«Яш Түркістан»: Он екі томдық отанына оралды

2317

0

Кеңестік жүйе Түркістан Мұқтариятын құлатып, Қоқанды қанды қырғынға айналдырып, өзін ұстап берген адамға 1000 сом тігілгеннен соң Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болды. 1918 жылғы мамыр айында Ташкенттен шығып, түрлі жағдайларды бастан кешіп, Грузия Демократиялық Республикасына жетіп, онда екі жылдай тұрды. Орджоникидзе бастаған қызылдар Тифлисті басып алғаннан соң Батуми арқылы Түркияға кетті.

Онда көп бола алмай 1921 жылдың мамырында Францияға жетіп, Парижде тұрақтады. Онда саяси жұмысын қаламның ұшымен жалғастырды. Алғашқы кезде мақалалары әртүрлі газет-журналдарда, ал 1921 жылдың 26 қарашасынан 1930 жылдың 26 қаңтарына дейін босқын орыс лидерлері Керенскийдің «Дни» және Милюковтың «Последние новости» газеттерінде 150-дей мақаласы жарияланды. Бұл И.Сталиннің 1925 жылдың 29 мамырында РКП (б) Қырғыз өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне арнайы хат жолдауға мәжбүр етті. Ондағы мәтін мынандай болатын: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси жəне идеологиялық тəрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен жəне еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда – автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi əбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық жəне саяси күйреуiмен теңбе-тең».

Француз тіліндегі мақалаларының басым көпшілігі «Оrientеt Оcсident» және «Прометей», ағылшын тіліндегілер Лондонның «Орталық Азия Корольдік Қоғамының журналдарында, «Азиатик Ревю» («Азиялық шолу») секілді басылымдарда жарық көре бастады. Дегенмен тек Түркістан мәселелеріне арналған бір баспасөз органының жоқтығы сезіледі. Бірақ материалдық мүмкіншіліктердің тапшылығына байланысты жеке орган ұзақ уақыт шыға қоймады. Ақырында «Прометей одағы» құрылғаннан кейін, Польша өкіметінің көмектесуі арқасында, бұл қиыншылық жойылды. Оған нақты дәлелдеріміз бар. Мұстафа Шоқай 1926 жылдың 4 және 31 қазан күндері сол кезде Варшава ұлттық мәселелер институтының директоры, кейін Польшаның сыртқы істер министрлігінің Шығыс бөлімінің бастығы Тадеш Голувкоға жазған хатында ай сайын шығып тұратын басылым туралы, оған керек қаражат, оның шығатын орны Стамбул, т.б. мәселелерді көтерген еді.

Түркістан Ұлттық одағының 1927 жылы ақпан айында қабылдаған шешімі бойынша, Стамбулда «Йени Түркістан» атымен журнал шыға бастады. Алайда көп ұзамай Стамбулдағы баспасөз органының жеткіліксіз болғандығы байқалды. Содан 1929 жылы Берлинде «Яш Түркістан» атты Түркістан Ұлттық одағының баспасөз органы ретінде екінші журнал жарық көрді. Мұны Польша үкіметі мен президенті Маршал Пилсудский тарапынан құрылған «Лихиепрометеи» ұйымы қаржыландырды.

Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы жалынды туы болған басылымның мақсаты – Түркістанның кеңестік шындығы, тәуелсіздігі идеясын насихаттау мен халқының өзін-өзі басқару құқығына қол жеткізу жолындағы күресі еді. Журнал ғұмыр кешкен он жыл кеңес одағы тепкісінде болған бодан халықтардың тарихындағы қасіретті оқиғаларға толы болды. 1928-1938 жылдар арасында болған бай-кулактарды тәркілеу, тап ретінде жою, аштық апаты мен саяси құғын-сүргін оқиғалары «Яш Түркістан» журналының негізгі тақырыптарына айналды. Кеңестік Ресейдің бұрынғы патшалық Ресейдің тікелей мұрагері екенін дәлелдеді. Оның отаршылдық саясаты бүкіл әлемге әшкереленді. Большевиктер артқы шепке ығыстырып тастаған ұлттық мүдделер мен ұлттық мұраттар алдыңғы шепке шығарылды. Отарлықтан көмескі тартқан ұлттық рухты оятты.

Журналдың Берлинде шығуының мынандай себептері болды. Біріншіден, Еуропадағы елдер арасында кеңес одағының ықпалы ең аз ел Германия болатын. Екіншіден, Мұстафа Шоқайдың өз сөзімен айтқанда, 1922 жылдың соңында Еуропаға, әсіресе, Германияға Түркістаннан оқуға келген бір топ жастар «Яш Түркістанның» таянышы болды («Яш Түркістан» №97). Үшіншіден, «Яш Түркістан» арап әріптерімен шықты. Ол кезде арап әріптерін қолданатын баспахана кез келген Еуропа қалаларында табыла бермейтін. Берлинде арап әріптерімен кітап, журнал басуға болатын.

Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналының ұйымдастырушы әрі бас редакторы болды. Оның қаламгерлік қарымы мен саяси-құқықтық көзқарастарының қуатын танытатын шығармашылығы осы журналымен тығыз байланысты. Өзі Женент, Аткелтір деген лақап аттарды да пайдаланды.

«Яш Түркістан» журналы 1939 жылы қыркүйек айында немістердің Польшаны жаулап алуымен және Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен өз жұмысын тоқтатты. Себебі соғыс басталғаннан кейін журналға жазылушылармен байланыс үзілді, оның үстіне Берлинде журналды үлкен жанқиярлықпен шығарып тұрған, Мұстафа Шоқайдан басқалар Түркияға кетті.

Бас аяғы он жылда журналдың 117 саны жарық көрді. Осы кезге дейін журналда Мұстафа Шоқайдың 224 еңбегі жария етілді деп келдік. Жақында он екі томдық шығармалар жинағындағы шағатай-түрік тіліндегі мақалаларды талдау барысында жоғарыдағы топқа енбей қалған 50 еңбек табылды. Биыл Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жыл толуына байланысты бұрынғы таңдамалыларының үш томдығын төрт том етіп қайта шығаруды жоспарлап отырмыз.

Түркістанның саяси, экономикалық, әдеби және мәдени мәселелеріне терең талдаулар жасаған «Яш Түркістан» журналының алғашқы санында-ақ Мұстафа Шоқай ашық түрде: «Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік талаптары мағынасын бұзбастан, күшін азайтпастан «Яш Түркістан» беттерінде айта алар болсақ, біздің баршамыз үшін қасиетті және үлкен жауапкершілікті міндеттің бір бөлігін жүзеге асырған боламыз» деген болатын.

Басылымдағы мақалаларының құндылығын айқындаған жыйт ондағы тұжырымдар мен деректердің сенімділігінде еді. Оған кеңестік баспасөз бен басшы қызметкерлердің мәлімдемелері пайдаланылды. Олар «Еңбекші қазақ», «Қызыл Өзбекстан», «Түркіменстан», «Йени Ферғана» секілді түркі тілдеріндегі газеттер мен «Правда Востока», «Советская степь», «Революционный восток», «Правда», «Запартию» секілді орыс тіліндегі журналдар, т.б. басылымдар болды.

Мұстафа Шоқай журналдың атын «Яш Түркістан» деп кездейсоқ қойған жоқ, бұл қайта саналы түрде жасалған таңдау болатын. Бұл ұлы тұлғаның: «Біз тәуелсіз Түркістанымыз үшін қажетті барлық нәрсені жас ұрпақтан күтеміз» деген жастарға сенімінен туындаған еді.

«Яш Түркістан» журналында қолданған ерекше түркі тілі басылымның баспасөз саясатына сәйкес болатын. Журналды алатын жиырмадан астам мекенжайлар, оның 885 данасының он тоғыз мемлекетке және Мәскеу, Тифлис, Баку және Түркістанға тарауы осы тіл саясатымен бүкіл түркі әлеміне түсінікті болуды мақсат етумен бірге Түркістанда жаңа дамып келе жатқан түркі тілдеріне бағыт-бағдар беруді де көздеді.

Сөзімнің соңында Мұстафа Шоқайдың бүкіл шығармашылық өмірінде «Яш Түркістан» журналы ерекше орын алатынын тағы да атап өткім келеді. Егер Орта Азия мен Қазақстанда құрылған тұңғыш жаңа типтегі мемлекеттік құрылым – Түркістан Мұқтариятының басшысы болуы оның саяси қызметінің шыңы десек, «Яш Түркістан» журналында жарияланған мақалаларындағы саяси-әлеуметтік ой-тұжырымдары болашақ тәуелсіз ұлттық мемлекеттің саяси-құқықтық қаңқасы еді. Оған бір баспа табақтан астам жиналған кемел сөздер дәлел бола алады.

Жақында Берлиндегі Елшілік пен Германиядағы қандастарымыз бірігіп шығарған түркістандықтардың тәуелсіздік үшін күресінің жалынды туы болған журналдың он екі томдық толық жинағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасына тапсырылды. Шығарушыларға айтар алғысымыз шексіз дегіміз келеді.

Әбдіжәлел Бәкір,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

профессоры,  саяси ғылымдар докторы, Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<