолу жасаудың артықшылығы жоқ сияқты.

1938 жылы 13 маусым күні Иіркөлдің жағасында туған Исекең ауыл балаларына тән асық ойнап, атқа шауып, пішен орып, отын дайындап, мал жайғап шынығып, шымыр болып өсті.

Оның көшбасшылық қасиет­тері мектеп қабырғасында қа­лып­тасты. Өзінің таудай тала­бының арқасында 1956 жылы Қы­зылорда педа­гоги­ка­лық инс­ти­тутының химия-биология факультетіне түсіп, оны 1961 жылы ойдағыдай бітіріп, диплом алды. Еңбек жолын Қармақшы совхозындағы №113 мектепте химия-биология пәнінен сабақ беруден бастады, ал 1964-1967 жылдары оқу ісінің меңгерушісі болып, көп жаңалықтар енгізді.

Талапты жасты аудан басшылары 1967 жылы «Қармақшы» совхозы партия комитетінің хат­шы­лығына сайлады, ал 1975 жылдан 1996 жылға дейін 21 жыл аталған совхоздың директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Кейін «Қармақшы» серіктестігін ашып, басқарды.

Кеңес Үкіметі кезінде Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізу саясаты тұрды, мұны ел «екінші тың» деп атады. Осы қаулыны орындау мақсатында облыста Қызылқұм және Қарақұмда жаңадан 10 қой совхозы ашылды, соның бірі «Қармақшы» совхозы еді.

Жаңалыққа жаны құмар Исекең үнемі іздену үстінде болды, облыс , аудан басшыларының алдында Қарақұмды игеру мәселесін қойды, сөйтіп ен далада 100-ден аса ұңғыма қазылып, жаңадан жайылымдық жер игерілді. Совхоз орталығынан 250 шақырым қашықтықтағы «Тышқан тамы» елді мекенінен жаңадан бір ферма ашты, жалпы қой басын 60 мыңға жеткізді.

Ферма орталығында халыққа барлық жағдай жасалынды. Мектеп ашты, жаңадан көптеген тұрғын үйлер, мал қоралары, сау­да орталығы, монша, тағы басқа құрылыстар салынды. Аэропорт қатынасын жолға қойды. Халықты ынталандырды, соның арқасында қой бағамын деп, тілек білдірушілер көбейді.

Шабындық жайылымды кеңейту мақсатында ұзындығы 20 шақырымның «Жұмағұл» каналын қаздырды. Совхоз орталығы да гүлдене бастады, бұрынғы шаңы шығып жат­қан кішкентай ауыл қала типтес қалашыққа айналды. 624 орындық мектеп, емхана, 4 шақырымдық су құбыры,  қонақ үй, балалар бақшасы, кең­се үйі, көптеген тұрғын үйлер, кірпіш зауыты, 5000 басқа арналған қой бордақылау алаңының құрылыстары салынып, халық­тың барлық жағдайы жасалынды.

1983 жылы бірінші рет Одақ бойынша жеңімпаз атанып «Қызыл Туды» жеңіп алды, себебі 1975 жылмен салыстырғанда, қой 30 мың бастан 60 мыңға, жылқы 300-ден 1000 басқа, түйе 250-ден 750 басқа өскен еді.

Аталған совхозға жиі баратынмын, себебі шаруа­шылықтың өз күшімен жылда құрылыс салынатын, 2 миллиондай кірпіш шығарылатын, семинарлар өткізілетін.

Бір күні Исекеңе:

– Осы табысқа қалай жеттіңіз?

Исекең:

– Бұрын біздегі қой шаруашы­лығының нашар дамуының себебі, шопандарға еңбекақы тө­леудің төмендігі еді, осыған байланысты малшылардың ын­тасы болмады, өз істеріне еш­қандай да қызықпады, мал ба­ғуға барғысы келмеді, – деді мақтанышпен.

– Сондықтан шаруашылық есепке көштік, мердігерлік әдіспен жұмыс жасадық, оларға бар мәдени-тұрмыстық жағдай жасалынып тұрды, еңбекақы түпкі нәтижеге байланысты төленді. Өнім өндіруге кеткен шығындардың барлығын ұстап қалып, қалған пайының 40 ппроцентін жұмысшыларға жылдың аяғында төледік.

Осындай жұмыстардың нәти­жесінде бұрын үнемі шығынмен келе жатқан шаруашылық 1977 жылдан бастап біртіндеп пайдамен жұмыс істей бастады. Рентабельдік 58 пайызға дейін жетіп, түскен пайданың есебінен, совхоз өзін-өзі қаржыландыруға жетті, елдің мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлары жақсара түсті.

Шаруашылықтың осындай табыстары үнемі бағаланып, марапатталып отырды.

1978-1980 жылдары облыс­тың озат шаруашылығы атанып, «Құрмет тақтасына» жа­зылды. 1981 жылдан бас­тап Республиканың озат шаруа­шылығы, 1982 жылдан СОКП Орталық Комитетінің, КСРО-ның, ВЦСПС, ВЛКСМ-нің ауыспалы «Қызыл Туы» мен Құрмет грамотасын 7 рет жеңіп алды.

Облыс басшылары «Қармақ­шы» совхозының осындай жетістіктерін облыстың барлық шаруашылықтарына паш етіп, озат тәжірибе мектебіне айнал­дырды, семинарлар ұйым­дас­тырылды. Облыс басшылары Исе­кеңді басқа лауазымды қыз­метке де ұсынды. Бірақ Исекең: «қызмет қайда кетер дейсің. Ауылыма, халқыма әлде де істей алмай жатқан жұмыстарым бар еді», – деп жауап берді.

Ол туған жерін, халқын шексіз сүйді. Оның ауылын Марал баба немесе Ишан ауылы деп атайтын. 

Егемендік алғаннан кейін жекешелендіру саясаты жүрді. Сол кезде совхозды 20 жылдан астам басқарған директорларға шаруашылықтың 20 пайыз үлесін беру тиісті болатын, бірақ Исағали аға жомарттық жасап, тиесілі үлесін алмай, ортақ меншікте қалдырды. Шаруа­шылықты таратпай, серіктестік ашып, жұмысын әрі қарай жалғастыра берді, қазір асылтұқымды түйе өсірумен айналысып жатыр.

Исекең сол Марал бабаның ұрпағы, осы ауылда табан аудармай 50 жылға жуық еңбек етті, оның халқына адалдығын осыдан айқын көруге болады. Өзі өнеге тұтқан жандардан алған өмір мектебін үлкен ілтипатпен, зор ризашылықпен айтып отырады.

Исағали аға облыстық, аудандық партия комитет­терінің пленум мүшесі болып бірнеше рет сайланды. Еңбегі ескеріліп, 1983 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерекше ерлігі үшін» медалімен, 4 рет ВДНХ-ның медальдарымен марапатталды, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы».

Құдай қосқан қосағы Кеніш Смайылқызы апамызбен 8 ұл-қыз өсіріп, оқытып тәрбиеледі. Ұлын ұяға қондырды, қызын қияға ұшырды. Немере, шөбере­лері өсіп-өркендеп жатыр.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы

ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<