Естайдың «Қорланы»

2004

0

Сурет ашық дереккөзден

Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Мұзафар Әлімбаевтің:

«Қыз Қорлан хор қызындай тамсандырған,

Естайға әлемде жоқ ән салдырған»,

– деп Қорланды жырға қосқанын білеміз. Екі қатарда қаншама мазмұн жатыр. Сұлулық пен айшықты әннің болмысы айқын көрініп тұрған жоқ па?! Қорлан – қас сұлудың өзі, Естай – дүниеге жар салып, сүйгеніне ғажайып ән арнаған жалынды махаббат иесі. «Қорлан» әнін Ахмет Жұбанов «Қазақ әуенінің жауһары» деп бағалаған. Расында, қазақ даласында шалқыған ән өзіне дейінгі «Қозы көрпеш-Баян сұлу», «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты ғашықтық жырларының жалғасы іспетті. Содан да болар, ХІХ ғасырдың соңында туған ән бүгінде дүниенің төрт бұрышына тарады.

Ән тарихын айтпас бұрын Естай кім, Қорлан кім? Қысқаша дерек берейік. Естай Беркімбайұлы (шын аты Есмағанбет) 1874 жылы (кейбір деректерде 1868 жылы делінеді) Павлодар облысы Ақтоғай ауданының «Талдықамыс» ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге әуес болып өскен бала 16 жасында әдепкі «Шолпан аққан» деген әнін шығарды. Осыны тыңдаған Біржан сал: «Баланың дауысында аруақ бар екен, түбінде мықты әнші болар» депті. Жалпы Естай 35 ән жазған деседі. Есімін жер-жаһанға танытқан әні – «Қорлан». Оны алғаш нотаға түсірген Александр Затаевич. Ол ел арасынан бірнеше нұсқасын табады. Негізгі нұсқаны Майрадан алған. Майра Уәлиқызы Естайдың түгелге жуық әндерін білген және келістіре орындаған. Керекудің бұлбұлы, әйгілі Майраға арнаған Естайдың «Юран-ай» дейтін әні бар көрінеді. Юран Майраның лақап аты екен. Естай Беркімбайұлымен бірнеше рет кездесіп, оның бірсыпыра әндерін жазып алған композитор Борис Ерзакович дейді. Дәстүрлі әншілер орындап жүрген «Бір мысқал», «Сандуғаш», «Қоштасу» атты тағдырлы әндері көпке белгілі, «Жайқоңыр», «Майдақоңыр», «Қаракөз», «Назымгүл» әндері де – халық жүрегінен орын алған туындылар.

Естай Беркімбайұлы екі ұл, екі қызды болған. Тума-туыстарының айтуынша ер балаларынан ұрпақ қалмаған. Жәкөш деген баласы жастай дүние салған, ал Жәнәбілі Отан соғысынан оралмаған. Қыздарынан ұрпақ қалған екен. Зекен, Зейнеш деген немерелері беріде дүниеден өткен. Олардан тараған жұрағаттар бар көрінеді.

1939 жылы Мұхтар Әуезов, Жамбыл Жабаевпен бірге Қазақстан Жазушылыр одағының ІІ съезіне қатысыпты. Осы жылдың күзінде оған «Қазақстан Республикасының өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» атағы беріледі. Естай ақын Қасым Аманжоловпен кездесіп, дауылпаз ақын «Қорлығайын» атты драмалық поэма жазады. 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойына шақырылған. Кенен Әзірбаевпен бірге Қазақстан Композиторлар одағының жиынында сөз сөйлеген. Ақын Мұзафар Әлімбаев «Естай-Қорлан» поэмасын жазған. Қазақтың маңдайына біткен бірегей тұлға, артына өшпестей әндер қалдырған ақын, әнші-сазгер Естай Беркімбайұлы 1946 жылы 72 жасында дүниеден озды. Павлодар қаласындағы үлкен мәдениет сарайы мен бір көше оның атына беріліпті. Екібастұздағы музыка мектебі халық композиторының есімімен аталған. Естай Беркімбайұлының 125 жылдығына орай Павлодар өңірінде өткізілген мерейтойдың барлық іс-шараларына оның өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалым Төлеутай Ақшолақов, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Зейін Қоспақов, композитор Борис Ерзакович, сол кездегі республикалық баспасөз орталығының жетекшісі Ербол Шаймерденов қатысты. Осыдан соң екі жылда бір рет дәстүрлі әншілер байқау-конкурстары өтетін болған.

Енді Қорланға келейік. Қорлан Сұлтанқызы 1878 жылы туған. Әкесі Сұлтан атақты би, әкесінің ағасы Сұңқар болыс болған. Бұлар «Қаранай» деген жердегі ең бай адамдар екен. Естаймен 1896 жылы кездескен. Апалы-сіңлілі екі қыз Құсни мен Қорлан көрші ауылдағы тойға барады. Ол кезде Қорланның жасы 18-де болса керек. Ақкөлдің Иса деген бір мықты азаматы да сол тойға шақырылып, қасына жасы жиырмадан асқан Естайды ертеді. Сол уақытта ел арасында атағы шыға бастаған Естайдың келгенін біліп, кешқұрым ауыл жастары сауық кешін ұйымдастырады. Естай Қорланмен сол кеште кездесіп, бір-бірін шын ұнатып қалады. Қазақтың сол кездегі салты бойынша қыз Қорлан атастырылып қойылған еді. Атастырған жері де мықты, бір басына он жеті мың жылқы біткен Қуат байдың шөбересі Нұрмұхаммед деген жігіт. Көп ұзамай Қорлан ұзатылып кете барады. Ғашықтық дертіне ұшыраған Естай осы оқиғадан соң, «Қорлан» әнін шығарған ғой.

Бұл ән – құрылымы жағынан да, әуезділігі жағынан да теңдесі жоқ туынды. Қазақ композиторларында бұрын-соңды кездеспеген бөлек бір классикалық ән десек қателеспейміз. Себебі, небір атағы дардай композиторлар мен кәсіпқой музыканттарды таңғалдырған. Бірнеше бөліктен тұрады. Әуелі жайбарақат басталып, орта белге келгенде көтеріледі де, одан әрі шырқау биікке самғап барып, қайта түседі. Осы жерде ән мәтініне назар аудара кетейік:

– Бір қыз бар Маралдыда Қорланғайын,

Табиғат берген екен күн мен айын.

Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,

Дариға арманым көп не қылайын.

Ахау, арман,

Құсни-Қорлан,

Екі-ай бағылан,

Екеуі туған екен бір анадан.

Бозбала қалма қапы бұл жалғаннан,

Жігітте арман бар ма сүйгенді алған,

Өзіңдей боп жан тумас,

Туса туар, артылмас,

Бар ғаламды шарықта,

О, дариға ләулік тас,

Бағдат, Мысыр, Шың, Машын,

Іздесем Қорлан табылмас.

Мұқият тыңдаған кісіге әннің екі қайырмасы бар сияқты сезіледі. Бірақ екі қайырманың ортасы көркемделе қабысып, сазды әуендер бір-бірімен гармониялық үйлесім тапқан. Міне, әннің ерекшелігі де, ғажайыптылығы да осында жатса керек. Жоғарыда айтқандай әннің нұсқалары да, орындаушылары да аз емес. Олай болуы да кешірімді. Себебі, әуел баста нотаға түспей тұрып, ауызекі тараған. Екіншіден, әсем әнге қызыққан әр әнші бұл күрделі шығарманы өз қабілет-қарымы мен мүмкіндігінің жеткен жеріне дейін орындап отырған. Бір сөзбен айтқанда, деформацияға ұшыраған. Қайсыбір айтушыларда (арасында белгілі әншілер бар. Т.Е.) «Өзіңдей боп жан тумас, туса туар артылмас» дейтін жері жоқ. Ал бұл бізге ең керегі, яғни әннің кульминациясы. Жүсіпбек Елебековтей орындаса ғой шіркін! (Осы жолдардың авторы 1964 жылы ауылдың шағын сахнасында Алматыдан келген күміс көмей әнші-ұстаз Жүсекеңнің орындауындағы «Қорланды» алғаш рет ықыласпен тыңдаған еді. Т.Е.)

Ән бүгінде Қайрат Байбосыновтан бастап, біраз әншілердің репертуарына енген. Арасында Димаш Құдайберген де бар. Бір айта кетерлігі «Қорлан» әні «Ер Тарғын» операсына енген. Жерлесіміз, ақын-драматург Иран-Ғайып «Естайдың Қорланы» дейтін пьеса жазды. Естайдың көбірек айтылып жүрген әні – «Сандуғаш». Бұл әнді де орындаушылар аз емес. Атап кетер болсақ, әнді әдепкі орындаған жоғарыда атап кеткен Қазақстанның халық артисі Қайрат Байбосынов болса, қазір айтушылар Клара Төленбаева, Сандуғаш Тұрарова, Ерке Есмахан осылай жалғаса береді. «Сандуғаш» – Естай Беркімбайұлының өмір туралы философиялық тұрғыда ой түйіп, дүниеге әкелген кең тынысты әні. Тәрбиелік мәні бар деп те білсек керек.

Ендігі сөз Қорланның Естайға сыйлаған жүзігі жайлы. Қыздан туған жиені Зекен Естаева атасының қолында жүзіктің болғанын растайды. «Қыздың көзі қызылда демекші, біз «Ата жүзігіңізді беріңізші» деп сұрасақ, «Жоқ болмайды, бұл Қорлан берген жүзік» дейтін» дейді.

Ақын Мұхтар Шаханов «Ғашықтық ғаламаты» балладасының кіріспесінде былай деп жазады: «Атақты Естай 72 жасқа келіп, тіршілікпен қоштасар сәтінде жанұшырып жан досы Нұрлыбекті іздепті. Екі күншілік жерде тұратын досы аттан құлап аяғын сындырып алғанына қарамастан, арбаға жанбастай жатып, Естайға жеткен екен дейді. Сонда Естай сұқ саусағындағы алтын жүзігін көрсетіп: «Сүйегіме кіретін кісілерге ескертерсің, мына жүзікті жарты ғасыр шешпей келгенімді білесің, шешпесін, ана дүниеде де жарқырап қолымда жатсын. Сезімін кішкентай жүзікке сыйғызған қайран Қорланым-ай» деп көзін жасқа шылаған екен…».

Қорлан өмірлік жары Нұрмұхаммедпен сыйластықта, тату-тәтті өмір сүріп, бес балалы болыпты. Олар 1930 жылдарға дейін алаңсыз ғұмыр кешкен. Алайда, Кеңес үкіметі байларды кәмпескелеп, жер аударған уақытта қуғын-сүргін нәубеті Нұрмұхаммедті де айналып өтпеген. Ол Приморскіге айдалып кетеді. Елді ашаршылық жайлап, бір үзім нанға зар болған кезеңде жанұшырған Қорлан күздің қара суығында арып-ашып, бес баласын Алтайдағы төркін жұртына әрең жеткізеді де, 59 жасында, яғни 1937 жылы көз жұмады. Қорлан өмірін тереңірек зерттеген Қазақстанның мәдениет қайраткері Қуат Есімханов бертінде жерленген жерін іздеп тауып, құлпытасына мынадай екі қатар өлең жаздырыпты:

«Дариға, өлмейтұғын әнге айналған

Дүниеге қайтып келмес, қайран Қорлан».

Қорланның әпкесі Құсни туралы дерек іздегендер, оның ішінде жоғарыда айтқан Қуат Есімханов та бар, ештеңе таба алмаған. Өсіп, ержете бастаған Қорланның үш баласы соғыс жылдары майданға аттанады. Бір үйден екі немесе үш адам соғысқа алынса, репрессияға ұшыраған әкелері немесе бірге туғандары айдаудан босатылсын деген заң шығып, Нұрмұхаммед 1943 жылдың көктемінде елге оралады. Келгесін бар жағдайға қанығады. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ, шаңырақ көтер» деген ағайындарына: «Екінші Қорлан жоқ ғой» деп жауап қайтарыпты. Нұрмұхаммед 1966 жылы 94 жасында, яғни Қорланнан 29 жыл кейін қайтыс болады. Ал Естайдың «Қорланы» күні бүгінге ел аузында, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Темірбек ЕСЖАНОВ,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан

Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<