Келелі кездесу

898

1

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлымен кездесті. Жүздесу барысында аймақ басшысы сөз өнері мен руханияттың дамуына елеулі үлес қосып жүрген Бағдат Кәрібозұлына құрмет білдірді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

– Сіздің жас ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі еңбегіңіз – өз алдына бір белес. Қырық жылға жуық өңіріміздегі іргелі оқу орнында қызмет етіп, сонымен бірге Қорқыттануға, өлкетануға байланысты қыруар жұмыстарды атқардыңыз. Шығыс хал­қына ортақ құнды мұралардан бастап, әдебиет әлемінің бүгінгі есімдеріне де­йінгі аралықты қамтыған 200 томдық «Сырдария кітап­ханасының» жауапты редакторы болып, жергілікті қаламгерлер шығармаларының жарыққа шығуына атсалыс­тыңыз. Ел ішіндегі фольклорлық мұраларды жинақтап, ұрпағымыз­дың төл тарихын тануына да өлшеусіз еңбек сіңіріп келесіз, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Бағдат Кәрібозұлы кездесуге шақырып, ілтипат танытқан облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, рухани-мәдени бағыттағы келелі ұсыныстарын жеткізіп, ой бөлісті. Атап айтсақ, саңлақ жырау Базар Оңдасұлының 180 жылдық мерейтойын облыс деңгейінде атап өту және Қырымбек Елеуұлының қолдауымен басталған «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» жобасына сай жинақ шығаруды ұсынды.

Облыс әкімі Сыр елінің рухани-мәдени кеңістігінде мол мұра ретінде қалатын жинақ шығару ісін қолдайтынын және айтылған ұсыныстарға ерекше мән берілетінін айтып, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.

Еске салайық, Б.Кәрібоз­ұлының басшылығымен университеттің бір топ ғалымдары Қорқыттану бағытында ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, 2019 жылы «Қорқыт ата туралы аңыздар мен әңгімелер» хрестоматиялық жинағы шығарылды. «Менің Отаным-Қазақстан» сериясы бойынша «Қазалы», «Қызылорда», «Сырдария», «Жаңақорған», «Қармақшы», «Отан үшін от кешкендер» кітаптары жарық көрді.

Пікірлер:
  • Бағдат Кәрібозұлы Сыр елінің маңдайына біткен біртуар азамат. Ғұмырлы болыңыз! Қаламыңыз талмасын! Ғылым жолындағы еңбегіңізге табыс тілеймін!

Пікір жазыңыз