Гүлшара Әбдіқалықова Абай күнімен құттықтады

249

0

 Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарды Абай күнімен құттықтады.

Қадірлі қызылордалықтар!

Биыл – қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы, ғұлама ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы»,- деген өнегелі сөзі бар.

Ұлы Абайды ұлықтау арқылы халқымыздың ұлттық қадір-қасиетін, рухани-адамгершілік құндылықтарын, әдебиетіміз бен мәдениетімізді әлемге тағы бір қырынан кеңінен таныта аламыз.
Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтой жылы болып аталды.

Ел Президенті мерейтой жылына орай Абай шығармаларын оқу эстафетасын кішкентай Ләйлімнен қабылдап, жалғастырды. Бұл челлендж тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді шарлап кетті десе болады. Әлемнің атақты адамдары түрлі тілде оқыған ақын шығармалары Абай кеңістігінің кеңейіп, халықаралық деңгейге шарықтағанын көрсетті. Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталатын болады.

Жақында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз – АБАЙ КҮНІ болып жарияланды. Алдағы уақытта бұл күн жыл сайын халықтық мейрам ретінде өткізіледі.

Сонымен бірге, жуырда ақпарат кеңістігіне «Ақыл-ойдың айнасы» деген ұранмен «ABAITV» телеарнасы жол тартқаны белгілі.
Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық болып аталды.

Мұның барлығы Абай ақынның ұлылығын дүниежүзіне танытып қана қоймай, кемеңгер ойшыл, ұлы суреткердің уақыт талабын заманынан оза шауып түсінуі, дүниетанымы мен философиялық көзқарастарын тереңінен зерттеп, жаңаша танып-білуімізге жол салары сөзсіз.

Биылғы мерейтойлық жылда көптеген ауқымды ғылыми-танымдық, мәдени-әдеби шаралар жоспарланған еді. Алайда, дүниежүзін дүрліктірген коронавирус шаралардың барлығын онлайн форматта өткізуге мәжбүр етті.

Ауыр індеттер Абай замында да болған. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының «Түн-түнекте» тарауында: «Бұл қалаға жаман науқас келіпті. – Құдай ұрған іш ауруы. – Ар жақ-бер жақтан күнде әлденеше адам өліп жатыр. – Мәлік келгендей. Шыбындай қырылып жатыр. – Аты не дейді? Адам естімеген қу науқас бір. Жұрт қашып жатыр қаладан»,- делінген. Сол кезде халыққа індеттің қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру мақсаты тұрды. Әсіресе жаназа рәсімдеріне баса мән беру керек болды. Абай Құнанбайұлы өзі білетін Сармолла есімді молда арқылы «Қаза болған адам үйіне, жаназаға мүмкін қадарынша халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келіп-кету болмасын. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тараттыру, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын! Көп молда, шәкірт, мәзін, қарилер бұдан былай осы махаллада барлық ауырып өлген адамдардың үйлеріне қаптап барып, басқа үйлерге және қаптап жүрулерін тоқтатсын» деген сөзін жеткізді.

Тіпті ол халық арасында бас тазалығын сақтау жөнінде базарларды аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қолды қалай дұрыс шаю керектігіне дейін көрсетті. Алайда оған құлақ аспағандар көп болды. Бірақ Абайды тыңдағандар аман қалды. Осылайша ұлы ойшыл халыққа Cақтану Формуласын көрсетті.

Қымбатты жерлестер!

10 тамыз – Абай күні мерекесі баршаңызға құтты болсын!

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған? деген сөзімен өзіне ескерткіш қалап, ұрпағына өшпес өнеге, өлмес білімді асыл мұра етіп қалдырған ұлы Абай әлемі – шексіз әлем.

Абай мұрасы – мәңгілік!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз