Кеңістікті кеңейткен көптомдық

757

0

Өткен жылдың соңына қарай Сыр өңіріндегі ақпарат құралдарының тарихын тұңғыш рет толыққанды зерделеген еңбек – «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдық жарық көргенінен оқырман хабардар. Халықтың рухани-мәдени өмірінің айнымас бөлшегі, ой кеңістігін дамытушы әрі қоғамдық сананы оятушы күш болған басылымдар тарихы, электронды ақпарат құралдарының өсу жолы, жаңа медианың бет-бейнесі сипатталған көптомдықты парақтағанда бір ғасырдың бедері көз алдыңызға келеді.

Өткен аптадан бастап бестомдықтың жалпы редакциясын басқарған «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев шығармашылық жұмысшы топпен бірге Сырдария, Жаңақорған, Шиелі, Арал және Қазалы аудандарында болып, оқырмандармен жүздесті. Мақсат – ардагер қаламгерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, құрмет көрсету. Осы ретте олардың Сыр журналистикасындағы еңбектері айтылып, бестомдық жинақ тарту етілді.  Біз кәсіби мереке қарсаңында осы еңбекті жазушылар зерттеуіне арқау болған, тарихқа қатталған оқиғаларға тоқталуды жөн көрдік. Сөйтіп қазақ журналистикасына қосылған сүбелі дүниенің тағылымына тағы бір рет бойладық.

Қызылорда астана болғанда

1925 жылы астананың Қызылордаға қоныс аударуы халықтың рухани өміріндегі серпіліспен ерекшеленді. Сол жылы жазда республикалық басылымдардың барлығы осында көшірілді және 1 қазандағы мәліметтерге қарағанда газеттер саны 31-ге жеткен.

Негізі Қызылордада қаланған басылымдардың бірі – «Ауыл тілі». Бұл басылымды тұңғыш салалық газет деп айтуға болады. Төрт беттік газет шаруа жайын, барымта, ұрлық мәселесін, ағарту, денсаулыққа қатысты тақырыптарды қозғаған. Партиялық тексерістің бір есебінде басылымның партия саясаты туралы аз жазатыны, 1916 жыл туралы материалдың көптігі сынға ұшырапты.

Түп бастауын «Теңдік» газетінен алатын «Әйел теңдігі» журнал болып алғаш рет Қызылордада жарық көрді. Кейін «Қазақстан әйелдері» атанған журнал содан бері нәзікжандылардың төл басылымына айналды.

Денсаулық мәселелеріне арналып жарық көрген «Денсаулық жолы» журналында тазалық, жас бала күтімі, жүкті әйелге ақыл-кеңестер, жұқпалы ауруларды таратпау жолдары насихатталды.

Әйгілі «Жұлдыз» журналының «Жаңа әдебиет» атауымен оқырманға тарала бастаған уақыты да осы кезеңге сәйкес келеді. Онда тарихи-танымдық зерттеулер, Абай шығармаларын талдаған ұлт зиялыларының, әлем классиктерінің шығармалары жарияланып тұрған.

Қызылордада тұсауы кесілген баспа құралдарының қатарында қазіргі «Қазақстан мектебі» («Жаңа мектеп»), «Жаршы», «Жыл құсы», тағы басқа басылымдар бар.  

Бестомдықтың тың деректері

«Сыр журналистикасының тарихын» жазу барысында табылған тың деректердің бірі «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторына қатысты. Жылдар бойы газеттің алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов деп жазылып келді. Бірақ журналист Әбу-Сәлім Жаманқұловтың архивтен тапқан деректері 1929 жылдың 4 маусымы күнгі оқиғаны алдымызға жайып салды. Сол күнгі бюрода округтік комитет органы ретінде қазақ тілінде газет шығару туралы мәселе қаралған. Қабылданған қаулыда аптасына екі мәрте газет шығару, оған жауапты редактор ретінде Калюковті бекіту туралы жазылған. Журналист Ә.Жаманқұлов тапқан деректерді Ресей Федерациясы мемлекеттік кітапханасынан келген құжаттар растады. Газеттің алғашқы нөміріне Батырғали Калюков жауапты редактор ретінде белгіленген.

Ресейден алдырған құжаттар арқылы басылымға алғашқы жылдары қол қойған, редакторлар есімі анықталды. Олар – М.Гатауллин, Г.Сагатов, Ж.Орманбаев, А.Суюнов, А.Тоқмағамбетов, Қ.Сарбасов.

Жалпы «редактор» сөзі газетке 1940 жылдары енгізілгендіктен, оған дейін бұл қызмет «жауапты шығарушы» деп аталған екен. Оған қоса аудандық басылымдарға редактор болған, бірақ аты аталмаған кісілердің деректері жүйеленді.

Тарих қатпарында

Аймақтың ақпарат айдынында желкенін керген барлық газет-журнал, телеарна, радио мен сайттар туралы деректерді тірнектеп жинап, сабақты жібіне дейін түгендеуге тырысқан құрастырушылардың еңбегіне көптомдықтың тұсаукесерінде жоғары баға берілгеніне куә болдық. Осылайша әр өңір өз тарихын түзіп шықса, тұтас қазақ журналистикасының өткені туралы толыққанды дүние жасалар еді. 

Сыр бойы журналистикасында елеулі орны бар, ұзақ жылдар бойы мамандар ұстаханасы болған облыстық радио туралы, онда жұмыс істеген тілшілер жайында бұған дейін жарияланған мақалалар мен түсірілген деректі фильмдер 90 жылдық тарихы бар бұқаралық ақпарат құралы үшін жеткіліксіз еді.

«Сыр журналистикасының тарихында» осы олқылықтың орны толтырылды. Облыстық радио арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылып, оның құрылу, қалыптасу, дәуірлеу жылнамасы жасалды. Әр аудандағы арнайы радиожүйелер, радиохабар ұйымдастырушылар туралы толыққанды деректер бір жерге топтастырылды.

Көптомдықтың тағы бір жаңалығы – 1990 жылдардан бастап жарық көрген тәуелсіз басылымдар тарихының тұңғыш рет жинақталуы. «Ұстаз үні», «Кызылорда таймс», «Нұр», «Тіршілік», «Халық», «Самала», «Ардагер айнасы», «Кәсіпкер келбеті», тағы басқа газеттер, «Сырдария» альманағы, «Жарасымды жанұя» журналы сияқты басылымдар туралы толыққанды ақпарат осылайша тарихқа қатталды.

Қайнар бұлақ

Көптомдық көтерген жүктің салмағын безбендесек,  алдымен тарихпен қауыштырғанына көз жеткіземіз. Ал тарихты тұлғалар жасайды. Сондықтан мұнда құрастырушылар атап өткендей, қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген тарихи тұлғалардан бастап, тікұшақ апатынан қаза тапқан әріптесіміз Сахитжан Бермағамбетовке дейінгі қаламгерлердің дерегі қамтылған. Сосын аға буын мен кейінгі толқынның арасын сабақтап, бір бөлімге топтастырған.

Қазір шеберлік сабақтарын өткізу, ақылы курстар ашып, белгілі бір кәсіпке үйрету белең алған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Жазу да – өнер, оны  жетілдіріп отыру – уақыт талабы. Сондықтан көптомдықта тәжірибелі мамандардың практик ретіндегі ой-толғамдары, ұсыныс-пікірлері берілген. Жас мамандар, талапкерлер журналистер әр практиктің жазбасынан бір пайдалы нәрсе алатыны анық.

Қалам ұстаған қауым мен олардың еңбегі туралы бестомдыққа қолдағы деректер енгізіліп, ғасырға жуық тарихы бар Сыр журналистикасы туралы толымды дүние оқырманға жол тартты. Тарихтың болашаққа сәулесін түсіріп, рухани жарық бергені қандай жарасымды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<